Ақмола облысында «Халықтық Конституция – әлеуметтік-саяси процестерді жаңғырту және этносаралық келісім» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ алаңында ұйымдастырылды.
Жиынды аталған мекеменің басшысы Қуаныш Шақшақов ашып, жаңа Конституцияның қоғам өміріндегі маңызына тоқталды. Оның айтуынша, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген Халықтық Конституция елдегі саяси жүйені жаңғыртуға, мемлекеттік басқаруды жетілдіруге және азаматтық қоғам институттарының рөлін арттыруға бағытталған.
Басқосуда Конституция қағидаларын кеңінен насихаттау, құқық үстемдігі мен әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселелері талқыланды. Сонымен қатар этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдардың алдағы уақытта құрылатын Халық кеңесі жұмысына қатысуы, қоғамдық ықпалдың заңнамалық бастамалар арқылы күшеюі сөз болды.
Жиында Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының өкілі Еркін Сейітов, Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Болат Зәкенов, ««Чинсон» корей мәдени орталығы» ҚБ төрағасы Жанна Син, Аналар кеңесінің мүшесі Бақытжан Айдосова, білім саласының өкілі Нұрсәуле Мұратқызы және Журналистер клубының мүшесі Вероника Бурда баяндама жасады.
«Қазіргі қоғамдық-саяси үдерістер кезеңінде бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдық келісімді нығайтудағы рөлі айрықша. БАҚ тек ақпарат таратушы емес, сонымен қатар қоғамдық пікірді қалыптастырып, диалог мәдениетін дамытатын маңызды институт. Журналистер заңға құрмет, өзара сыйластық пен азаматтық жауапкершілік құндылықтарын насихаттауда шешуші рөл атқарады. Этномәдени бірлестіктердің қызметін жүйелі түрде жариялау, сондай-ақ жаңартылған Конституция жағдайында құқықтық мәдениетті арттыру бағытындағы түсіндіру жұмыстарын күшейту – бүгінгі күннің талабы», – деп атап өтті Вероника Бурда.
Спикерлер Конституцияның жас ұрпақ тәрбиесіндегі рөліне, отбасы құндылықтарын нығайтуға, сапалы білім мен ақпараттық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударды. Сондай-ақ қоғамдағы бірлік пен келісімді сақтау, ақпараттық кеңістікте жауапкершілікті арттыру қажеттігі айтылды.
Жиын соңында қатысушылар Конституция қағидаларын халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту, қоғамдық институттардың белсенділігін арттыру бағытында бірлескен іс-қимылды жалғастыруға уағдаласты.







