Мәжіліс депутаты Ардақ Назаровтың қоғам назарын аударған соңғы оқиғалары – ойланарлық жағдай. Өз сөздерінде өзін отбасы құндылықтарының қорғаушысы, моральдық ұстанымдардың жақтаушысы ретінде көрсетіп жүрген халық қалаулысы бір емес, бірнеше рет көпшілік алдында сынға қалды, деп хабарлайды Esilnews.kz
Жақында ол Мәжілістің ресми отырысында өз анасына туған күніне арнап құттықтау сөзін айтты. Бұл қадам қоғам тарапынан бірден сынға ілікті. Себебі парламент мінбері – мемлекеттік мәселелер талқыланатын қасиетті орын. Жеке құттықтауларға арналмағаны анық.
Арада көп уақыт өтпей, депутат тағы да ыңғайсыз жағдайда қалды. Журналистердің қарапайым сауалына – еліміздің денсаулық сақтау министрінің есімін айтуға – тосылып қалды. Бұл оқиға оның мемлекеттік істерге қаншалықты қанық екенін көрсетіп берді.
Халық қалаулысына қойылатын басты талап – жауапкершілік пен дайындық. Әрбір мәжілісмен халықтың аманатын арқалап отыр. Сондықтан олардың әр сөзі мен ісі – елдің сеніміне тікелей әсер етеді. «Білмедім», «естімеппін» деген жауаптар – саяси мәдениетке сай келмейтін жағдай.
Бұл жайттар – тек бір адамның қателігі емес, жалпы депутаттық корпустың кәсібилігіне қатысты ой тудырады. Мәжілісте отырған әр өкіл ұлт тағдыры үшін жауапты екенін, халықтың көзі мен құлағы олардың әрекетін жіті бақылап отырғанын ұмытпағаны жөн.
Халықтың сенімі – ең қымбат капитал. Оны жоғалту оңай, ал қайтару қиын. Сондықтан депутаттардың әр сөзі мен ісі парасаттылықпен, білімділікпен, дайындықпен өлшенуі тиіс.






