-21.8 C
Kokshetau
Басты бетӨзектіҚазақтар үшін таптырмас мүмкіндік

Қазақтар үшін таптырмас мүмкіндік

Сондай-ақ, оқыңыз...

Тәуелсіздігімізді алғанан кейінгі отыз жылдан астам уақытта елімізде 2 мыңдай ауыл жоғалып кетіпті. Айдың күннің аманында екі мың ауылдың жойылып кетуі  тәуелсіз еліміздің тарихында ұлттық трагедия болып қалатын жағдай. Бірақ та, бұны ойлап бас ауыртып жатқан ешкім жоқ. Әсіресе, еліміздің солтүстік аймақтарында жыл сайын ондаған ауылдар картадан өшіп, жоғалып жатады. Оған жергілікті биліктің әбден еттері өліп, үйреніп  кеткендей.

Осыдан біраз жыл бұрын бір таныс кісінің шақыруымен бұрыңғы Қима ауданына қарасты Терісаққан ауылына барып қайттым.  Қимадан Терісаққанға дейін 60 шақырымдай. Жолда Есіл деген үлкен кеңшар болды. Одан әрі Терісаққанның жолында шағын 5-6 ауыл бар-тын. Солардың бірі де қалмапты. Ауылдардың орнында бұзылған ескі үйлердің жұрты үрей шақырып көңілге  қаяу салады. Бұрын іргелі үлкен шаруашылық болған Терісаққан ауылының жартсы жоқ. Екі қабатты үлкен мектептің екінші қабатын жауып тастапты, өйткені бала аз. Ал 1991 жылы жүз жылдығын облыс деңгейінде атап өткен Балталы ауылы түгел жоғалып кеткен. Бұрын «Восход» деген шаруашылық болушы еді. Өмір қайнап жататын.

Жалпы, болашағы жоқ деген себеппен жабылып жататын ауылдар қатары азаймай отыр. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарында әлдебір білгір басшының  пәрменімен «оңтайластыру» деген ұран шығып,  ауылдағы кітапханалар мен клубтар жабылған еді. Содан кейін бала саны азайғандықтан, мектептер жабыла бастады. Мектеп, кітапхана, клуб жабылған соң ауыл болашағы жоқ деп танылып,  жергілікті биліктің әмірімен ондағы тұрғындар абсқа ауылдарға көшірілетін.  Табиғаты көркем, шөбі шүйгін, жайылымы да, шабындығы мен егіншілік жері де жетерлік сондай ауылдардың көбі  бүгінде қаңырап қалды. Бар байлықтың бастауы саналатын жер иесіз жатыр. Ешкімге қажетсіз.

Біраз жылдардан бері еліміздің солтүстік өңіріне тұрғыны қалың оңтүстіктен адамдарды қоныстындыруға арналған бағдарлама жұмыс істейді. Солтүстікке көшіп барған  отбасыларына үй алып, мал, бақша өсіруге қажетті қомақты жәрдемақы беріледі, басқа да жеңілдіктері жетерлік. Дегенмен де, соған қарамастан, оңтүстіктен қоныс аударушылар  қатары онша көп болмай тұр. Солтүстіктің қаңырап қалған ауылдарын толтыру, жойылып кеткен 2 мың ауылды қалпына келтіру мәселесі жуық арада шешілетін түрі байқалмайды. Бұған үйреніп қалғанымыздай билікті емес, ең алдымен адамдардың  өз болашақтарына салдыр-салақ қарайтын бойкүйездігін кінәлау қажет. Әйтпесе, оңтүстікте жұмыссыз күнін әзер көріп отырғандар мен қалаға барып баспанасыз арба сүйреп жүргендер неге сол қаңырап қалған ауылдарға бармайды?  Мемлекет қаржы, үй беріп жатыр. Жер тегін. Ал да пайдалан.

Мынаған назар аударып қараңыз: соңғы жылдарда елімізде  милионнан астам тұрғыны бар  екі қала өсіп шықты. Ал Алматының тұрғындары 2,5 млн-нан асыпты. Бір ғана Түркістан облысында 2 млн-нан астам тұрғын бар. Ал жері шұрайлы, табиғаты көркем Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Павлодар облыстарында  тұрғындардың саны 700-800 мыңнан аспайды.  Бұл облыстардың жері түгін тартса, майы шығады дейтіндей, өте құнарлы және шұрайлы. Шабындақ та, жайылым да, егіншілік жер де жетіп артылады. Тек соны ұқсататын жұмыс қолы болса болғаны. Ал қалада үйсіз-күйсіз күндерін әзер көріп жүрген қазақтар  сол жерлерге қоныстанса  мал өсіріп, бақша салып-ақ бақуатты өмір сүруіне болар еді. Оларға жұмыс істеудің де де қажеті жоқ.

Әлеуметтік желіде солтүстікке көшіп келген бір қазақ келіншегінің қазіргі тірлігі жайында түсірген видеоларын жиі көремін. Қой, сиыр, құс ұстайды екен. Шөп, жем арзан және ақшасын төлесең  үйге әкеп түсіріп береді дейді. Сиыр сүтінің литрін жазда 200 теңгеден, қыста 400 теңгеден өздері келіп сатып әкетеді. Отын да арзан, ақшасын төлесең, жарылған дайын отынды трактормен әкеп үйіңе түсіріп береді. 2-3 сиырың болса «ханға сәлем берместей» деңгейде өмір сүруге болады, дейді әлгі келіншек.  Есік алдындағы бақшаны былай қойып, ауыл шетінде бос жатқан жер көп. Тракторшыға ақшасын төлесең, қалағаныңша жыртып береді. Картоп сал да күзде жиып ал. Суарудың да қажеті жоқ, жаңбырмен өзі шығады. Картобың көкөнісің тегін, мал ұстасаң етің мен сүтің де өзіңнен. 2-3 сиырың болса соның сүтін сатып-ақ еш қысылмай емін-еркін өмір сүруге болады.

Біз бүгінде қызығып қарайтын әлемдегі ең бай мемлекет АҚШ-ты байытқан күндерін көре алмай жүрген Ұлыбританияның қара табан шаруалары болғаны тарихтан мәлім. Англиядан келген шаруаларға АҚШ билігі сол тұста  пәлен гектардан тегін жер берген еді. Міне, сол жерді игерген шаруалар өздері байлыққа кенеліп, елді де байытты.

Ал Қазақстанда  Құдайға шүкір қазір бос жатқан шұрайлы жерлер жетіп артылады. Солтүстікте қаңырап қалған ауылдарға барып қоныстанып, бос жатқан жерді игер,  бақша сал, мыңғыртып мал өсір. Өзің байы, елді байыт. Өкінішке орай, қалада қаңғып жүрген қазақтар мен оңтүстіктің күндерін көре алмай қинғалған тұрғындары осы мүмкіндікті әлі дұрыс түсінбей келеді. Әлеуметтік желілерде белсенді бірқатар азаматтар соны халыққа түсіндіріп, насихат жүргізіп-ақ жатыр. Бәлкім, болашақта халық түсініп, бұл мүмкіндікті пайдалануға назар аударар.

Қалкөз Жүсіп.

 

 

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз