Ақмола облысында биыл жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан 89 нысанның барлығы сапа сараптамасымен қамтылған. Өңірде жалпы 400 шақырымнан астам республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын жаңарту жоспарланған.
Жол активтері сапасының ұлттық орталығының Ақмола облысы бойынша филиалының мамандары жөндеу учаскелеріне барып, визуалды және аспаптық бақылау жүргізеді. Сондай-ақ жол-құрылыс материалдарынан және жол төсемінің конструктивтік қабаттарынан сынамалар алынады.
Алынған үлгілер филиалдың сынақ зертханасында зерттеліп, олардың нормативтік талаптарға сәйкестігі анықталады.
Заманауи зертханалық жабдықтар сынақтардың дәлдігі мен жеделдігін арттырып, нәтижелерді автоматтандыруға мүмкіндік береді. Зерттеу нәтижелері KazRoadLab ақпараттық базасына енгізіледі.
Осылайша, сапа сараптамасы жөндеу жұмыстарының сапасын жүйелі түрде бақылауға және қолданылатын материалдардың белгіленген талаптарға сәйкестігін бағалауға мүмкіндік береді.







