Қосшы қаласында зейнеткер мас күйінде жол-көлік оқиғасын жасап, оқиға орнынан қашып кеткен.
Патрульдік полиция взводына жол-көлік оқиғасы туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары Ақан сері көшесінде Volkswagen Golf автокөлігінің жүргізушісі BYD маркалы көлікпен жанама соқтығысқанын анықтады. Құжаттарын тексеру барысында жүргізуші көлігіне отырып, оқиға орнынан бой тасалаған.
Полиция қызметкерлері құқық бұзушыны тұрғылықты мекенжайы бойынша анықтады. Әңгімелесу кезінде ер адамнан алкогольдің өткір иісі сезілген. Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, ол орта дәрежеде мас күйде болған.
Тексеру барысында ер адамның зейнеткер екені және 2024 жылы көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды.
Жүргізуші соңғы уақытта ауыр өмірлік жағдайды бастан өткеріп жатқанын, шамамен жарты жыл бұрын жұбайынан айырылғанын айтқан. Алайда жеке қиындықтарына қарамастан, ол заңнамаға сәйкес жауапқа тартылады.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.









