Басты бетЖаңалықтарЖолды жөндемей тұрып, жүргізушіні «жөнге» салған дұрыс па?

Жолды жөндемей тұрып, жүргізушіні «жөнге» салған дұрыс па?

Сондай-ақ, оқыңыз...

Қазақстанда 25 тамыздан бастап жол қозғалысы ережелерін автоматты түрде тіркеу жүйесі кеңейтілді. Енді бейнекамералар тек стационарлық нысандарда емес, автобустарға, жедел жәрдем көліктеріне, мемлекеттік органдардың және тұрақты жолаушы тасымалымен айналысатын көліктерге де орнатыла алады.

Яғни автобус енді тек жолаушы тасымалдамайды. Жолдағы тәртіпті де бақылайды. Камера жүргізушінің жылдамдығын өлшейді, ереже бұзылса – айыппұл.

Көкшетауда бұл жүйе бұған дейін-ақ сынақтан өтіпті. Биыл сәуір айында «Көкшетау автобус паркі» ЖШС-нің қалалық маршруттарының біріне «Ekin X Spotter» мобильді кешені орнатылған. Жыл басынан бері оның көмегімен 2763 жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі, негізінен жылдамдық режимін бұзу анықталған.

Сандар жаман емес. Камера өз міндетін атқарып тұр.

Бірақ бір қарапайым сұрақ туындайды: камера жүргізушіні көріп тұр. Ал жолдағы шұңқырды кім көреді?

Мәселен, Көкшетаудағы Абылай хан көшесін алайық. Ғабдуллин көшесімен қиылысар тұста, бағдаршамға жақын жерде жолдың ортаңғы жолағында бір шұңқыр бар. Кәдімгі шұңқыр емес – көлікке техникалық зиян келтіруі мүмкін, тіпті жол-көлік оқиғасына себеп болуы ықтимал ойық.

Ең қызығы – оның пайда болғанына бір жылдан асты.

Өткен жылы Президент келеді дегенде Абылай хан көшесінің бойындағы жолдың ой-шұңқырлары асығыс жөнделіп, «жамау» жасалған болатын. Бірақ көшенің қақ ортасындағы әлгі шұңқыр сол күйі қалған.

Тіпті сол жолы Президенттің кортежі бұл көшедегі ой-шұңқырды сезгендей, Абылай хан көшесімен емес, басқа бағытпен айналып өткен еді.

Президент өтіп кетті. Уақыт та өтті. Ал шұңқыр қалды.

Президенттің көлігі шұңқырға түскен жоқ. Бірақ қарапайым көлік күн сайын сол шұңқырдың «сынағынан» өтіп жүр.

Бір қызығы, Президенттің жүретін бағытын алдын ала дайындауға уақыт та, мүмкіндік те табылады. Ал күн сайын осы көшені пайдаланатын мыңдаған тұрғын үшін бір шұңқырды жөндеуге бір жылдан астам уақыт жетпей тұр.

Әлгі шұңқыр күн сайын үлкейіп келеді.

Бұл жолмен күн сайын жүретін жүргізушілер үшін мәселе тіпті күлкілі емес. Шұңқыр көліктің оң жақ доңғалағына дәл келеді. Оны айналып өтейін десеңіз – оң жақтағы тұтас сызықты басып кетуіңіз мүмкін. Ол жақта қатар келе жатқан көлік тұр. Қақтығысу қаупі бар.

Сол жағынан айналайын десеңіз – тағы да тұтас сызық. Бұл жолы қарсы бағытқа шығып кетуіңіз ықтимал.

Демек, жүргізушінің алдында екі-ақ таңдау қалады: шұңқырға түсіп, көлігіңізді жөндету немесе шұңқырдан қашып, жол ережесін бұзу қаупіне бару.

Ал дәл сол маңда бейнебақылау камералары тұр.

Енді елестетіп көріңіз. Жүргізуші шұңқырды айналып өтемін деп жолақ сызығын басып кетті. Камера түсірді.

Айыппұл.

Ал көліктің доңғалағы мен жүріс бөлігі шұңқырға түсіп, бүлінді.

Оны кім өтейді?

Одан да қызығы – сол жолмен әкімдік қызметкерлері де жүреді. Патрульдік полиция экипаждары да күн сайын өтеді. Камералар да қарап тұр. Жолдың жағдайын күн сайын көретіндер бар.

Сонда бұл шұңқырды ешкім байқамай ма?

Әлде камераның көзі тек жүргізушінің қателігін көруге жетіп, жолдың кемшілігін көруге келгенде көрмей қала ма?

Жүргізуші әлгі шұңқырды суретке түсіріп, шағымданғысы келсе де, тағы бір мәселе бар. Ол жер жаяу жүргінші өткелі емес, жаяу бара алмайсын. Көлікті тоқтатып, сыртқа шығып суретке түсіру қауіпті. Ал көлік терезесін ашып, телефонмен түсіре бастасаңыз, маңайдағы камералардың бірі басқа бір «ереже бұзушылықты» байқап қалуы мүмкін.

Сөйтіп, шұңқырды дәлелдеймін деп тағы бір айыппұлға ұрынып кетуіңіз ғажап емес.

Әрине, жол ережесін сақтау керек. Жылдамдықты асырмау керек. Қауіпсіздік – бәрінен маңызды.

Бірақ қауіпсіздік деген тек жүргізушінің мойнындағы жауапкершілік емес қой.

Жол сапасы да қауіпсіздіктің бір бөлігі.

Жүргізушіден тәртіп талап етілсе, жолға жауапты мекемелерден де сапа талап етілуі тиіс. Камералар көбейіп, айыппұл көбейген сайын жолдар да соған сай түзелуі керек.

Әйтпесе біртүрлі жағдай қалыптасады: жолдағы әр көлік камераның бақылауында, ал жолдың өзі бақылаудан тыс қалғандай.

Автобус камерасы жүргізушіні көріп тұр. Патрульдік полиция жүргізушіні көріп тұр. Бейнебақылау камерасы жүргізушіні көріп тұр.

Ал жолдың ортасындағы бір жылдан бері үлкейіп келе жатқан шұңқырды кім көреді?

Мүмкін, жаңа жүйеге тағы бір функция қосу керек шығар: жол ережесін бұзған жүргізушіні ғана емес, жолды жөндемей қойған жауапты мекемені де автоматты түрде тіркейтін камера.

Сонда әділдік болар еді.

Өйткені жол қауіпсіздігі – айыппұл жинау жүйесі емес, адам өмірі мен көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесі.

Ал Көкшетаудың Абылай хан көшесіндегі әлгі шұңқыр әлі тұр. Абылай хан көшесінде ғана емес, қаланың өзге көшелерінде де осындай жағдай.

Камера түсіріп тұр.

Жүргізуші айналып өтіп жүр.

Әкімдік өтіп жүр.

Полиция өтіп жүр.

Тек шұңқыр ғана ешқайда асықпай, күн сайын үлкейіп жатыр.

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз