11.2 C
Kokshetau
Басты бетЖаңалықтарКөкшетаудағы балалар алаңы: қаңырап, қауіпті аймаққа айналған

Көкшетаудағы балалар алаңы: қаңырап, қауіпті аймаққа айналған

Сондай-ақ, оқыңыз...

Көкшетаудың Центральный шағынауданындағы Сүлейменов көшесінің бойындағы балалардың ойын алаңы адам шошырлық күйге түскен. Бір кездері қала басшылығы мақтанышпен ашқан бұл аумақ қазір қаңырап бос қалған тастанды қаладағы иесіз аймақты елестетеді.

Орындықтар жоқ, жыпырлаған қоқыс жәшіктері қирап, айналаға шашылған қоқыс қалдықтарынан көз сүрінеді. Әткеншек, турник, жаттығу құралдарының сірескен темірлері сынған, кейбірінің болттары босап, қозғалған сайын сықырлап тұр. Мұндай жағдайда ойнаған баланың жарақат алу қаупі жоғары.

Алаңды арамшөп басып кеткен, жерлері ойылып, шұңқырларға толған. Былтыр күзде орнатылған жарық бағандарының өзі қисайып, кез келген сәтте құлап кетуі мүмкін. Түнде қараусыз қалған аумақ қараңғылыққа көмкеріліп, қоқыс тастап кететін жерге айналған.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл алаңды бір кездері салтанатты түрде ашып, камера алдында уәде берген шенеуніктер содан бері ат ізін салмаған. Балалар алаңының қаңыраған жай-күйі туралы бірнеше БАҚ пен блогерлер де жазып, бейнематериалдар жариялаған. Алайда одан еш нәтиже шықпады.

– Осы ауданда тұрғаныма 25 жылдай болды. Бір жылдары Қожамжаров әкім болып жүргенде осы алаңды келіп, лентасын қиып ашқан еді. Содан бері бірде-бір әкімнің төбе көрсеткенін көрген жоқпыз. Бүгінгі жағдайы өздеріңіз көріп тұрғандай – аянышты. Бұл масқараға кім жауап береді? – дейді қала тұрғыны Гүлсім Сейітқызы.

Мәселенің ең қауіпті тұсы – балалардың амандығы. Бюджеттен қаржы бөлініп, қағаз жүзінде есеп берілгенімен, іс жүзінде жоба қараусыз қалған. Әкімдіктегілердің бейқамдығы мен бақылаусыздығының кесірінен қарапайым тұрғындар балалары үшін алаңдаулы.

Қала әкімдігі бұл сынға құлақ аса ма, жоқ әлде әдеттегідей «жоспарға енгіздік, қарастырамыз» деп құрғақ сөзбен шектеле ме – ол жағы беймәлім. Бірақ бір нәрсе анық: бүгінгі жағдай балалардың өміріне қауіп төндіретіндей деңгейге жеткен.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Көкшетаулықтарды Абылай хан даңғылындағы тазалық пен инфрақұрылым мәселелері алаңдатып отыр» тақырыбымен мақала жариялаған едік.

spot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз