1.2 C
Kokshetau
Басты бетЖаңалықтар«Көк шалғын»: көрікті жоба ма, көзбояушылық па?

«Көк шалғын»: көрікті жоба ма, көзбояушылық па?

Сондай-ақ, оқыңыз...

Көкшетау қаласының ажарын айшықтай түсетін жаңа қоғамдық кеңістік – «Көк шалғын» аллеясы қазан айының басында салтанатты түрде ашылған еді. Бұл жоба қала тұрғындарына жайлы демалыс аймағын ұсынуды, ал Көкшетаудың өзін өңірлік туризм мен урбанистиканың үлгі қаласына айналдыруды көздеген. Алайда көп ұзамай, жаңа абаттандырылған аймақтың кей тұстарында қайта жөндеу жұмыстары басталып кетті.

Ашылғанына ай өтпей, жөндеу басталды

Тұрғындардың айтуынша, аллеяның кей жерлерінде плиткалар ойылып, қайта төселіп жатыр. Әлеуметтік желілерде «жаңа ашылған жоба неге қайта қазылып жатыр?» деген сұрақтар көбейді.

Ресми деректерге сүйенсек, нысан пайдалануға берілгенімен, қабылдау актілері толық рәсімделмеген. Бұл – соңғы жылдары жиілеп кеткен, бірақ түпкі себебі шешілмей отырған жүйелі мәселе. Жобалар жұртшылыққа «уақытында тапсырылды» деп жарияланып, артынан сол нысандарға қайтадан қаржы бөлінетіні жасырын емес.

Президент бағалаған жобаның қазіргі күйі

Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысына жұмыс сапарымен келіп, қаладағы абаттандыру жұмыстарымен танысқан болатын. Президент Көкшетаудың заманауи, жасыл әрі жайлы қалаға айналып келе жатқанын атап, жаңа жобаларды жоғары бағалаған еді.

Фото: akorda.kz

Алайда сол жобалардың бірі – «Көк шалғын» ашылғанына ай өтпей жөндеу көруі, жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігіне күмән тудырады. Президенттің сенімі мен қоғамның үміті бір күндік салтанат үшін емес, ұзақ мерзімді нәтижеге арналуы тиіс емес пе?

Жүйелі кемшілік пе, жекелеген олқылық па?

Бұл жағдай кездейсоқ па, әлде құрылыс пен абаттандыру саласындағы жүйелі кемшіліктің көрінісі ме? Соңғы жылдары облыс орталығында жүргізілген бірқатар нысандардың сапасы сын көтермей келеді. Жобаның сыртқы сұлулығы бар, бірақ іргетасы әлсіз.

Бір нысан пайдалануға берілген соң, келесі жылы қайта жөндеуге түседі. Бұл – бюджет қаражатының босқа жұмсалуы ғана емес, халық сенімінің әлсіреуіне әкелетін қауіпті үрдіс.

Әсемдік уақытша емес, сапалы болсын

Қала көркі – уақытша жылтырақта емес, ұзақмерзімді сапада. Аллеяның сәні мен жарығы көз тартқанмен, егер оның іргесі берік болмаса, ол жоба халықтың емес, есептің жобасына айналады.

Мұндай мысалдар Көкшетауда ғана емес, өзге өңірлерде де бар. Сол себепті мемлекеттік және жергілікті деңгейдегі бақылау тетіктерін күшейту, мердігерлердің жауапкершілігін нақтылау, сапа үшін талапты қатаңдату – бүгінгі күннің басты міндеті болуы керек.

Түйін

«Көк шалғын» – көрікті жоба, идеясы жақсы. Бірақ идеяның игілікке айналуы – іс сапасына байланысты. Егер әр жоба жарнамалық науқанмен ғана шектеліп, артынан қайта жөндеуге түсіп отырса, бұл – халыққа қызмет ететін мемлекет қағидатына қайшы құбылыс.

Ендеше, Көкшетау төріндегі «Көк шалғын» көптің үмітін ақтайтын нысанға айналсын десек, жылтырақ емес, шынайы сапа мен тұрақты бақылау керек.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Сотталды, бірақ мәселе шешілмеді: атбасарлықтар жаңа үйдің сапасына шағымдануда» тақырыбымен көзбояушылықтың құрбаны болған Атбасар қаласы тұрғындарының жанайқайы туралы мақала жариялаған едік.

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз