Басты бетЖаңалықтарӘскерде соғыссыз өлім: Қазақстан армиясы қашан сабақ алады?

Әскерде соғыссыз өлім: Қазақстан армиясы қашан сабақ алады?

Сондай-ақ, оқыңыз...

Сарбаз Отанды қорғауға барады. Ал мемлекет сол сарбазды қорғауға міндетті.

Бірақ Қазақстан армиясында соңғы жылдардағы қайғылы оқиғалар осы қарапайым қағиданың қаншалықты толық орындалып отырғанына ауыр сұрақ қойып отыр.

Каспий теңізіндегі соңғы трагедия – жеке бір оқиға ғана емес. Ол армиядағы қауіпсіздік, командалық бақылау, әскери тәртіп және бұрынғы қайғылы оқиғалардан сабақ алу мәселесін қайтадан күн тәртібіне шығарды.

2026 жылғы 24 қыркүйекте әскери оқу-жаттығу кезінде 17 әскери қызметші теңізге шыққан. Үшеуі аман қалды, 14 әскери қызметші қаза тапты. Оқиға бойынша қызметке салғырт қарау және кеме жүргізу қағидаларын бұзу белгілері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бірқатар лауазымды тұлға күдікті ретінде танылды.

Бұл жерде тергеудің алдын орап, біреуді кінәлі деп жариялаудың қажеті жоқ.

Бірақ қоғамның сұрақ қоюға толық құқығы бар.

Өйткені Каспий бізге мұндай сұрақты бірінші рет қойып отырған жоқ.

Каспий 11 жыл бұрын ескерткен

2015 жылдың 18 қыркүйегінде «Центр-2015» оқу-жаттығуы кезінде Каспийге алты БТР-80 шықты.

Қатты жел көтеріліп, толқын күшейген кезде төрт бронетранспортер суға кеткен.

Төрт сарбаз қаза тапты.

Ол кезде де қылмыстық іс қозғалды. Кейін әскери сот командалық құрамның бірнеше өкілін қызметке салғырт қарағаны үшін соттады.

Сол кезде де «сабақ алынады» деген сөз айтылды.

Бірақ 11 жылдан кейін Каспийдегі сценарийдің өзі қайта оралды.

Тек бұл жолы төрт емес, 14 адамның өмірі қиылды.

Міне, ең ауыр сұрақ осы.

2015 жылдан кейін не өзгерді?

Теңіздегі оқу-жаттығулардың қауіпсіздік протоколдары қайта қаралды ма?

Қатты жел мен толқынның қандай шегінде оқу-жаттығуды тоқтату керектігі нақты белгіленді ме?

Сарбаздарды суға түсіру кезінде қауіпсіздік тетіктері күшейтілді ме?

Командирдің шешімін жоғарыдан бақылайтын нақты механизм бар ма?

Егер бар болса, ол неге осы жолы 14 адамның өмірін сақтап қала алмады?

Бұл сұрақтарға тек қазіргі трагедия бойынша ғана емес, 2015 жылғы трагедиядан кейінгі 11 жылдық кезең бойынша да жауап керек.

Арыс: қару қоймасының жарылысы да ұмытылмауы тиіс

2019 жылғы 24 маусым.

Түркістан облысының Арыс қаласы.

Әскери бөлімдегі оқ-дәрі қоймасында жойқын жарылыстар басталды.

Үш адам қаза тапты – бір бейбіт тұрғын және екі әскери қызметші. Жүздеген адам зардап шекті, қала тұрғындары жаппай эвакуацияланды.

Кейін Арыс бойынша жүргізілген қылмыстық істің көлемі жүздеген томға жетіп, мыңнан астам адам жәбірленуші ретінде танылғаны хабарланды.

Сот процесінде әскери бөлім мен Қорғаныс министрлігінің бірқатар лауазымды тұлғаларының қызметке салғырт қарауы, оқ-дәрілермен жұмыс істеу талаптарының бұзылуы сияқты мәселелер қаралды. Техникалық күзет құралдарына бөлінген қаражатқа қатысты да қылмыстық істер болды.

Бұл жерде де бір нәрсеге назар аудару керек.

Арыс – жай ғана «күтпеген жарылыс» емес.

Бұл – қауіпсіздік жүйесіндегі нақты проблемалар сот деңгейінде қаралған оқиға.

Әскери нысанда өрт қауіпсіздігі, оқ-дәріні сақтау, техникалық бақылау, күзет, жауапкершілік тізбегі – бәрі бір жүйенің бөлігі.

Жүйенің бір жері істемесе, салдары ондаған адамның өміріне, тұтас қаланың тағдырына әсер етеді.

Арқанкерген: 15 адамның қазасы

2012 жылғы Арқанкерген оқиғасы да ұлттық жадымыздан өшкен жоқ.

Шекара бекетінде 15 адам қаза тапты: 14 әскери қызметші және бір қорықшы.

Сот Владислав Челахты осы 15 адамның өліміне кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Бұл істің құқықтық бағасы сот шешімімен берілген.

Бірақ журналистік және қоғамдық тұрғыдан басқа сұрақ қалады:

Бір әскери нысанда осындай ауқымды қасіретке алып келген жағдай қалай қалыптасты?

Бақылау қайда болды?

Командирлік тізбек қалай жұмыс істеді?

Шекара бекеттеріндегі сарбаздардың жағдайы, қару-жарақтың сақталуы, кезекшілік тәртібі, ішкі бақылау қалай қамтамасыз етілді?

Арқанкергенді тек бір адамның атымен байланыстырып қою – мәселенің ауқымын тарылту болар еді.

Бұл трагедия армиядағы бақылау мен қауіпсіздіктің қаншалықты маңызды екенін көрсетті.

Ербаян Мұхтар: сарбаздың өмірі үшін бүкіл ел алаңдады

Ербаян Мұхтардың тағдыры да қоғамға ауыр сабақ болды.

Әскери қызмет кезінде ол ауыр бас-ми жарақатын алып, бірнеше жыл бойы күрделі жағдайда емделді.

Оның жарақатына қатысты әртүрлі нұсқа айтылды. Әскери бөлім тарапынан бастапқыда оның дәретханада құлап, басын ұрғаны туралы түсініктеме берілді. Туыстары бұл нұсқамен келіспей, істің жан-жақты әрі әділ тергелуін талап етті.

Ербаян үшін бүкіл ел алаңдады.

Қазақстандықтар оның шетелде емделуіне қаражат жинады. Ол Түркияда ем қабылдады.

Алайда 2026 жылғы маусымда Ербаян Мұхтар қайтыс болды.

Бұл жерде де нақты кінәні тергеу мен сот анықтауы тиіс.

Бірақ қоғам үшін бір нәрсе анық:

Әскерге аттанған азаматтың ауыр жарақат алып, кейін бүкіл елдің көмегіне мұқтаж хәлге түсуі – армиядағы қауіпсіздік туралы өте ауыр сұрақ.

Бұл жекелеген оқиғалар ма?

Соңғы жылдары әскери қызметшілердің өліміне қатысты статистика да қоғамды алаңдатады.

Бас әскери прокуратураның бұған дейінгі мәліметтерінде 2020 жылдан бастап әскери қызметшілер арасында жүздеген өлім жағдайы тіркелгені айтылған. Олардың себептері әртүрлі: ауру, жол-көлік оқиғалары, суицид және басқа да жағдайлар.

Бұл статистиканың барлығын «әлімжеттік» немесе командирлердің кінәсі деп көрсету дұрыс емес.

Керісінше, осы деректің өзі мәселенің күрделі екенін көрсетеді.

Әскердегі қауіпсіздік деген тек жауынгерлік дайындық емес.

Ол: қарумен жұмыс істеу қауіпсіздігі; көлік қауіпсіздігі; әскери нысандардың техникалық жағдайы; психологиялық бақылау; медициналық көмек; командирдің жеке жауапкершілігі; әскери тәртіп; сарбаздың шағымын есту; әлімжеттіктің алдын алу; төтенше жағдайда эвакуация мен құтқару жүйесі.

Осының бәрі бір жүйенің бөлшектері.

Қару да, тәртіп те – ойыншық емес

Әскери бөлімдерде қарумен байланысты қайғылы жағдайлар да болып тұрады.

Мысалы, 2025 жылы Талдықорған гарнизонындағы әскери бөлімде қаруды қызмет көрсету кезінде пулеметтен абайсызда оқ атылып, мерзімді әскери қызметтегі сарбаз қаза тапты.

Тергеу мен сот материалдарында қаруды қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуына байланысты мәселелер қаралды. Кейін әскери бөлімнің лауазымды тұлғасына қатысты сот үкімі шықты.

Бұл – «оқыс жағдай» деп жауып қоятын оқиға емес.

Өйткені әскери қарумен жұмыс істеудің бірінші қағидасы – қауіпсіздік.

Егер қарапайым қауіпсіздік алгоритмі сақталмаса, ең қымбат техника мен ең заманауи қарудың пайдасы қанша?

Әскердегі әлімжеттік мәселесі

Әскердегі ең ауыр мәселелердің бірі – әскери қызметшілер арасындағы күш қолдану мен әлімжеттікке қатысты істер.

Әрбір осындай істің нақты мән-жайы әртүрлі. Бірінде сот үкімі бар, енді бірінде тергеу жалғасады, кейбір жағдайда туыстары ресми нұсқамен келіспейді.

Сондықтан барлық жағдайды бір бояумен бояу дұрыс емес.

Бірақ бір нәрсе анық:

Сарбаз өзінің қаруласынан немесе командирінен қорғану үшін әлеуметтік желіге видео шығаратын жағдайға жетпеуі тиіс.

Әскери тәртіп деген – әлсізді басыну емес.

Әскери тәртіп деген – заңға бағыну.

Командирдің беделі сарбаздың құқығынан жоғары тұрмауы керек.

Ал сарбаздың шағымы «тәртіпсіздік» деп қабылданатын жүйе ұзақ мерзімде қауіпсіз армия құра алмайды.

Каспий трагедиясы бізге тағы бір нәрсені көрсетті

Қазір Каспийдегі іс бойынша тергеу жүріп жатыр.

Оқиғаға қатысты нақты кінә мен жауапкершілікті сот анықтайды.

Бірақ қоғамға тек:

«Кінәлілер жазаланады»

деген жауап жеткіліксіз.

Қоғамға одан да маңызды жауап керек:

«Неге бұған жол берілді және мұндай жағдай енді қайталанбауы үшін нақты не өзгереді?»

Өйткені жазалау – оқиғадан кейінгі шара.

Ал әскердегі ең басты міндет – өлімді болдырмау.

Бізге PR емес, стратегия керек

Осы тұста қазіргі Қорғаныс министрінің аты аталады.

Бірақ бір нәрсені әділ айту керек: бүгінгі армиядағы барлық мәселенің тамырын бір министрдің қызмет еткен кезеңінен іздеу дұрыс емес.

Өйткені біз айтып отырған оқиғалардың бір бөлігі қазіргі министрге дейін болған:

Арқанкерген – 2012.

Каспий – 2015.

Арыс – 2019.

Ербаян – 2023 жылдан кейінгі ауыр оқиға.

Әскери бөлімдердегі әлімжеттік пен өлім жағдайлары – әр жылдары.

Қарумен байланысты қайғылы жағдайлар – әр кезеңде.

Ал Каспийдегі жаңа трагедия – 2026.

Демек, мәселені бір министрге жаба салу – тым оңай түсіндіру.

Бірақ дәл осы себептен Қорғаныс министрлігіне қойылатын талап та өте жоғары болуы тиіс.

Елге журналистердің алдында жымиып, камераға қарап түсініктеме беретін ғана министр емес, темірдей тәртіп орнататын стратег министр керек.

Әскер – PR алаңы емес.

Әскер – тәртіп.

Әскер – жоспар.

Әскер – есеп.

Әскер – жауапкершілік.

Әскер – әрбір сарбаздың өмірі үшін жауап беретін жүйе.

Министрдің негізгі міндеті – халыққа ұнау емес.

Әскери жүйені жұмыс істету.

Командирлерден нақты тәртіп талап ету.

Қауіпсіздік ережесін бұзған жағдайда «кейін қараймыз» демейтін жүйе құру.

Әрбір әскери бөлімде жоғарыдан төменге дейін жауапкершілік тізбегін қалыптастыру.

Сарбаздың шағымын командирдің беделінен жоғары қоятын механизм жасау.

Төтенше жағдай кезінде шешім қабылдаудың нақты алгоритмін қалыптастыру.

Ал ең бастысы – бір трагедиядан кейін екіншісін күтпей, бірінші трагедиядан кейін-ақ қорытынды шығару.

«Бізде бәрі бақылауда» деген сөз жеткіліксіз

Қазақстан армиясына енді есеп берудің басқа мәдениеті қажет.

«Тексеру жүргізіледі».

«Кінәлілер жазаланады».

«Жағдай бақылауда».

«Қауіпсіздік шаралары күшейтіледі».

Мұндай сөздерді біз талай рет естідік.

Енді нақты нәтиже керек.

2015 жылы Каспийде төрт сарбаз қаза тапты.

2026 жылы тағы 14 әскери қызметші қайтыс болды.

Он бір жыл ішінде не өзгерді?

Арыс жарылды.

Сот болды.

Үкім шықты.

Одан кейін қандай қауіпсіздік жүйесі өзгерді?

Арқанкерген болды.

Тергеу болды.

Сот болды.

Одан кейін әскери нысандардағы бақылау қалай күшейді?

Сарбаздар қаза тапты, жараланды, кейбірінің өліміне қатысты жақындары сұрақ қойды.

Ал жүйе осы сұрақтарға қаншалықты жауап берді?

Міне, бүгінгі Қорғаныс министрлігі осы сұрақтарға жауап беруі керек.

Сарбаз – статистика емес

Каспийде қаза болған 14 адамның әрқайсысының отбасы бар.

Біреуінің ата-анасы баласын әскерге шығарып салды.

Біреуінің ағасы немесе қарындасы үйге қайтуын күтті.

Біреуінің анасы «балам аман келсін» деп күн санады.

Олар соғысқа барған жоқ.

Олар оқу-жаттығуға кетті.

Сондықтан бүгінгі ең ауыр сұрақ:

Қазақстан армиясында сарбаздар соғыста емес, бейбіт уақытта неге қаза болып жатыр?

Бұл сұраққа «күтпеген жағдай», «адам факторы», «ауа райы» деген бір ғана түсініктемемен жауап беру жеткіліксіз.

Өйткені әскери дайындықтың мәні – дәл осындай күтпеген жағдайларға дайын болу.

Каспийдің желі күтпеген нәрсе емес.

Қару қауіпті екені де жаңалық емес.

Оқ-дәрі қоймасының қауіпсіздігі маңызды екені де белгілі.

Әскери бөлімдегі тәртіптің қатаң болуы керектігі де ешкімге түсініксіз емес.

Олай болса, проблема талаптардың бар-жоғында емес. Проблема – сол талаптардың нақты орындалуында.

Енді «сабақ алдық» емес, «не өзгерттік?» деген кезең

Каспийдегі трагедиядан кейін тағы бір комиссия құрылады.

Тергеу аяқталады.

Кінәлілер болса, сот алдында жауап береді.

Бірақ осының бәрінен кейін ең маңызды құжат – кезекті баяндама емес, нақты өзгерістердің картасы болуы тиіс.

Қай ереже өзгерді?

Қай протокол қайта жазылды?

Қай қауіпсіздік стандарты енгізілді?

Қандай әскери нысандар қайта тексерілді?

Сарбаздардың шағымын қабылдау жүйесі қалай өзгереді?

Әскери бөлімдердегі ішкі бақылау кімге есеп береді?

Ал ең бастысы:

2015 жылғы Каспий мен 2026 жылғы Каспийдің арасында жоғалған 11 жылға кім жауап береді?

Бұл – бір министрге қойылатын сұрақ емес.

Бұл – тұтас әскери басқару жүйесіне қойылатын сұрақ.

Өйткені Отанды қорғауға барған азаматтың өзін Отан қорғай алмаса, онда біз армияның жауынгерлік қабілеті туралы ғана емес, оның ішкі тәртібі мен қауіпсіздігі туралы да ашық сөйлесуге міндеттіміз.

Сарбаз – тәжірибе жасауға арналған материал емес.

Сарбаз – есептегі бірлік емес.

Сарбаз – біреудің баласы.

Ал армиядағы ең басты бұйрықтардың бірі осы қарапайым ақиқаттан басталуы тиіс:

Сарбазды аман сақтау.

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз