Басты бетЖаңалықтарКөкшетау Наурызды қалай аяқтады: думаннан кейін – тазалық, сөзден кейін – іс

Көкшетау Наурызды қалай аяқтады: думаннан кейін – тазалық, сөзден кейін – іс

Сондай-ақ, оқыңыз...

Наурызнама онкүндігінің қорытындысы саналатын 23 наурыз – Тазару күні Көкшетау қаласында мазмұнды іс-шаралармен жалғасын тапты. Ұлыстың ұлы күнін кеңінен атап өткен жұртшылық мерекелік думаннан кейін қоршаған ортаны ретке келтіруге жұмыла кірісіп, «Таза ел – біздің қолымызда» атты экологиялық акция аясында нақты іске көшті.

Таң сәріден «Жаңа жағалау» аумағына жиналған жастар, еріктілер мен қоғам белсенділері бір күн бұрынғы халықтық мерекеден қалған аумақты тазартуға белсене атсалысты. Айта кету керек, дәл осы жерде Наурыз мейрамының негізгі іс-шаралары өтіп, қала тұрғындары мен қонақтары ұлттық салт-дәстүрдің көріністеріне куә болған еді. Көпшілікке қуаныш сыйлаған думаннан кейінгі тазалық жұмыстары – жауапкершілік пен мәдениеттің көрінісі.

Тазару күні – тек тазалық шарасы ғана емес, ол – жаңару мен жаңғырудың айқын белгісі. Қазақ халқы ежелден табиғатпен үндес өмір сүріп, айналасына жанашырлықпен қарауды басты қағида еткен. Осы тұрғыдан алғанда, Наурызнама онкүндігінің соңғы күні адамдарды игі іске үндейтін, қоршаған ортаға деген қамқорлықты дәріптейтін маңызды кезең болып отыр.

Шамамен екі жүзге жуық адам қатысқан акция барысында жағалау аумағы толық тазартылып, ретке келтірілді. Қатысушылар белгіленген аумақтарға бөлініп, жүйелі түрде жұмыс жүргізді. Бұл – ұйымшылдық пен ортақ мақсатқа деген ұмтылыстың нақты көрінісі.

«Тазару күні – Наурызнаманың мазмұнын тереңдете түсетін ерекше күн. Ол тек мерекені қорытындылап қана қоймай, әр азаматтың қоршаған орта алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған», – дейді қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Аянбек Халийханұлы.

Акцияға қатысқан жастар да өз ойларын ортаға салып, тазалықтың маңызын ерекше атап өтті.

«Бұл – біздің ортақ үйіміз. Сондықтан оның тазалығы әрқайсымызға байланысты. Осындай шараларға қатысу арқылы біз тек аумақты тазалап қана қоймай, өзімізге де тәрбие аламыз», – дейді ерікті Даниял Жағыпаров.

Игі бастама барысында табиғатқа жанашырлық танытқан жастардың белсенділігі ерекше байқалды. Бұл – ел ертеңінің экологиялық мәдениеті жоғары, жауапкершілігі мол азаматтар болатынының айғағы.

Осылайша, Көкшетау жұртшылығы Наурыз мерекесін тек думанмен емес, нақты іспен түйіндеді. Тазару күні – тазалықтың ғана емес, сананың да жаңаруын білдіретін тағылымды сәт. Өйткені ел болашағы – әр азаматтың қарапайым, бірақ маңызды әрекеттерінен басталады.

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз