2.2 C
Kokshetau
Басты бетЖаңалықтарАқмола облысында бір жыл ішінде 1 мыңнан астам адамға психологиялық көмек көрсетілді

Ақмола облысында бір жыл ішінде 1 мыңнан астам адамға психологиялық көмек көрсетілді

Сондай-ақ, оқыңыз...

Ақмола облысы білім басқармасының жанындағы Психологиялық қолдау орталығының құрылғанына бір жыл толды. Қысқа уақыт ішінде орталық аймақтың білім беру жүйесінде маңызды қолдау нүктесіне айналып, мыңнан астам азаматқа кәсіби психологиялық көмек көрсетті.

Бұл туралы Ақмола облысының білім басқармасы «Психологиялық қолдау орталығы» КММ басшысы Сайран Шөкімова брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.

Бір жыл бұрын құрылған орталықта 9 педагог-психолог, 2 әлеуметтік педагог, 8 әдіскер, 1 заңгер және басқа мамандар жұмыс істейді.

«Біздің орталық жеті негізгі бағытта жұмыс атқарады. Консультациялық-дамытушылық, ғылыми-әдістемелік, жедел әрекет ету, кәсіби құзыреттілікті арттыру, ұйымдастырушылық, ведомствоаралық өзара іс-қимыл және халықаралық ынтымақтастық», — деді спикер.

Жыл ішінде орталыққа түскен өтініштердің саны 1000-нан асқан. Оның 600-ден астамы бетпе-бет, 500-ге жуығы онлайн-консультациялар. Қызмет алушылардың басым бөлігі – 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер (717 адам). Психологиялық көмекке жүгінгендердің ішінде әйелдердің үлесі – 900-ге жуық, ер азаматтар – 200-ден астам.

«Психологиялық қолдау орталығының басты мақсаты білім алушылар, педагогтар мен ата-аналардың психологиялық әл-ауқатын сақтау және нығайту. Біз білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелерге шұғыл жауап беретін кәсіби алаң құра алдық», — деді Сайран Шөкімова.

Спикердің айтуынша, сенім телефонына түскен қоңыраулардың басым бөлігі тұлғааралық қатынастарға және отбасылық түсінбеушіліктерге қатысты.
Орталық мамандары кәмелет жасқа толмағандар арасындағы суицид, зорлық-зомбылық мәселелеріне ерекше назар аударып отыр. Қазіргі таңда 11 жағдай Облыстық психикалық денсаулық орталығына жолданса, 50-ден астам бала жеке консультативтік көмек алуда.

Сонымен қатар, «111 байланыс орталығы» арқылы облыстан түскен 20-дан астам өтініш те орталық мамандарының қарауында. Ата-аналармен жұмыс мақсатында «Отбасы болу өнері» және «Қарым-қатынас қуанышы» атты 14 диалог алаңы ұйымдастырылып, Instagram желісінде 2000-нан астам көрерменді қамтыған 30 тікелей эфир өткізілген.

Халықаралық ынтымақтастық аясында Психологиялық қолдау орталығы Беларустың Максим Танк атындағы педагогикалық университетімен, сондай-ақ Көкшетау университеті және «Шанс» орталығымен меморандумдарға қол қойып, бірлескен жобалар жүргізуде.

Басым мәселелер қатарында білікті кадр тапшылығы, психологиялық қызметке деген сенімсіздік және кәмелетке толмағандармен жұмыс барысында ата-аналардан рұқсат алу қиындықтары атап өтілді.

«Біздің басты мақсатымыз әр баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және психологиялық көмекке дер кезінде жол ашу. Бұл күнделікті үздіксіз жұмысты талап етеді», — деп түйіндеді спикер.

spot_img
spot_img
Мәселе
spot_img
Барлық мақалалар

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз