Ақмола облысында киберқылмыскерлердің жаңа схемасы белгілі болды. 28 қарашада 67 жастағы медбике белгісіз тұлғалардан келген телефон қоңырауына сеніп, шамамен 3,5 млн теңге жоғалтты.
Әйелге алғашқы қоңырау шалған адам өзін домофон сервисінің қызметкерімін деп таныстырып, СМС арқылы келген кодты сұраған. Сол сәттен бастап алаяқтар бірнеше сатыдағы әрекеттер арқылы медбикені сендіріп, ақшаны аударуға көндірген.
Киберполиция азаматтарды сақ болуға шақырады. Мемлекеттік және қаржы ұйымдарының қызметкерлері ешқашан СМС кодын сұрамайды және ақша аударуды талап етпейді. Күдік туындаған жағдайда ресми байланыс арналары арқылы хабарласу қажет.






