Басты бетЖаңалықтарҚартаямыз ба, әлде қоғамды қартайтып жатырмыз ба?

Қартаямыз ба, әлде қоғамды қартайтып жатырмыз ба?

Сондай-ақ, оқыңыз...

Жаңа Қазақстан құрамыз деп жүріп, Ұлттық құрылтайға да келіп жеттік. Мінберден жаңғыру туралы сөз айтылып жатыр. Экраннан реформа туралы хабар көрсетіліп жатыр. Мемлекет басқару жүйесін жетілдіру, әділетті қоғам құру, жастардың әлеуетін арттыру және кадрлық жаңару мәселелері де күн тәртібінен түскен емес.

Дегенмен, қоғамдағы кейбір мәселелер әлі де толық шешімін тапқан жоқ. Әсіресе, кейбір мемлекеттік мекемелердің есігін ашып қалсаңыз, уақыттың өзі табалдырықтан аттай алмай тұрғандай әсерге бөленесіз.

Неге дейсіз бе?

Өйткені кейбір бюджет есебінен қаржыландырылып отырған мекемелерде жетпісті еңсерген, жетпіс бестің жотасына шыққан басшылар әлі де тізгінді қолдан шығармай отыр.

Әңгіме жаста емес.

Қазақ қартын қазынаға балаған халық. Ақылын тыңдаған. Батасын алған. Дегенмен, қазынаны қоймаға айналдырып жіберуге болмайды.

Бүгінгі заман – жылдамдықтың заманы. Кеше ғана жаңалық болған дүние бүгін ескіріп үлгереді. Ал кейбір мекемелерде өзгермейтін бір-ақ нәрсе бар. Ол – басшының кабинеті.

Кейде ойлайсың…

Әлгі кабинеттердің есігіне «Тарихи ескерткіш. Мемлекет қорғауында» деген тақтайша іліп қою керек шығар.

Жастар кадрлық резервке кіреді. Оқиды. Үйренеді. Тәжірибе жинайды. Жобалар әзірлейді. Іспен дәлелдейді. Бірақ кабинетке жақындай бергенде алдынан көрінбейтін бір қабырға шыға келеді.

Оның аты – «Әлі ерте».

Қызығы, сол «әлі ерте» деген сөзді айтып жүргендердің өзі әлдеқашан зейнет жасынан асып кеткен.

Жастарға сенбейтін қоғамның болашағы қандай болмақ?

Қызметтік кресло өмір бойына берілетін марапат емес қой. Ол – уақытша аманат.

Бір кездері ел басқарған данагөй қариялар «орнымды басатын адам дайындадым ба?» деп ойлайтын. Ал қазір кейбір басшылар «орнымды ешкімге бермеймін» деген ұстаныммен жүргендей көрінеді.

Ең өкініштісі – мұндай мекемелерде тоқырау алдымен құжаттан басталады. Кейін идея тоқтайды. Одан кейін бастама жоғалады. Ақырында ұжымның өзі үнсіздікке үйренеді.

Қазақта «кәрі келсе – асқа, жас келсе – іске» деген сөз бар.

Өкінішке қарай, біз кейде осы мақалдың орнын ауыстырып алған сияқтымыз.

Бүгінгі жастарға мүмкіндік берудің орнына, тәжірибе мен билікті шатастырып алдық.

Жаңа Қазақстанды жастар құруы керек дейміз.

Бірақ жастарға сенбей, жаңаруды қалай талап етеміз?

Ұлттық құрылтайдың мінберінен айтылған әрбір сөз ең алдымен мемлекеттік мекемелердің дәлізінде жүзеге асуы керек.

Өйткені жаңару Астанадағы үлкен жиындардан емес, облыстық, аудандық бөлімдер мен бюджет есебінен күн көріп отырған мекемелердегі шағын кабинеттерден басталады.

Әйтпесе, жаңа Қазақстанның картасын сызып отырып, ескі Қазақстанның кадрлық саясатын жалғастыра береміз.

Сонда біз шынымен қартайып барамыз ба, әлде өз қолымызбен қоғамды қартайтып жатырмыз ба?

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз