Басты бетСөз салмағыИслам дініне заман талабына сай реформа қажет

Ислам дініне заман талабына сай реформа қажет

Сондай-ақ, оқыңыз...

Қазақстанда жария зікіршілер деген атпен танымал діни топтың жетекшісі, рухани ұстазы Сматулла Мақсымның үстінен ҰҚК жас балаларға зомбылық көрсеткен деген айыппен қылмыстық іс қозғады. Әлеуметтік желілерде бұл туралы айтылып, жазылып жатыр. Көп адамдар рухани ұстаз  санайтын  діндарға сондай айыптың тағылуы естір құлаққа ерсі құбылыс. Өкініштісі, қазір діндарлар арасында бұндай жайлар көбейіп кетті және оған қарапайым жұртшылық онша таңырқай да қоймайтын болды.

Мемлекет пен дін бөлек десе де…

Қазақстан зайырлы мемлекет саналады және бізде заң бойынша дін мен мемлекет бөлек. Бірақ солай десек те, шындығында діннің қоғамға тигізер ықпалы өте зор. Қоғам, одан қалды мемлекет адамдардан құралатын болса, дін адамдардың санасына үлкен әсер етеді және сол арқылы қоғамға, жалпы мемлекетке де ықпалын тигізіп отырады. Сондықтан да, дін мәселесіне ұсақ-түйек деп қарауға болмайды.

Таяқтың екі ұшы болатыны сияқты діннің де пайдалы және залалды жақтары бар. Егер оны дұрыс пайдалансаң, дін қоғамға үлкен пайдасын тигізеді, ал теріс пайдалансаң, залалы шаш етектен. Соған орай, бұл мәселеге тек мемлекет жауапты деп бәрін билікке артып қоя салмай, адамдардың өздері де маңызы зор бұл мәселеге жауапкершілікпен қарауы қажет.

Мен әскерде шоқынған және мұсылман татармен бірге қызмет еттім. Фаизуллин деген шоқынған татар өзін толайым орыс сияқты сезінетін және татар ұлтының тілін, дәстүрін мүлдем білмейтін. Ал Аманқұлов деген мұсылман татар керісінше қазақтармен, өзбектермен араласып, өз тілінде сөйлейтін. Қызығы сол, әлгі екеуі бір бөлімде қызмет істесе де, мүлдем араласпайтын. Соған қарап, діннің адамға, ұлтқа тигізер әсерін анық аңғарғандай боласың.

КСРО құрамында болған діні жоқ алеут, эскимос сияқты шағын ұлттар мүлдем жойылып кетті. Ал буддизм дінін ұстанатын аз санды буряттар мен қалмақтар, ислам дінін ұстанатын шешендер мен ингуштар өз ұлттық бейнесін сақтап қалды. Тіпті, өздерінің автономиялық құрылымы жоқ шашырап жүрген мұсылман ноғайлар да ұлттық тілі мен дәстүрін, болмысын сақтауда. Осыған қарап, діннің ұлттық болмысты сақтауға үлкен ықпалын тигізетінін аңғаруға болады.

Дегенмен де, оның залалды жағы да баршылық. Бүгінде арабтанып кеткен және өздерінің ежелгі ұлттық болмысы мен тілін, дәстүрін мүлдем ұмытқан Египет, Ирак, Сирия, Ливан, Алжир сияқты мемлекеттердің халқы сол діни экспансияның құрбандары болды десе артық айтқандық емес. Ежелгі адамзат тарихында елеулі орны бар Египеттің байырғы халқы – копттар қазір өз елінде азшылық болып қалды және тілдері мен дәстүрін де ұмытып, жоғалып барады. Вавилон мемлекеті деген атпен танылған Ирактың байырғы халқы мүлдем жоғалып, арабтанып кеткен. Алжир, Морокко, Ливан, Ливия сияқты елдердің байырғы ұлттары толықтай жойылып, арабтанған. Бұған ислам дінінің ықпалы болғаны анық.

Осы жайлардан түйеріміз: мемлекет пен дін бөлек деп дінді еркіне жіберіп қоймай, оған мемлекеттік идеологияның бір бөлігі ретінде қарап, дінге қатысты ерекше саясат ұстанғанда ғана діннің залалды жақтарына тосқауыл қоюға болады.

Дін – апиын ба?

Балаларға зомбылық жасады деген айыппен үстінен қылмыстық іс қозғалған Сматулла Мақсымның жайына қайта оралайық. Оны біреулер Сматулла қари деп те атайды. Қари деген Құранды түгел жатқа білетін адам ғой. Ауғанстаннан келген, кейінірек экстремистік пиғылдағы әрекеттер жасады деген айыппен 14 жылға сотталған Сматулла қаридің ізбасарлары көп. Олардың ішінде техника ғылымдарының докторы Саят Ыбырай сияқты оқыған зиялы қауым өкілдері де бар.

Біреуді қаралап, сол туралы нақты әңгіме айту үшін сот шешімі немесе құқық органдарының айыпту құжаттары болуы керек. Сматулла қари қаншалықты айыпты, ол туралы құқық органдары айтады деген ойдамыз. Десе де, әлеуметтік желілерде жүрген бір журналист ұйымдастырған хабарда Сматулла Мақсымның шәкіртімін деген жас жігіт оған қатысты естір құлаққа ерсі жайларды айтты. Өзіне шәкірт болған жас балаларға қатысты арсыз әрекеттер жасағысы келген оқиғасы жайында баяндаған бозбаланың сөзін естігенде дін адамының бұл әрекеті  қайран қалдырады.

Өкінішке орай, ислам дінін ұстанушылар тарапынан жасалып жататын сондай теріс әрекеттер мен айтылып жататын жаман сөздерді жиі еститін болдық. Өткен жылы білдей бір облыстың имамы арақ ішіп машина жүргізгені үшін ұсталып, жауапқа тартылды. Ол туралы қымыз ішкен екен деп қанша жылмаңдатса да, МАИ қызметкерлерінің құрылғысы оның ішімдік ішкенін анықтаған.

Бірнеше жыл бұрын бір мешіттен шықпайтын намазхан екі жас баланы ұстап алып қираған ескі үйге апарып зорлағаны туралы ақпарат таралды. Шынын айтқанда, имам-молдалар мен намазхандар тарапынан жасалып жататын осындай ерсі жайларды жиі естиміз. Бұның бәрі де ислам дінінің абыройын түсіретін жаман әрекеттер екені даусыз.

Осындай жаман ақпараттар таралып жатса да, көп адамдар ислам дінін ұстанады. Мешітке баратындар қатары жыл санап өспесе, кемитін түрі көрінбейді. Соңғы жылдарда, тіпті мектеп жасындағы балалардың мешітке намазға баратын жайлары көбейген. Ресми деректерге назар аударсақ, Қазақстандағы мешіттер саны үш мыңға жуықтаған. Орта Азиядағы ең үлкен мешіт бізде, ең үлкен медресе де бізде.

Сақал қойған жігіттер мен басынан аяғына дейін қара жамылғы жамылып алған қыз-келіншектердің саны көбеюде. Бір қарағанда, мешіттер мен намазхандар санының көбеюі еліміздегі тұрақтылық пен заңдылықтың сақталуына игі ықпалын тигізеді деп ойлауға болатындай. Дегенмен де, іс жүзінде олай болмай отыр. Қызығы сол, заң бұзушылық пен қылмыс жасайтындардың да көпшілігі сол намазхандар мен дін қызметкерлері екен. Мәжілістің экс депутаты Ринат Зайытов Қазақстандағы алаяқтық қылмысты жасаушылардың 80 пайызы намазхандар дегенді айтты.

Осы жайларға қарап, кеңес заманындағы «дін – апиын» деген сөзді еріксіз есіңе аласың. Дін адамдарды жақсылыққа бастап, бойларында ізгі қасиеттерді орнықтырып жатқан жоқ, керісінше нәпсіге берілуге, ақшақұмарлыққа, басқа да жаман әдеттерге бой алдыруына ықпал жасауда. Өмір тәжірибесі осыны көрсетіп отыр.

Дүмше молда дін бұзар

Ислам діні ғана емес, жалпы қандай дәстүрлі дін болмасын, бәрінде бұрмалаушылықтар бар. Ондай бұрмалаушылықтар діни ілім-білімі тайыз діндарлар тарапынан жасалады. Құранда Мұса пайғамбар Синай тауында Құдайдан иудей халқына арналған діни шарттарды алу үшін кеткен кезінде, кейбір адамдардың ескі пұтқа табыну дініне қайта оралғандығы және өздері ғана солай жасап қоймай, басқаларды да соған үгіттегені туралы аяттар бар. Мұса пайғамбар Жаратқан берген қасиетінің арқасында бауырларын пірғауынның құлдығынан құтқару жолында неше түрлі тылсым әрекеттер жасағаны айтылады. Қашқан иудейлерді қуған пірғауын әскері жақын қалғанда Жаратқанның еркімен өзен суы ашылып, иудейлер сол ашылған жерден өтеді. Олар өткен соң су қайта қалпына келіп, соңдарынан келе жатқан пірғауын әскері түгел суға батады.

Міне, осындай ғажайыптарды көргеніне қарамастан, Мұса пайғамбардың көзі тайған сәтте ескі пұтқа табынушылыққа қайта көшкен ауылдастарының әрекеті дүмшелердің өздеріне де, айналасындағыларға да тигізер залалының молдығын аңғартады.

Ислам дінінде де сондай білімсіз дүмшелер көп және олар айналасына үлкен залалдарын тигізіп жатыр. Ислам дініндегі бұрмалаушылықтар Пайғамбар дүниеден өткен кезден бастап жүргізілген. Хазірет Әлидің ізбасарлары өздерін шииттер деп атап, бүтін дінді бөлшектеді. Одан кейін де сондай түрлі ағымдар пайда болды.

Қазір ислам дінінде жетпістен астам ағымдар бар екен. Солардың арасында кең таралғандары уахабизм немесе соңғы кезде сәләфизм атанған ағым. Қазір Сауд Арабиясы түгелдей уахабизмді өздерінің ресми діні етіп қабылдады. Ол теріс ағым біздің елімізге де жыл санап кеңінен таралуда. «Домбыра харам, немере қарындасыңа үйленуге болады» деген сияқты қазақ үшін санаға симайтын жат әрекеттер сол уахабилер тарапынан жасалуда.

Қазір уағызды кім көрінген айтатын болды. Білімі тайыз имам-молдалар ақылға сиымсыз жайларды айтып, жұртшылыққа ислам дінін жеккөрінішті және жиіркенішті етіп көрсетуде. Бір уағызшы Пайғамбардың зәрі сусыныңды қандыратын балдай тәтті болады екен деп соқты. Соны естігенде басқа тақырып қалмағандай, енді Пайғамбардың зәрін айтуға көшкен бе деген ойға қаласың. Әйелдердің ауы мен бауынан басқаны білмейтін дүмшелердің уағыздары адамның ашу-ызасын туғызады.

Міне, сондай дінге залалын тигізіп жүретін дүмшелерге тиым салудың орнына діни басқарма өздерін бәрінен арашалап алып, бейтарап саясат ұстануда. Күні кеше бір жас жігіт әлеуметтік желіде үстінен қылмыстық іс қозғалған жоғарыда айтылған Сматулла қаридің жария зікір тобына қатысты «бұған ислам діні басқармасының еш қатысы жоқ» деген пікір айтты. Осындай ұстаным арқылы діни басқарма өзін ақтап, жауапкершіліктен аулақ боламыз дейтін сияқты. Шындығында, еліміздегі ислам дініне қатасты барлық мәселеге діни басқарманың қатысы бар.

Тарих қайталанып отырады

Тарихқа назар аударып қарасақ, орта ғасырларда христиан дінінің ықпалы өте зор болғанын көреміз. Католик христиандарының дінбасшысы Рим папасы Еуропа елдері мемлекеттерінің басшыларын тағайындайтын болған. Королдер мен императорлар Рим папасының пәрменімен тағайындалған. Міне, сондай құзыреті бар христиан діні орта ғасырлардың соңында халық алдындағы беделінен айрылып, қуаты азайып, дүниәуи ғылым алдында ығысып төмен сырғыды.

Бұған христиан дініндегі дүмшелердің енгізген бұрмалаушылықтарының салдарынан халық алдында абырой-беделінен айрылу себеп болған еді. Орта ғасырларда сиқыршы болды деген желеумен әлденеше милион әйел тірідей өртелген екен. Ғылыми көзқарастары үшін де инквизиция аталған діндарлардың сотына тартылып, өлім жазасына кесілгендер аз болмаған. Дін қызметкерлерінің азғандығы соншалықты, еркектердің монастрлерінде гомосексуалдық  белең алған. Қазіргі күні католик дінін ұстанатын елдерде жыл сайын милиондаған жасөспірімдер мен балалардың жыныстық зомбылыққа ұшырағаны туралы дін қызметкерлерінің үстінен сотқа шағымдар түседі екен.

Міне, осылайша, өздерінің теріс әрекеттерімен халықтың алдындағы беделінен жұрдай болған христиан шіркеуінен қарапайым жұртшылық ақырындап теріс айналды. Халық шіркеулерге баруды қойды. Жұртшылықтың қолдауынан айрылған шіркеу материалдық тапшылыққа ұшырап, иелігіндегі жері мен мүліктерін сата бастады.

Англияда Лондон қаласында жұмыс істеп жүрген бір қазақ жігітінің видеоларын үнемі көріп тұрамын. Сол таяуда дәмханаға айналған қаладағы үлкен бір шіркеу туралы видео салды. Иса пайғамбардың айқыш ағашына асқан үлкен бейнесі орнатылған қабырғаның жанындағы столдарда  адамдар сыра ішіп отыр. Ертеректе Құдайға құлшылық ететін қасиетті орын болған шіркеу енді сыраханаға айналыпты.

Еуропа халқы қазір діннен безіп, шіркеулерге мүлдем бармайтын болған. Ислам дінін ұстанушылар арасында әзірге діннен безушілер көп болмаса да, дүмшелердің дінді бұрмалап, оны халыққа жеккөрінішті көрсету әрекеттері осылай жалғаса берсе, болашақта «өгізге туған күн бұзауға да туады» дегендей, ислам діні де сондай жағдайға ұшырайтыны күмәнсіз.

Қазір мына жағдай анық байқалып отыр: ислам діні өкілдері орта ғасырлардың соңындағы христиандардың жасаған қателігін айна қатесіз қайталап жатыр. Соның салдарынан халық арасындағы ислам дінінің абырой-беделі ақырындап түсіп барады. Қасиетті Құранды жария түрде өртеушілер көбейді. Дінге тіл тигізетіндер қартары өсіп барады. Таяуда орын алған Сауд Арабиясында мешітте сүйіскен бангладештік жас жігіт пен келіншекті өлім жазасына кесу оқиғасы жұртшылық тарапынан үлкен кері пікір туғызды. БҰҰ Сауд Арабиясының бұл әрекетін адам құқығын аяқ асты ету деп бағалап, наразылық білдірді. Ал әлеуметтік желілерде бұл әрекетті қатыгездік деп бағалаған видеохабарлар өріп жүр.

Қазақстанда да ислам дінінің абырой-беделі жыл санап түсіп барады. Діндарлар тарапынан жасалып жатқан теріс әрекеттердің салдарынан діннен безушілер көбейді. Намаз оқып, діни шарттарды ұстанған жастардың намазды тастап, діннен кетуі түрінде көрінген әрекеттер ара-тұра кездесуде. Сондай біраз видеолар әлеуметтік желілерде жүр. Қазақтың ежелгі ұстанымы ретінде аталған тәңіршілдік ағымы пайда болып, күш алып келеді. Атеизмді ұстанатындар қатары көбеюде.

Әлеуметтік желілерде өзін атеист атайтын Ысқақ деген жігіттің діндарлармен пікірталастары жиі жарияланады. Сол пікірталастар ислам дінін ұстанатындардың білім деңгейінің тайыздығын, өмірден қаншалықты аулақтап кеткенін анық көрсетуде. Тілі мен жағына сүйенген атеист жігіт діндарлардың ауыздарын аштырмай, сөзден ұстайды. Айтар уәждері таусылып, ашуға берілген діндарлар содан орысша-қазақша араластырып боқтауға көшеді. Сол әрекеттерімен олар ислам дінін одан сайын жеккөрінішті етіп көрсетуде. Қазір атеист Ысқақ деген жігіт әлеуметтік желілерде жұртшылықтың пір тұтар үлкен тұлғасына айналды.

Осы жайлардан не түйіндеуге болады? Қазақстанда ғана емес, әлемде ислам діні тоқырауға ұшырап, адамдардың бойында ізгі қасиеттерді орнықтырып, бірлікке, татулыққа бастайтын күш емес, керісінше адамдардың арасын ашып, олардың бойларындағы нәпсіқұмарлық, ашкөздік, дөрекілік, атаққұмарлық, мансапқорлық сияқты жаман қасиеттерді  күшейтетін идеологиялық құралға айналып бара жатқандай.

Естір құлаққа ерсі жаман әрекеттердің көбі сол діндарлардан шығатын болды. Ауғанстан, Сириядағы соғыстардың қозғаушы күші мұсылмандар екенін ешкім теріске шығара алмайды. Мұсылман экстремизмі, лаңкестігі деген түсінік берік қалыптасты. Егер де, ислам дінінде пайғамбар заманындағы алғашқы таза діни түсінікті қалпына келтіру бағытында қайта құрулар жасалмаса, осылай жалғаса берсе, онда ислам діні де болашақта христиан діні сияқты өз қолдаушыларынан айрылып, тоқырауға ұшырайтыны даусыз шындық болып отыр. Өкініштісі, осы анық сезіліп тұрған шындықты бүгінгі діннің айналасында жүрген діндарлар көріп, сезбей отырғандай.

Жоғарыда тілге тиек еткен жария зікіршілердің жетекшісі Сматулла Мақсымға қатысты жай қазіргі ислам әлемінде болып жатқан теріс әрекеттердің бір парасы ғана.  Өкінішке орай, мұндай естір құлаққа ерсі оқиғалар көбейіп барады. Бұл – қазіргі ислам дінінің құрдымға құлатар ауыр дертке ұшырағанын көрсетеді. Ауруды дер кезінде емдемесе, оның ақыры ажалға жеткізері анық.

Қалкөз Жүсіп.

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз