Атбасар өңірінің спортшылары республикалық және әлемдік додаларда айтарлықтай жетістіктерге жетіп жүргенін жанкүйерлері жақсы біледі. Қазақстан ауыр атлетикасы сонау 1980 жылдардың тұсында Кеңес одағы бойынша топ жарғаны белгілі. Солардың ішінде 52 кг салмақта атбасарлық Бекбақыт Мананбаев зілтемірді көтеруден Қазақстанның рекордын бірнеше рет жаңарты.
Бекбақыт Абдоллаұлы ауыр атлетикамен 1972 жылы №84 Атбасар кәсіптік техникалық училищесінде оқып жүргенде шұғылдана бастады. Сұңғыла бапкері Александр Артемьевич Сидоровтың есімі елге танымал болатын. Шәкірттерінің арасында әлемнің бірнеше дүркін жеңімпазы, Олимпиада чемпионы А.Храпатый, Кеңес одағының біріншілігінде жүлделі орындарға ие болған халықаралық спорт шебері В. Лебедев тағы басқаларының есімдерін атауға болады.
Осындай тепсе темір үзетін жігіттермен Б. Мананбаев бірге жаттықты. Тағдырдың жазуы болар В. Лебедев пен А.Храпатый жол апатынан қайтыс болды.
Бекбақыт Мананбаев дүбірлі додаларда алынбас биік асуларды бағындырды. Зор табыстарға жетті. 1980 жылы Алматы қаласында өткен КСРО кубогы үшін сайыста 52 кг салмақ дәрежесінде Б. Мананбаев ІІ-орынды иеленді. І-ші орын Олимпиада чемпионы Александр Воронин, ІІІ-ші орын әлемнің бірнеше дүркін рекордшысы, КСРО чемпионы Александр Сеньщинға бұйырды. Сол додада Б. Мананбаев жұлқа көтеруден 102,5 кг нәтижесін көрсетсе, серпи көтеруден 127,5 кг еркін алды.
Қазақстандық ауыр атлетика үшін 52 кг салмақта рекордтық көрсеткіш. Содан бері бұл көрсеткішті күні бүгінге дейін ешкім өзгерте алған жоқ.
«Атбасар қаласындағы ауыр атлетикаға келетін болсақ, белгілі бапкерлер А.Сидоров пен В. Алиференконың ұйымдастыруымен 1960 жылдары үйірме ашылды. Аймағымызда спорттың осы түрі қарқындап дами бастады.
1979 жылы Қазақстан халықтарының спартакиадасында бірінші орынды жеңіп алдым. Оның алдында 1975 жылы Беларусь Республикасы Витебск қаласында өткен Бүкілодақтық ауыл спортшылары арасындағы дүбірлі жарыста 110 кг жұлқа көтеріп, рекорд жасадым. Бапкеріміз А.Сидоров1982 жылы қызмет бабымен Целиноград қаласына ауысты да Атбасардағы ауыр атлетиканың күйі кете бастады.
Училищеде оқып жүргенімде бұйрықпен әскер қатарына шақырылдым. Алматыда спорт ротада әскери борышымды өтедім. Кейін өз еркіммен әскерде қалып прапорщик шенінде қызметімді жалғастырдым. Қазақстан мен КСРО құрама командасының (ЦСКА) мүшесі болдым. 1984 жылы отбасы, үй-ішінің жағдайымен әскерден босап, спортты біржолата доғардым» дейді КСРО-ның спорт шебері, КСРО чемпионы және Қазақстанның алты дүркін чемпионы ел ағасы Бекбақыт Абдоллаұлы.
Спортты қойған соң әртүрлі салада еңбек етті. Жасы келседе 2005 жылы Көкшетау қаласында өткен ардагерлер сайысында зілтемір көтеруден бас жүлдені жеңіп алды. Б. Мананбаевтың есімі «Қазақстан спортшылар-елі» энциклопедиялық анықтамалық кітабына жазылған…
(Кітапта аты-жөні және туған жылы қате көрсетілген. Бекбақыт Мананбаев 1953 жылы 6 желтоқсанда Атбасар қаласында туған)
Темірбек ҚАСЫМЖАНОВ, өлкетанушы(Атбасар қаласы, қыркүйек айы, 2018 жыл).