Экология күні қарсаңында журналистер Ақмола облысындағы Красный Яр ауылдық округінде бой көтеріп жатқан жаңа қоқыс сұрыптау және өңдеу кешенінің құрылыс алаңында болды. Жылына 70 мың тонна қалдықты өңдеуге қауқарлы бұл нысан өңірдегі маңызды экологиялық жобалардың біріне айналмақ. Ең бастысы – полигондарға жөнелтілетін тұрмыстық қалдық көлемін айтарлықтай қысқартуға жол ашады.

Жобаға 8 гектар жер телімі бөлінген. Қазіргі таңда мұнда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Компостқа арналған арнайы ванналарды орнату аяқталуға жақын. Сонымен қатар өндірістік және әкімшілік ғимараттардың құрылысы жүйелі түрде жалғасып жатыр.
Ақмола облысы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Батыржан Бауыржанұлының айтуынша, нысанда негізгі бетон конструкцияларын орнату кезеңі аяқталған. Құрылыс толық екі жылға жоспарланып, кешенді 2027 жылы пайдалануға беру көзделіп отыр.
Жаңа кешен іске қосылғанда қалдықтарды басқарудың толық циклі қамтамасыз етіледі. Яғни, сұрыптаудан бастап қайта өңдеу және екінші реттік шикізат алуға дейінгі барлық процесс бір жерде жүзеге аспақ. Мұнда автоматтандырылған сұрыптау желілері енгізіліп, пластик пен ағаш қалдықтарын қайта өңдеу, құрылыс қалдықтарын ұсақтау жұмыстары қолға алынады.
Жобада органикалық қалдықтарды өңдеуге ерекше мән берілген. Арнайы климаттық камераларда табиғи биологиялық процестер арқылы олар техникалық топыраққа айналады. Бұл өнім кейін жерді рекультивациялау және құрылыс саласында қолданылмақ.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қоғамдық кеңесінің мүшесі Мәриям Әбішева атап өткендей, стратегиялық міндет – қалдықтарды көму көлемін азайтып, қайта өңдеу үлесін арттыру. «Әрбір қалдық түрі екінші өмірге ие болып, нақты пайда әкелетін жүйе қалыптастыру – басты мақсат», дейді ол.
Жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асуда. Табиғи ресурстар басқармасы мен «Эко-DUMP» ЖШС бірлесіп қолға алған бұл бастама өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған. Айта кетерлігі, осындай кешендер Бурабай және Зеренді аудандарында да салынып жатыр. Үш нысанның жиынтық қуаты жылына 150 мың тонна қалдықты өңдеуге жетеді.
Кешен құрылысы толық аяқталған соң, өңірде қалдықтарды қайта өңдеу көлемі еселеп артады деп күтілуде. Бұл өз кезегінде полигондарға түсетін салмақты азайтып, экологиялық жағдайды жақсартуға, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Қоршаған ортаны қорғау – тек мемлекеттік саясаттың емес, қоғамның ортақ жауапкершілігі. Осы тұрғыдан алғанда, мұндай ірі жобалардың жүзеге асуы – елдің экологиялық мәдениеті мен тұрақты даму бағытының айқын көрінісі.







