Басты бетЖаңалықтарЦелиноград ауданында екі ауыл газға қосылды

Целиноград ауданында екі ауыл газға қосылды

Сондай-ақ, оқыңыз...

Ауылдың қысын ауылда өскен адам жақсы біледі. Көмір тасу, пеш жағу, күл шығару, оттың өшіп қалмауын қадағалау – күнделікті тірліктің бір бөлігі еді.

Қаражар мен Қараөткелдің тұрғындары үшін бұл әуренің бір парасы енді артта қалды. Целиноград ауданындағы қос ірі елді мекенге табиғи газ берілді. Бастапқы жоспар бойынша құрылыс 2028 жылға дейін жалғасуы тиіс болған. Алайда жұмыстар мерзімінен бұрын аяқталып, елорда маңындағы 24 мыңнан астам тұрғын көгілдір отынның игілігіне қол жеткізді.

Жоба аясында 240 шақырымға жуық жаңа газ желісі тартылды. Қаражарда 53 шақырым желі салынып, бес мыңға жуық адам газға қосылса, Қараөткелде 185 шақырым желі тартылды. Мұнда төрт мыңнан астам отбасы тұрады, қазір шамамен 1,5 мың абонент газ пайдалана бастады.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов газдандырудың елорда маңындағы елді мекендер үшін маңызын атап өтті.

«Газдандыру – тек коммуналдық мәселе емес. Бұл – экологиялық жағдайды жақсарту, отынға жұмсалатын шығынды азайту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру», – деді облыс әкімі.

Қаражардағы Нұрқановтар отбасының қуанышы – осы өзгерістің қарапайым ғана көрінісі.

«Бұрын қыс мезгілі көмір дайындау, күл шығару, пешті бақылаумен өтетін. Қазір үйіміз жылы, таза әрі қауіпсіз», – дейді отбасы.

Шын мәнінде, газдандыру – құбыр тарту ғана емес. Ол адамның уақытын үнемдеу, тұрмысын жеңілдету, үйін жылыту. Әлеуметтік осал азаматтарға газ төлеміне 20 пайызға дейін жеңілдік беріліп, аз қамтылған отбасыларға үйді газға қосу үшін 70 АЕК-ке дейін біржолғы көмек қарастырылған.

Бүгінде Ақмола облысында шамамен 220 мың адам табиғи газға қол жеткізген. Целиноград ауданында бұл жұмыс жалғасып жатыр. Қызылсуатта құрылыс жүрсе, Ақмол, Қабанбай батыр, Өтеміс, Қызылжар, Нұресіл және Қажымұқан ауылдарын газдандыру жобалары әзірленуде.

Ауылдың жаңаруы кейде үлкен сөзден емес, осындай қарапайым өзгерістен көрінеді.

Үйге жылу кірді. Әуре азайды. Ал адамның көңіліне ертеңге деген сенім ұялады.

Көгілдір отынның қадірі де осында.

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз