Ақмола облысы аумағында адам ағзасын заңсыз сатуға әрекеттену фактісі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Ақмола облысы полиция департаменті жанындағы ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері 25 мың АҚШ долларына бүйрек сатуға әрекеттену фактісінің жолын кесті.
Тергеу материалдарына сәйкес, Алматы облысы тұрғыны әлеуметтік желілерде өзінің ағзасын сатуға ниет білдірген хабарландыру жариялаған. Ерекше мазмұндағы бұл хабарландыру құқық қорғау органдарының назарын аударып, жедел қызметкерлер арнайы іс-шаралар кешенін жүргізген.
Нәтижесінде күдікті Көкшетау қаласында ақшаның бір бөлігін алу кезінде ұсталды. Ұстау барысында полицейлер күдіктіден ақша қаражатын, ұялы телефонды, сондай-ақ медициналық анықтамалар мен талдау нәтижелерін тәркіледі.
Тергеу барысында күдіктінің мұндай сипаттағы хабарландыруларды бұған дейін де бірнеше рет жариялағаны анықталған.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша қылмыстық іс аясында барлық мән-жайлар анықталып, қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Құқық қорғау органдары Қазақстанда адам ағзаларын сатып алу мен сатуға заң бойынша қатаң тыйым салынғанын еске салады. Мұндай әрекеттер үшін сатушыға да, делдалдарға да, сатып алушыларға да қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.









