Қағаз газеттердің құны жылдан-жылға өсіп келеді. Бірақ оның қоғамдағы салмағы сол қарқынмен артты ма? Өкінішке қарай, жоқ. Керісінше, дәстүрлі баспасөздің беделі әлсіреп, ықпалы төмендеп барады. Парадокс анық: оқырман төлейді, бірақ оқымайды; газет шығады, бірақ қоғамға әсер етпейді. Сонда мәселе бағасында ма, әлде мазмұнында ма?
Бүгінгі медиакеңістікте баспасөздің орны қайта қаралып жатқан тұста газеттің қоғам алдындағы жауапкершілігі азайған жоқ. Керісінше, арта түсті. Газет – жай ақпарат жеткізуші емес. Ол қоғамдық пікір қалыптастыратын, билік пен халықтың арасындағы диалогты қамтамасыз ететін маңызды алаң болуы тиіс. Бірақ бүгінгі тәжірибе бұл миссияның толық жүзеге аспай отырғанын көрсетеді.
Мәселенің түйіні – мемлекеттік тапсырыс пен қоғамдық сұраныстың арасындағы алшақтықта.
Бүгінгі газет көбіне өз оқырманы үшін емес, есеп үшін жұмыс істейтін жүйенің бір бөлшегіне айналып бара жатқандай әсер қалдырады. Оның негізгі тірегі – ауылдағы ағайын, бюджеттік сала қызметкерлері, мемлекеттік мекеме мамандары. Олар газетті қызыққандықтан емес, «солай керек болған соң» жазылады. Бұл – қалыптасқан дағды. Бірақ дәл осы дағды баспасөздің ең маңызды функциясын – кері байланысты жойып отыр.
Қайшылық та осы жерден басталады.
Газет беттерінде сол жазылым жасап отырған қарапайым адамның өзі көрінбейді. Оның тұрмысы, мәселесі, билікке айтар сөзі жоқ. Оның орнына бір-бірінен айырмасы шамалы, мазмұны ұқсас есептер мен ресми ақпараттар басым. Кейде материалдардың орнын ауыстырып қойсаңыз да, ештеңе өзгермейтіндей әсер қалдырады. Ал нақты, тірі тақырып ұсынсаңыз, қысқа ғана жауап дайын: «бұл – газеттің жүгін көтермейді».
Осы бір сөздің астарында бүгінгі жүйенің болмысы жатыр. Мұнда «жүктің» салмағы қоғам үшін маңызымен емес, жүйеге қаншалықты ыңғайлы екенімен өлшенеді.
Тағы бір мәселе – уақыт. Газет қоғамның тынысын дәл басуы тиіс еді. Алайда іс жүзінде ол сол уақыттың соңынан ілесіп келеді. Бүгін болған оқиға бір аптадан кейін жарияланады, кейде мүлде жарық көрмейді. Оқырман қолына тигенше ақпараттың өзі ескіріп үлгереді. Бұл – жедел журналистика емес, өткенді тіркеу ғана.
Жазылған материалдың өзі де бірден жарық көре бермейді. Шыққан күннің өзінде, тақырыптың қызуы басылған кезде ғана жарияланады. Мұндайда тағы бір әмбебап сылтау алға тартылады: «форматқа сай емес». Сонда заңды сұрақ туындайды: оқырманға жетпей жатып-ақ құнын жоғалтатын ақпарат кімге керек?
Журналистика – қозғалыс. «Журналисті аяқ асырайды» деген сөз бекер айтылмаған. Бару, көру, сұрау, тексеру – бұл кәсіптің өзегі. Бірақ редакциялық саясат формалдылыққа айналғанда, бұл қозғалыс та баяулайды. Іссапардың орнын кабинет басады. Репортаждың орнын пресс-релиз алмастырады. Жаңа кейіпкерлердің орнына жылдар бойы «жаңартылып» келе жатқан мәтіндер ұсынылады. Бұл – жеке адамдардың емес, жүйенің әлсірегенінің белгісі.
Сонымен қатар, мемлекеттік органдарда ақпараттық сүйемелдеудің нақты жоспары бар. Көрсеткіштер қойылады, есептер уақытында тапсырылады. Қағаз жүзінде бәрі мінсіз көрінеді. Алайда іс жүзінде материал не шықпайды, не кешігеді, не «форматқа сай емес» деген желеумен мүлде жарияланбай қалады. Демек, тек есеп үшін жұмыс істейтін жүйенің қоғамға нақты пайдасы күмән тудырады.
Осы құрылымда оқырман – қатысушы емес, статист. Бірақ сол статист ақша төлейді. Демек, оның сұрауға толық құқығы бар: «не үшін?». Егер газет редакциялық саясатында «деңгей» тек жоғары лауазымды тұлғалармен шектелсе, онда жазылым жүйесінің өзі де қайта қаралуы тиіс.
Қазіргі модельдің қисыны бөлек: біреулер төлейді, біреулер үшін жазылады, ал нақты оқырман назардан тыс қалады. Осындай алшақтық сақталған сайын, баспасөздің миссиясы туралы айтылған сөздер бос ұран болып қала береді. Ал сенім – жоғалуы оңай, қалпына келтіруі қиын құндылық.
Бүгінгі мемлекеттік жүйеде ақпаратқа қойылатын талап та өзгерген. Жылдамдық, нақты нәтиже, өлшенетін көрсеткіш – басты өлшемге айналған. Таңертең берілген тапсырма кешке сілтемелерімен бірге есепке енуі тиіс. Мұндай жағдайда мазмұннан гөрі жарияланымның өзі маңыздырақ көрінеді.
Ал баспа газеттері бұл қарқынға ілесе алмай отыр. Материал дайындалып, беттеліп, басылып, оқырманға жеткенше ақпараттық цикл әлдеқашан аяқталады. Сөйтіп, газет жедел ақпарат көзі болудан қалып, кешігіп жеткен жаңғырыққа айналады.
Түптеп келгенде, мәселе – құрал мен талаптың арасындағы сәйкессіздікте. Талап – жеделдік, ал қолдағы құрал – баяу. Осы қайшылық баспасөздің өзектілігін төмендетіп, мазмұннан гөрі есеп үстемдік ететін жүйеде оның рөлін әлсіретіп отыр.
Қорытынды біреу: қағаз газеттер бүгін тарихи таңдау алдында тұр. Не ол есеп үшін ғана жұмыс істейтін формалды құрал күйінде қала береді, не қоғам сенетін, пікір қалыптастыратын шынайы ақпарат алаңына айналады. Уақыт екінші жолды талап етіп отыр.
Алайда бұл өзгеріс өздігінен келмейді.
Мәселе тек жүйеде емес, сол жүйені басқарып отырған адамдарда да. Лауазымы бар, бірақ нәтижесі жоқ, уақыт талабына бейімделмеген басшылар баспасөздің дамуын тежеп отыр. Цифрлық дәуірдің заңдылығын түсінбейтін, оқырманмен тірі байланыс орнатуды қажет санамайтын көзқараспен қазіргі медианың бәсекесіне төтеп беру мүмкін емес.
Әсіресе, зейнет жасынан асса да қызметтен кеткісі келмейтін, жаңа талапқа икемсіз басшылар мәселесі өткір. Кейбірі әкімнің айналасында «сыбыр саясатпен» жүріп, өзіне жоғары айлық бекітіп алған. Ал нақты жұмысқа келгенде – үнсіздік пен әрекетсіздік.
Мұндай жағдайда қызмет жауапкершілік емес, табыс көзіне айналады. Бір ай отырса да, қомақты айлық алып үлгеру – басты мақсатқа ұқсайды. Сондықтан оларды орнынан алу оңай емес – жүйе де, өздері де соған қарсы тұрады.
Бұл – жекелеген адамдардың кемшілігі емес, тұтас жүйенің әлсіздігі. Егер басшылықта нәтиже емес, жайлылық маңызды болса, онда ешқандай реформа да, жаңғыру да нәтиже бермейді.
Журналистика тоқырауды кешірмейді. Ол үнемі қозғалысты, жаңаруды талап етеді. Егер газет шынымен беделге ие болғысы келсе, онда ең алдымен өз ішіндегі формализмнен, есеп үшін жұмыс істеу психологиясынан және ескі басқару тәсілдерінен арылуы тиіс.
Әйтпесе, бағасы бар, бірақ беделі жоқ қағаз күйінде қала береді.







