Басты бетЖаңалықтарИрандағы жағдай ушығып барады

Ирандағы жағдай ушығып барады

Сондай-ақ, оқыңыз...

Биылғы жылдың көктемі халықаралық жағдайдың қатты шиеленісімен басталды.  Иранды жарты ғасырға жуық билеген дін өкілдерінің билігі шайқалып тұр. Қаңтар айында басталған халық қозғалысын қарудың күшімен езіп-жаншып басқан аятолла Хомейни билігі дегенмен орынтақтарынан айрылу қатерінен толық құтыла алмады. Халыққа қарсы оқ атсаң әскер кіргіземін деп қорқытқан Трамп сөзінде тұрмай, біраз тайқақтаған. Бірақ та, айналасындағылардың ықпалы болды ма, әлде басқа себеп бар ма, өткен аптада ракеталық соққы жасап, содан ел басшысы аятолла Хомейни  мен бірқатар лауазымды тұлғалар қаза тапты.

Қазір Ирандағы жағдай қатты ушығып тұр. Ресми емес мәліметтерге қарағанда жүзден астам елдің басшы тұлғалары өлтірілген. Израиль мен АҚШ тарапынан Иранның қорғаныс нысандары ракетамен атқылануда. Иран да қарап қалмай жауап ретінде АҚШ-тың  Таяу Шығыстағы араб елдерінде орналасқан әскери нысандарын атқылап жатыр. Израилге де Иран тарапынан баллистикалық ракеталар жиі ұшуда.

Ирандағы оқиғаға байланысты әлемде, оның ішінде біздің елімізде екіұдай пікірлер айтылып жатыр. Біреулер Иранды айыптаса, енді басқалары оны жақтап, бәріне АҚШ пен Израилді кінәлі етуде. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Бұл сауалға нақты жауап бермес бұрын, қазіргі қалыптасқан жағдайларға талдау жасасақ, істің ақ-қарасын ажыратарымыз анық.

Иран монархиялық билік тұсында АҚШ-пен, басқа да дамыған елдермен жақсы қатынаста болды және діннен бөлек зайырлы ел саналатын. 1979 жылғы ислам революциясына дейін ел экономикасы жоғары қарқынмен дамыды және адамдардың тұрмыс дәрежесі де біршама жоғары болды. Дегенмен де, сол тұстағы ел билеушісі Мұхаммед Пехлевидің сәтсіз реформалары елде біршама наразылық туғызып, соны пайдаланған оппозициядағы дін өкілдері наразылық шерулерін ұйымдастырды. Оның ақыры қарулы қақтығысқа ұласып, дін өкілдері жеңіске жетіп, билікке келді. Сөйтіп, Иран 1979 жылы ислам республикасы болып жарияланып, таза дін жолына түсті. Әйелдер бар құқықтарынан айрылып, бастарын паранжымен бүркеп беттерін ашып жүруден қалды.

Дінбасылары билікке келген соң АҚШ, басқа да Батыс елдерімен байланыс үзіліп, Иран оқшау елге айналды. Көршілермен қатынас нашарлап, өздері сияқты мұсылман Ирак мемлекетімен соғысқа ұрынды. Мыңдаған жанның өмірін құрбандыққа шалған соғыста Иран еш нәтижеге жете алмады. Қару-жарақ жинап, әскери күшін ұлғайтуға көңіл бөлген Иран Батыс елдері тарапынан ауыр санкцияларға ұшырады. Сөйтіп, ол өз еліндегі аса бай мұнай өнімдерін сатудан шеттетілді. Бұның өзі ел экономикасына айтарлықтай кері әсерін тигізді. Дін өкілдері билікке келгелі Иран халқы тұрмыс тауқыметін тартумен келеді. Елде талай мәрте жаппай наразылықтар болды, бірақ билік қарудың күшімен оны аяусыз басып-жаншып отырды.

Иран әлемде қатерлі деп танылған Хизбулла сияқты лаңкестік ұйымдарды қаржыландырып, олардың өз елінің аумағында жұмыс істеуіне жағдай жасап отыр. Палестинаны қорғау желеуімен Израйлге үнемі ракеталардан соққы жасап, бұл елдегі соғыс қимылдарына жиі  араласып жатады. Бұның өзі Израил мен оның одақтасы АҚШ тарапынан  наразылыққа ұшырап, онсыз да қиын саяси жағдайының онан әрі ауырлауына себеп болуда.

Украинаға басқыншылық жасаған Ресей әлем елдері тарапынан оқшауланып, санкцияға ұшыраса, оны қолдаған санаулы мемлекеттердің қатарында Иран да болды. Иран Ресейге ашық қолдау көрсетіп, ұшқышсыз ұшатын дрондарын беруде. Джихад атты ирандық дрондар Украинада мыңдаған жазықсыз жанды құрбан етуде.

Биылғы жылдың қаңтары айында басталған Ирандағы халық наразылығы елдің барлық аумақтарын қамтыды және оған милиондаған адам қатысты. Діндарлар билігі наразылық шеруіне шыққан қарапайым халықты қарудың күшімен аяусыз басып-жанышты. Жүздеген адам қаза тауып, көптеген белсенділер сотталып өлім жазасына тартылды.

Міне, осылайша, билікке келгелі бері өз халқын езіп-жаншып, айналасындағы елдерге қатер төндірген және лаңкестік ұйымдарды қаржыландырып, қолдау танытқан дінбасылары әлі де ұзақ жылдар билікте отыра беруі анық еді. Қарулы билікке қарапайым халық еш қайран қыла алмасы белгілі. Осы орайда, Иран шахының АҚШ-та жүрген тақ мұрагері Риза Пехлеви мен басқа да демократияшыл оппозиция өкілдері америка билігінен халыққа қолдау көрсетуді сұрап, талай мәлімдемелер жасады. АҚШ пен Израйлдің Иранға жасап жатқан соққыларына осы оппозиция өкілдерінің шақыруы да белгілі дәрежеде әсер еткені анық.

Қазіргі Ирандағы қалыптасқан жағдай осындай. Өз халқын қайыршылыққа түсіріп, орта ғасырлық діни ахуалды қалпына келтірген дінбасыларын биліктен тек сыртқы күш және қарудың күшімен ғана кетіре алатыны қазір айдан анық болып отыр. Тарихта бір де бір диктатор өз еркімен биліктен кетпеген, олар халықтың қарулы көтерілісі нәтижесінде қуылып, болмаса өлтірілген соң ғана биліктен аулақталатын. Ирандағы жағдай да осылай өріс алуда. Діндарлардың биліктен аулақтауы АҚШ-тың белсенді іс-қимылына тікелей байланысты болмақ. Қазір қарудың күшімен басылған Иран халқының наразылығы қайта жалғасуы екіталай. Зәразап болып қорқып қалған халық енді көшеге шыға алмайтыны қазір анық көрінуде.

Әлеуметтік желілердегі қазақ тіліндегі Иранның діндарларының билігін ашық қолдап, АҚШ пен Израйлді жерден алып, жерге салған ақпараттарды көргенде біздің елімізде де ислам мемлекетін орнатып, қарапайым халықты ортағасырлық құлдық деңгейге сүйрегісі келетіндердің көптігін  сезіне түскендей боласың. Соған қарап, қазақтың абыз ақсақалы, жазушы Мұхтар Мағауиннің “қазақ ислам дініне бетін бұрды деп қуанып едік, сөйтсек, бұның қатері көп екен” деген сөзінің ақиқаттығын ұғына түсесің.

Ирандағы билік ауыса ма, жоқ па — оны уақыт көрсетеді. Қазақ үшін қазір Иранда демократиялық күштердің билікке келуі тиімді. Өйткені, діндарлардың биліктен кетуі айналасына қатер төндіріп отырған басқыншы ел Ресейді тағы бір қуатты серіктесінен айырып, әлсірете түсетін болады. Қазақ үшін қазір ең үлкен қатер — Реседен келетіні көкірек көзі ашық әркімге де түсінікті.

Қалкөз Жүсіп.

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз