Басты бетСөз салмағыҚасиетті жерде қан төгілді

Қасиетті жерде қан төгілді

Сондай-ақ, оқыңыз...

Меккеде зина жасады деген айыппен Бангладештің екі азаматы өлім жазасына кесілгендігі туралы ақпарат интернетте жұртшылықтың үлкен пікірін туғызуда. Не себепті өлім жазасына кесілді, сот шешімі қашан шықты – ол туралы нақты ресми мәліметтер жоқ. Бәрі «дейді екен» деген сыңайдағы алыпқашты ақпараттар ғана.

Бангладештен келген жас ерлі-зайыптылар екен, мешітке қолұстасып кіргені үшін сондай жазаға тартылыпты дейді біреулер, енді біреулер мешітте сүйіскен екен дейді. Тағы бір ақпаратта олар ерлі-зайыпты емес және бұл оқиға екі жыл бұрын болған, Меккенің бас мешіті саналатын Месжід Харам мешітінде баспалдақтың астында зина жасаған және оны біреу видеоға түсіріп интернет арқылы таратқан, сол үшін оларға 20 жыл қамауға шешім шығарылыпты, бірақ кейін мемлекет басшысы қасиетті орынды қорлағандары үшін өлім жазасын кесіпті дейді. Оқиғаның қалай болғаны бізге мәлім емес, десе де бір ақиқат бар: Бангладештің азаматы болған екеуіне қатысты өлім жазасы шығарылып және сот шешімі орындалған.

Құран не дейді?

Осыдан бірер апта бұрын Иранда бір келіншекті жабылып зорлаған бес ер азаматтың өлім жазасына кесілгені туралы ақпарат таралды. Жалпы, мұсылман мемлекеттерінде зина жасаушыларды өлім жазасына тарту ертеден бар және ол ешкімді таңырқатпайды. Дегенмен де, осындай жазаның астарында не бар, ол қайдан шықты? -деген мәселеге үңілсең, бұның бәрі қарапайым пенделердің өздері ойлап шығарған жаза екенін бағамдауға болады.

Мұсылмандардың бәрі басшылыққа алатын қасиетті Құранға назар аударып көрелік. Онда зина туралы не  айтылған? «Зинаға жоламаңдар. Өйткені ол анық арсыздық және жаман жол» (Ісіра сүресі, 32 аят). «Зинашы әйел мен ердің әрбіріне жүз дүре соғыңдар. Егер Аллаға, ахирет күніне сенсеңдер, оларға жұмсақтықтарың ұстамасын. Әрі екеуінің жазасын мүміндердің бір тобы көріп тұрсын». (Нұр сүресі, 2 аят).

Құранда зина жасау, зинақорлық жайында бірнеше аяттар бар, оларға назар аударып қарасаңыз бәрінде оны жаман іс деп айыптайды және қатаң жазалау қажеттігін ескертеді. Дегенмен де, зинақор әйел мен ер адамды өлім жазасына кесу, басын шабу немесе дарға асып өлтіру, әйтпесе таспен атқылап өлтіру жайында ештеңе айтылмаған. Яғни, қасиетті кітапта зинақорлық айыпталып, жаза қолданылу керектігі айтылғанымен, зина жасаушыларды өлтіру туралы әңгіме жоқ.

Қасиетті Құранда Жаратқанның 99 есімі берілген. Солардың бірі – Ар Рахим, яғни Рахымды деген сипат. Рахым сөзінің мағынасы кешірімді, мейрімді дегенге келеді. Алла қайрымды, мейрімді және кешірімді. Зина жасау ауыр күнә болып саналғанымен, адамды өмірінен айыру түріндегі өте қатаң жаза қолданатындай тым ауыр күнә деп айыпталмайды. Қысастыққа қысастық жасау қажеттігін ескертетін аяттар бар. Кісі өлтірген адамды кек түрінде қысастыққа қысастық жасап өлтіру күнә емес делінеді, бірақ та, зина жасаушыны өлтіруге қатысты нақты аят жоқ.

Егер Құранда зинақорлыққа қатысты өлім жазасын қолдану айтылмаса, қазіргі ислам елдеріндегі өлім жазасы қайдан шыққан? Бұның бәрі қарапайым пенделердің өздерінің ойынан шығарған жазалары. Оны қасиетті Құранға, Жаратқанның шариғат заңдарына телудің еш негізі жоқ. Құранда қысастыққа қысастық жасау қажеттігі айтылғанымен, егер адам кешірімді болып, өзіне жасалған жамандыққа кешірімділік танытса, Алланың шапағаты мол екендігі ескертіледі. Яғни, бұның астарында қысастыққа қысастық шариғат талабына қайшы келмегенімен, кешірім таныту мол сауап әкелетін игі іс екені жатқаны анық.

Христиандардың қасиетті кітабы Інжілде Иса пайғамбарға қатысты мынадай аңыз әңгіме бар. Иса пайғамбар бір ауылдың жанында топталып тұрған адамдарды көреді. Сөйтсе, олар зина жасап жатқан жерінде ұсталған әйелді таспен атып өлтіруге жиналған ауылдастар екен. Иса пайғамбар оларға «кімнің күнәсі жоқ таза болса, әйелге  тасты бірінші болып сол лақтырсын» дейді. Жиналған жұрт бұны естіп ошарылып тұрып қалады. Сәлден соң олар ақырындап жылыстап топтан шығып тарап кетеді. Ол жерде Иса пайғамбар мен әйел ғана қалады. Сонда Иса пайғамбар «бұл ауылда күнәсіз адам жоқ екен ғой, енді сен де үйіңе қайт, бірақ екіншілей зина жасаушы болма» дейді әйелге.

Зина жасау барлық дәстүрлі діндерде айыпталатын ауыр күнә, бірақ та ол өлім жазасына кесілуге лайықты аса ауыр күналардың санатынан емес. Құранда да, Інжілде де ол туралы нақты айтылған, десе де қарапайым пенделер зинақорларды таспен атып өлтіру, немесе басқа да тәсілмен өлтіру сияқты жантүршігерлік ауыр жазаны қолдануды өздері ойлап тауып алған тәрізді.

Қатаң жазаның астарындағы астамдық

Әлеуметтік желілерде жазаға тартылған ерлі-зайыпты бангладештік азаматтар жайындағы біраз видеохабарлар жүр. Өлім жазасына кесіп, үкімді сол сәтінде орындаған саудиялықтар Бангладештің елшілігіне де, еліне де ешқандай ескерту жіберіп, азаматтарының не себепті сондай ауыр жазаға тартылғаны жайында мәлімет бермеген.

Интернетте жүрген түрлі хабарлардан білгеніміз: жастары отызға да жетпеген жігіт пен келіншек бірнеше жыл бұрын Меккеге келіп, бірі дворник, екіншісі еден жуушы болып жұмыс істеп жүрген. Екеуінің 8 жастағы қыздары бар екен. Бангладеште тұрмыс ауыр, жұмыс та жоқ, соған орай Сауд Арабиясына бақыт іздеп келген жастардың арманы тұрмыстарын түзеп, ел қатарлы өмір сүру болғанымен,  Меккеге қоныстанғандарына қарағанда қасиетті мекенде  имандылықтарын арттырып, күналарынан тазарамыз деген игі ниет болғаны анық.

Негізінен индуизм дінін ұстанатын Бангладеште мұсылмандар да көп. Сондай мұсылмандар отбасынан шыққан ерлі-зайыптылардың жүректеріндегі Жаратқанға деген сенімдерін нығайтып, сауапқа кенелеміз деген ниеттері керісінше болып шыққаны өкінішті. Индустар мен бенгалдар қазақ пен қарақалпақ сияқты бауырлас халықтар. Индияның киноларының бәрі махаббат болып келетінін көріп жүрміз ғой. Яғни, бұл халықтар сезімге берілгіш келеді. Бангладештік ерлі-зайыптылардың мешітте сүйісуі сол сезімге берілгіш қанына сіңген әдеттің әсері болса керек.

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, Құранда зина жасаушыларды өлтіру қажет деген ешбір аят жоқ. Соған қарамастан, ислам елдерінде зина жасаушыларды өлім жазасына кесу жаппай белең алған құбылыс. Сауд Арабиясында да, Иранда да зинақорлардың басын шауып өлтіреді. Ал енді бангладештік жігіт пен келіншектің жайына келсек, олар ерлі-зайыпты болған және мешітте жыныс жақындығына да бармаған. Жігіт келіншектің ернінен бірнеше рет сүйіпті дейді. Сол үшін екі жасты қыршынынан қиып, ел-жұрттың алдында бастарын шабу – бұл қатыгездіктің асқан үлкен үлгісі болса керек.

Қазір интернетте саудиялықтардың шешімін жақтап, бар пәлені жігіт пен келіншекке аударғысы келген ақпараттар таралуда. Біреулер жігітті киберқылмыс жасаған екен дейді. Енді біреулер мұсылмандар үшін ең қасиетті мешіт саналатын Месжід Харамда жыныс жақындығына барыпты дейді. Бірақ та, олар нақты дәлелдер келтірмейді, бәрі «дейді екен» деген жалаң сөз ғана.

Мына нәрсе айқын: дворник болып істейтін жігіт пен еден жуушы келіншектің елге қатер төндіретін немесе басқа да өлім жазасына лайықты болатын аса ауыр қылмыс жасады деу ақылға симайтын шаруа. Олардың бар кіналары көпшілік айтып, жазып жатқандай: мешітте сүйіскендері сияқты.

Екі жастың мәйіттері салынған табыттар Бангладешке ұшақ арқылы жеткізілген. Осы оқиғадан репортаж берген видеохабарлардың астындағы пікірлерді оқысаң, ислам дініне деген жеккөрініш пен ашу-ызаны анық аңғарасың. «Араб жерін енді қайтып аяғым баспас» деп жазыпты бір бенгалдық. «Ислам діні масқараға ұшыраған қатыгез дін» деп жазыпты тағы біреу. Осындай жазбаларды оқығанда өзге елдің азаматтарын мешітте сүйіскені үшін бастарын шапқан спаудиялықтардың Алладан басқаға мойынсұнбаймыз, адамдардың, мемлекеттердің заңы мен талаптарына түкіргеніміз бар деген астам пиғылын аңғарғандай боласың.

Бүгінгі адамға қажылық қаншалықты қажет?

Мұсылманның бес парызы бар десе, соның бірі – қасиетті Меккеге барып, қажылық парызды орындау.  Құранда Меккедегі орынды Ібірахым пайғамбардың салғаны туралы аяттар бар. Мұсылмандар үшін құбыла болып саналатын Меккенің қағбасы, яғни қара тасы қасиетті болып есептеледі.

Ал енді қажылық парызды қалай атқару керектігі туралы Құранда да, пайғамбардың хадистерінде де нақты айтылған ештеңе жоқ. Қажылық парыздың шарттарын да кейін келе пенделер өздері ойдан шығарып жасап алған сыңайлы. Оның шарттарының ішінде тіпті, ақылға симайтын әрекеттер де бар.

Мәселен, сайтанға тас ату. Қажыға барып келген бір қазақ қариясы айтады: «Сайтанның бәрі не сол, Меккеге жиналыпты ма? Сайтанға тас атасыңдар деп алып барады. Тасты сатып аласың. Содан бір қабырғаға қарай лақтырасың. Әлгі қабырғаға тиіп тас құлап жатыр. Көрініп тұрған сайтан жоқ. Ал ұйымдастырушылар жұрт лақтырған тасты жинап әкеліп және басқаларға сатады. Сөйтіп, жердің қара тасынан қып-қызыл ақша жасап жатыр».

Ал енді сол қасиетті Меккеге қажылыққа жұрт сонша ақшасын, уақытын құртып не үшін барады? Жалғыз мақсат: мұсылмандық парызын өтеу және сол арқылы бойындағы имани жақсы қасиеттерін дамыту, күнәсінен тазару. Мақсат – осы. Бірақ та, қажылыққа барып келген адамдардың күнәларынан тазарып, бойларында имани қасиеттердің көбейіп жатқаны аңғарылмайды. Егер сол қажылардың әрекеттеріне назар аударып қарасаңыз, осыған көзіңіз анық жетеді.

Қажылыққа барған бір жас келіншектің интернетте жариялаған видоәңгімесін тыңдадым.  Әлгі келіншек айтады: «қасиетті қара тасты ұстаймыз деп барғандармен бірге мен де жақындадым. Сығылысқан адамдар. Есі-дертім қара тасты тым болмаса қол тигізіп бір ұстау болған мен жақындаған сайын айналамды қысқан ер адамдардың ашықтан ашық ар-ұятты ұмытып ол жер, бұл жерімді сипалап, умаштай бастағанын сездім. Менің ойым қара тас болса, олардың ой-армандары менің тәнімді уқалап, умаштауға ауған сияқты. Содан әупіріммен тобырдың құрсауынан әзер шығып, екіншілей келмеспін, қағбасы құрысын деген ойға кеттім».

Басқаны былай қойғанда, мұсылман үшін ең қасиетті орын болып саналатын қағбаның қара тасының жанында нәпсіге беріліп, ар-ұяттан айрылып бөтен әйелдің денесіне қол жүгірткен еркектерден қандай қажы шықпақ? Олар да ертең еліне барғасын қажыға барып келдік дейді-ау.

Осыдан бірнеше жыл бұрын қажы деген аты бар бір облыстың білдей имамы арақ ішіп алып машина айдағаны үшін ұсталып жазаға тартылып, барша халыққа масқара болған еді. «Ойбай, қымыз ішкен екен»  -деп қанша жақауратқанмен, полицияның құрылғысы көрсеткендей, алкоголді ішімдік ішкені анықталған имам-қажының әрекеті діндар адамның атына көлеңке түсірер ұят іс болды.

Қажылардың жасаған сондай ар ұялар теріс әрекеттері жайлы тізбелеп айта беруге болады. «Бауыржан шоудың» жеткшісі, белгілі актер Бауыржан Ибрагимовтың бір журналистке берген сұхбатында «Менің ақшам бар, қажыға баруыма болады, бірақ оның жауапкершілігінен қорқамын. Ертең барып келген соң арақ ішіп, тағы да бір теріс нәрсе жасап қойсам ұят болады ғой. Оны көрген басқа жұрт не айтады. Осыны ойлап, күнадан тазарып, соған лайықты деңгейге жеткенше қажыға бармайын деген ойға бекідім» -дейді ол.

Қажыға атанғандардың тәкаппарлық, мақтаншылық, дүниеқоңыздық сияқты теріс әрекеттерден арыла алмай және сондай әрекеттер жасап ел алдында абыройларынан айрылып жатқандарын көргенде олармен салыстырғанда әртіс Бауыржан бауырымыз мың есе ақылды және иманды екен-ау деген ойға қаласың.

Қажылықты ақша табудың құралына айналдырғандар

Осыдан біраз жыл бұрын бұрыңғы айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабеков полиция қызметкерлерімен кездесу өткізіп, сонда полиция қызметкерлеріне былай деген еді: Меккеде рұқсат етілмеген жерде намаз оқыған адамды полиция қызметкері құйрықтан көтеншегі үзілердей етіп шірене тебеді.

Енді көз алдыңызға елестетіп көріңіз, қасиетті орын саналатын Меккеде намаз уақытында көшеде тұрып намаз оқыған мұсылманды полиция қызметкері келіп құйрықтан тебеді екен. Ал дәл осындай жағдай христиан мемлекеттерінің бірінде болса, полиция не істер еді? Олар барып жәй ғана ескерту жасайды немесе тіпті, еш шара қолданбай өтіп кетеді. Сонда қасиетті мекеннің мұсылмандарға  көрсеткен құрметі құйрықтан тебу болғаны ма?

Қазақстаннан қажылыққа барғандардың арасында алданып, ақшаларынан айрылып, бейнет тартқан адамдар өте көп кездеседі. Сондай оқиғалар жиі қайталанып тұрады. Сонау бір жылы құжаттары дұрыс болмаған ба, бір топ қажылыққа барған қазақстандықты Меккеде автобуста қамап, сыртқа шығармай екі-үш күн әуреге салғанын ақпарат құралдары айтып-жазды. Басқа елдерде қарапайым туристердің өзіне құрметпен қарап, адами қатынас жасайды. Ал Меккеде адамдарды қой сияқты күн ыстықта автобустан шығармай қамап тастаған.

Айта берсе, қажылыққа барғандар тарапынан осындай бейнет пен қиындықтар көрген оқиғалар өте көп. Бұның бәрі ислам дінінің қасиетті орны саналатын Мекке мен қажылықтың, жалпы ислам дінінің абырой-беделін түсіретін жайлар.

Қажылыққа барып келген бір қазақ жігітінің видеоәңгімесін тыңдадым. Ол айтады: Меккеге түскен сәттен бастап алаяқтық басталды. Бізден таксистер басқалардан алатын ақшадан екі-үш есе көп ақша талап етті. Қонақүйлері талапқа сай емес, тамақтары да нашар. Жалпы, қызмет көрсету сапасы өте төмен. Содан бізді Мұхаммед пайғамбарға алғаш рет Құран аяты түскен Жәбірейлі періштемен кездескен таудың басындағы үңгірге алып барды. Тауға шығатын баспалдақ жасалған екен. Бір де бір әжетхана жоқ, жұрттар бұталардың түбіне тышып, сиіп кетіпті. Таудың басына шыққанда жүректері айнып, кейбіреулер құсады екен. Құсық, нәжіс. Тазалықтан жұрдай. Япырым-ау, жұрттан сонша ақша түсіп жатыр, тым болмаса дұрыс жол салып, әжетхана, демалтын көлеңкелі орындар жасап қоймай ма екен дейсің.

Зәмзәм суы деп скважинаның суын сатады дейді қажыға барған бір ақсақал. Қажыға он, жиырма рет барғандарды естіп қайран қалдым, -дейді ол. -Сөйтсем, әлгі қажы әйелдердің бәрі саудагерлер екен. Қажыларды тексермей ме, бір жеңілдіктері бар көрінеді, содан олар қажылыққа жолдама алып, Меккеден алтын бұйымдар сатып алып әкеліп сатады екен. Осылайша қажылықты саудагерлікке айналдырып алған.

Интернетте бір қазақстандық қажыға 100 рет барғанының құрметіне үлкен той жасағаны жайында ақпаратты оқыдым. Қажыға жүз рет бару деген енді естір құлаққа ерсі жай. Сонда жылына 7-8, тіпті 10 реттен баратын болып шыққаны ма. Ал енді  сонша рет қажыға барып жүргендердің жүректерінде қаншалықты имандылық ұялап, бойларында жақсы имани қасиеттер орнығып жатыр? Жоғарыда айтқанымыздай, жаман әдеттер мен әрекеттердің көбі сол қажылардан шығып жатқаны өкінішті.

Меккеде Құрбан айты кезінде бір милионнан астам қой сойылады екен. Енді көз алдыңызға елестетіп көріңіз: 40-50 градустық қапырық ыстықта сойылған сонша малдың қан-жын иісі сол аумақты түгел алып кетпей ме. Жалпақ тілмен айтқанда «Меккені мясокомбинатқа айналдырып жібергендей» болмай ма.

Жалпы, қазіргі қажылық туралы осындай жағымсыз жайларды одан әрі де тізбелей беруге болады. Қазіргі заманда қажылықтың қадірінің кеткені соншалықты, ол ақша табудың амалы екендігі сырт көзге еш бүкпесіз анық көрінетін болды. Басқаны былай қойып, саудиялық арабтардың өзі бұны жасырмайтын болғандай. Ақшадан көздеріне шел біткен олар көшеде намаз оқығандарды құйрықтан теуіп, мешітте сүйіскендерді өлім жазасына кесетін болған сыңайлы.

Бангладештік екі жастың қазасы Меккеге қажылыққа барамыз деп ынтығып жүрген адамдарға үлкен ой саларлық іс болды. Сонша ақшаңды шашып Меккеге барып, ертең басыңа бәле тілеп алып жүрсең, өкініші естен кетпес. Одан да сол ақшаңның жартсын жұмсап, өзіміздің Түркістандағы Қожа Ахмед Яссауи бабамыздың басына барып зиярат еткен әлдеқайда тиімді болмай ма. Ислам әлемінде Мұхаммед Пайғамбардан кейінгі екінші беделді тұлға саналатын Хазірет Сұлтанның басына зиярат ету Меккеге қажылыққа барғаннан кем болмасы анық және ең бастысы, қауіпсіз боласың.

Қалкөз Жүсіп.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз