Ақмола өңірінде республикалық маңызы бар автожолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен, нақты жоспар негізінде жүзеге асырылып келеді. Бұл – ең алдымен адам өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған маңызды мемлекеттік міндеттердің бірі.

Бүгінде «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Ақмола облыстық филиалы жол инфрақұрылымын жақсарту және қозғалыс қауіпсіздігін арттыру бойынша кешенді шараларды іске асыруда. Аталған жұмыстар 2026 жылға арналған мақсатты бағдарлама аясында жүргізілуде. Бағдарламаның негізгі мақсаты – жол сапасын арттырумен қатар, жүргізушілер мен жолаушылар үшін барынша қауіпсіз әрі қолайлы жағдай қалыптастыру.
Жоспарға сәйкес, биыл өңірдегі республикалық автожолдардың 20 мың 450 шаршы метр аумағында шұңқырларды жөндеу көзделген. Қазіргі таңда оның 12 мың шаршы метрден астамы қалпына келтіріліп, жол жабынының сапасы едәуір жақсарған. Бұл – көлік қозғалысының қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін маңызды көрсеткіш.
Сонымен қатар, жол бойындағы ақпараттық және бағыттаушы инфрақұрылым да жаңартылуда. Жыл басынан бері «ҚАЖсервис» серіктестігі тарапынан 1275 жол белгісі орнатылып, жаңартылды. Бұдан бөлек, 61 ақпараттық панно қойылып, жүргізушілердің жол жағдайы туралы хабардарлығы арттырылды. Мұндай шаралар жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және қозғалыс мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Қауіпсіздікті қамтамасыз етуде заманауи техникалық құралдарға да ерекше мән беріліп отыр. Атап айтқанда, апат қаупі жоғары учаскелерде, жол қиылыстарында және көру мүмкіндігі шектеулі аймақтарда стробоскоптар орнату жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін 122 құрылғы орнату жоспарланған болса, бүгінде оның 75-і іске қосылды. Мамандардың айтуынша, бұл құрылғылар жүргізушілердің назарын дер кезінде аударып, жылдамдықты төмендетуге мүмкіндік береді.
Соңғы жаңашылдықтардың бірі – лазерлік қауіпсіздік жүйелерінің енгізілуі. Бұл технология жол үстіне жарық сызықтарын проекциялау арқылы жүргізушілерге бағыт-бағдар береді. Әсіресе түнгі уақытта және көру мүмкіндігі төмендеген жағдайда оның тиімділігі жоғары. Жарық белгілерінің тікелей көру аймағында пайда болуы ақпаратты жедел қабылдауға жағдай жасап, апат қаупін азайтуға ықпал етеді.
Жалпы, өңірдегі автожолдарды күтіп ұстау мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Жол сапасын жақсарту, заманауи технологияларды енгізу және инфрақұрылымды жаңарту – мұның бәрі халықтың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етудегі маңызды қадамдар.
Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты бақылауда болып, кезең-кезеңімен жетілдіріле бермек.







