1.2 C
Kokshetau
Басты бетЖаңалықтарКөкшетаудағы тұрғын үй ауласындағы және мектеп маңындағы гараждар: балалар мен тұрғындарға жайсыздық...

Көкшетаудағы тұрғын үй ауласындағы және мектеп маңындағы гараждар: балалар мен тұрғындарға жайсыздық туғызуда

Сондай-ақ, оқыңыз...

Көкшетау қаласында бірқатар көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында ойын алаңдарының іргесінде заңсыз қойылған металл гараждар әлі де кездеседі. Бұл, ең алдымен, балалардың өміріне тікелей қауіп төндіреді. Ауладағы жеткіншектер кейде сол гараждардың үстіне шығып ойнайды, ал дәл жанынан көліктердің қозғалысы апатқа ұрындыруы әбден мүмкін. Бұдан бөлек, кейбір гараждарға тартылған электр сымдарының қаншалықты қауіпсіз екені беймәлім.

Осы тектес жағдай Көкшетаудағы №19 орта мектептің алдында да байқалады. Жол бойына қойылған гараждар мен сапасыз тротуар мәселені одан әрі күрделендіруде. Бір тұста бар, екінші тұста жоқ жаяулар жолы, шұрық-тесік көлік жүретін бөлік, жол шетін басқан ағаштар – мұның бәрі оқушылардың жүріп-тұруына үлкен кедергі келтіреді. Әсіресе сабақ басталар және аяқталатын уақытта көлік кептелісінен оқушылар амалсыз машиналардың арасымен жүруге мәжбүр. Мұндай көрініс – олардың өмірі мен қауіпсіздігіне төнген қатердің айқын дәлелі.

Жаңбырлы күндері жағдай тіпті қиындайды. Шұрық-тесік жолдар суға толып, балалар мектепке жеткенше киімі су болып, үсті-басы лайға малынады. Бұл – өркениетті қоғамға мүлде жат көрініс.

Жергілікті тұрғындар да алаңдаулы.
Қала тұрғыны Гүлнар Әбдіқалықова: «Балаларымыз мектепке шыққанда әрдайым уайымдаймыз», – десе, Ерлан Сүлейменов: «Көліктер мен гараждардың арасынан өту – нағыз сынақ. Әкімдік дереу шешім қабылдауы тиіс», – дейді.

Шынында да, ХХІ ғасырда көпқабатты тұрғын үйлердің ауласында тауық қорасын елестететін металл гараждардың тұруы қисынға келмейді. Бүгінде әр отбасында кем дегенде бір көлік бар. Егер әркім өз қалауынша аулаға гараж орната берсе, ертеңгі күні жағдайдың қаншалықты ушығатынын елестету қиын емес. Тіпті кезінде құжатын заңдастырып алғандардың өзіне қатысты мәселені қайта қарап, қоғам қауіпсіздігін бірінші орынға қоюға тура келеді. «Мемлекет мұқтаждығы үшін» деген заңдық негіз бар емес пе? Ендеше, неге оны қолдануға батылдық жетпейді?

Әкімдік балалардың жол қауіпсіздігіне жеткілікті деңгейде назар аудармай отырғаны жасырын емес. Ал тұрғындар нақты әрекет күтіп отыр. Тұрғын үй аулалары мен мектеп маңындағы гараждарға толық түгендеу жүргізіп, қауіпті нысандарды жою – уақыт талабы.

Тобықтай түйін: Баланың қауіпсіздігі – қоғамның болашағына деген қамқорлықтың айқын өлшемі. Ендеше, билік балалар үшін қауіпсіз орта құруға нақты қадам жасай ма, әлде қазіргі бейберекет жағдайға көз жұма қарай бере ме?

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Көкшетаудағы балалар алаңы: қаңырап, қауіпті аймаққа айналған» тақырыбында мақала жариялаған едік.

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз