«Көкшетау» мәдениет сарайында Халықаралық әйелдер күніне арналған «Бұрымды қыз» республикалық байқауы өтті.
Байқауға Астана қаласы және Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Атырау, Түркістан, Ақмола облыстарынан ақылына көркі сай, шашының ұзындығы 80 см асатын қолаң шашты 16-25 жас аралығындағы бұрымды 10 ару қатысып, өзара бақ сынасты.
Аруларымыздың тіл көркемдігі, сыр-сымбаты, жүріс-тұрысы сынға түсті. Сәні мен сымбаты үйлескен қыздар өз өнерін көрсетіп қана қоймай, салт-дәстүрге қатысты сұрақтарға жауап берді, ұлттық киімде дефиле көрсетті.
Байқау қорытындысы бойынша шашы ұзын, сымбатты, өнерлі қатысушы Айша Қамит (Батыс Қазақстан облысы) Бас жүлде «Бұрымды қыз» иегері атанып, дипломмен және 500 мың теңге ақшалай сертификатпен марапатталды.
«Дарынды қыз» номинациясын Айым Имашева (Астана қаласы) иеленсе, «Көрікті қыз» номинациясын Нұршахризада Салимова (Жамбыл облысы) еншіледі. Қатысушылар дипломмен және 300 мың теңге ақшалай сертификаттармен марапатталды.
Өнерімен ерекше көзге түскен Ақтоты Абдрахман (Ақмола облысы) «Өнерлі қыз» номинациясының жеңімпазы атанып дипломмен және 300 мың теңге ақшалай сертификатпен марапатталды.
«Инабатты қыз» номинациясы бойынша Айшуақ Темірхан (Ақмола облысы) марапатталып дипломмен және 300 мың теңге ақшалай сертификатпен марапатталды.
Байқау жеңімпаздары мен қатысушылары диплом және ақшалай сертификаттармен марапатталды.
Кеш қонағы – әнші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Жеңіс Сейдоллаұлы.