Ақмола облысында жол инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасуда. Соңғы жылдары өңірде автожолдарды жөндеу мен салу қарқыны едәуір артып, сонымен қатар атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына бақылау күшейтілді.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста 900 шақырымнан астам автомобиль жолы салынып, жөндеуден өтті. Жобаларды жүзеге асыруға 121 миллиард теңге бағытталды. Оның ішінде 73 миллиард теңге жергілікті маңызы бар жолдарды қалыпқа келтіруге бөлінді.
Ауқымды жол жұмыстары елді мекендер арасындағы көлік қатынасын жақсартып, жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға және өңір тұрғындары мен жүргізушілер үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік берді.
Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасуда. Ақмола облысының жолдарын жөндеуге 72 миллиард теңге қарастырылған. Оның 51,5 миллиард теңгесі республикалық маңызы бар автожолдарға, ал 20,5 миллиард теңгесі жергілікті жолдарға бағытталады.
2026 жылы бірқатар ірі жол жобаларын іске асыру жалғасады. Қазіргі уақытта Көкшетау – Зеренді, Жезқазған – Петропавл, Жақсы – Чистополье, Макинск – Ақсу – Торғай, Астана – Қабанбай батыр, Щучинск – Зеренді – Веденовка және өзге де бағыттарда жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Ақмола облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, бүгінде жергілікті маңызы бар автожолдардың 80 пайыздан астамы нормативтік жағдайда. Тұрақты әрі уақытылы қаржыландыру сақталған жағдайда бұл көрсеткіш 95 пайызға жетуі мүмкін.
Жол жөндеу жұмыстарының көлеміне ғана емес, сапасына да ерекше назар аударылуда. Бақылау жобаларды іске асырудың барлық кезеңінде – құрылыс материалдарын тексеруден бастап нысандарды соңғы қабылдауға дейін жүргізіледі. Бұл жұмыста «Жол активтері сапасының Ұлттық орталығы» Ақмола облысы бойынша филиалы маңызды рөл атқарады. Мамандар жөнделіп жатқан учаскелерге тұрақты түрде барып, тексеру жұмыстарын жүргізіп, жол-құрылыс материалдарынан сынамалар алады.
«Бұл жобалар өңірдің инфрақұрылымдық дамуы үшін аса маңызды. Сондықтан олардың сапалы әрі ұзақ мерзімге төзімді болып жүзеге асырылуы басты назарда. Осыған байланысты филиал мамандары жөнделіп жатқан жол учаскелеріне тұрақты түрде шығып, жұмыстардың сапасына бақылау жүргізеді, жол-құрылыс материалдарынан сынамалар алады. Кейін сынамалар белгіленген стандарттар мен талаптарға сәйкестігі бойынша зертханалық тексеруден өтеді», – деді филиал директоры Талғат Қайратхан.
Барлық сынамалар қолданыстағы стандарттар мен техникалық талаптарға сәйкестігі бойынша зертханалық тексеруден өткізіледі. Мұндай тәсіл кемшіліктерді уақытылы анықтап, жол жабынының сапасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарына кешенді бақылау жүргізу – автожолдардың ұзақ қызмет етуінің және бюджет қаражатын тиімді пайдаланудың басты факторларының бірі. Түптеп келгенде, бұл жол қозғалысы қауіпсіздігі мен өңір тұрғындарының жайлылығына тікелей әсер етеді.







