1.3 C
Kokshetau
Басты бетЖаңалықтарАқмола облысында Президент сөзі желге ұшты: балалардың көзінше төреші мен жаттықтырушы төбелесті

Ақмола облысында Президент сөзі желге ұшты: балалардың көзінше төреші мен жаттықтырушы төбелесті

Сондай-ақ, оқыңыз...

Ақмола облысының Степногор қаласында Республика күніне арналған панкратион және грэпплинг жарысы өтті. Бірақ ел бірлігі мен спорт рухын дәріптеу орнына, залдың ортасында жұдырықтар сөйлеп кетті.

Көпшіліктің көзінше төреші мен жаттықтырушы төбелесіп қалды. Ең сорақысы — араларында балалар жүгіріп жүрді. Олар – сол екеудің шәкірттері. Кеше ғана «тәртіп, рух, намыс» деп үйреткен ересектер енді өз ашуларын ұстай алмады.

Оқиға Степногордегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде болған.
Бірақ мектеп әкімшілігі дереу жауапкершіліктен қашты:

«Біз тек залды жалға бердік, жарыс жеке клубтың ұйымдастыруымен өтті».

Яғни, Республика күніне арналған шара өткен ғимарат — мемлекеттік, ал төбелескен адамдар — жекеменшік клубтың өкілдері. Салдарынан, мерекелік турнир ұят оқиғамен аяқталды.

Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы да бұл жағдайға түсініктеме беріп,

«Біз мұндай мінез-құлықты айыптаймыз, балалардың көзінше агрессия көрсетуге жол жоқ», – деді.

Алайда, мұндай пікірлер мен «айыптаймыз» деген ресми сөздерден мәселе шешілмейді. Себебі мұның бәрі жүйелік бақылаудың жоқтығын, жеке клубтардың іс-әрекеті ешкімнің жауапкершілігіне кірмейтінін тағы да дәлелдеді.

Биылдың өзінде мұндай мысал аз болған жоқ: Ерейментауда жасөспірім балуан мойнын сындырып алды, Зерендіде демалыс орнында жаттықтырушы полицияға қоқан-лоқы көрсетті, енді міне, Степногорде жаттықтырушы мен төреші төбелесті.

Бәрі – «жеке шара», бәрі – «біздің қатысымыз жоқ».

Бірақ спорт – жеке іс емес, ол – қоғамның айнасы. Сол айна қазір сынды. Оның сынығы – балалардың санасында.

Полиция тергеу жүргізіп жатыр. Бірақ қоғамда басқа сұрақ туындап тұр:
тәртіп пен заң қайда?

Бүгінгі оқиға – жай ғана төбелес емес. Бұл – тәртіптің әлсіреуінің, жауапсыздықтың және моральдық дағдарыстың көрінісі.

Президент «Заң үстемдігі мен тәртіп орнату – басты басымдық» деп отырғанда,
Степногордегі спорт залы соның керісінше суретін көрсетті.

Бір сөзбен айтқанда, Президенттің заңы мен тәртібі бұл жерде жайына қалған.
Жауапсыздық салтанат құрды, ал балалар… әлі де сол залда, жүгіріп жүр.

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз