22.2 C
Kokshetau
Басты бетЗерттеуҚаламмен өрілген өмір

Қаламмен өрілген өмір

Сондай-ақ, оқыңыз...

Бүгінде кітап жазатын жазғыштар  көбейіп кетті. Өзінің отбасы, руы, ауылы, ағайын-туысы туралы өзінен басқа ешкімге қажеті жоқ көр-жерді  көпіртіп жазатындар  ертеден санамызға сіңіп қалған кітап туралы қастерлі ұғымның қадірін кетіріп жатыр. Дегенмен де, шығып жатқан кітаптардың бәрі сондай  арзанқол дүниелер деуге болмайды.  Оқта-текте қолымызға  замана үні мен дәуір тынысын қаламмен өрген салмақты, салиқалы кітаптар да тиіп қалады. Ақмола өңіріне есімі танымал журналист Талғат Қасеннің «Қаламмен өрілген өмір» атты кітабы да сондай замана тынысын баяндайтын салмақты дүние.

Тәуелсіздігімізді алған отыз жылдан астам уақыттың ішінде еліміздің қол жеткен жетістіктері,  тәуелсіз мемлекетті орнату жолындағы атқарылған жақсы істер, даму мен өркендеу жолы жайында жазылған мақалалар, кітаптар аз емес. Бұл тақырып ешкім бармаған тың  тақырып дей алмаймыз, дейтұрғанмен де әркім осы тақырыпты өз хал-қадерінше, қарым-қабылеті жеткенше баяндап жүр.  Жылтыр сөзбен, жалаң цифрларды тізбелеп шығатын немесе әлдебір лауазым иесін көпірте мақтайтын арзанқол жасанды дүниелер жетерлік.

«Қаламмен өрілген өмір» кітабының бір ерекшелігі – қарапайым, ұғынықты  тілмен ел өміріне қатысты өзекті мәселелерді  қозғауында.  Ол өзекті өткір мәселелер автор ретінде үшінші жақтан баяндалмай, тікелей сол салаларға жауап беретін лауазымды адамдар мен мамандардың аузымен  айтылады.  Кітаптың құндылығы да дәл сонда десе болады. Ойдан шығарылған көркем дүние емес, өмірдің өзінен алынған өткір мәселелер, ел, халық өміріне қатысты жайлар  айтылып, мамандар мен құзырлы орган өкілдерінің   қиындықтан шығар жолды қалай табу керектігі  жайындағы ой-ұсыныстары  нақты беріледі. Өз елінде өгей баланың күнін кешкен мемлекеттік мәртебе алған қазақ тілінің жайы, ауылды дамыту, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпті өрге бастыру, құқық, саясат, әлеуметтік өмірге қатысты жүргізілген реформалар жайында келелі әңгімелер  нанымды және шебер баяндалған.

Екі бөлімнен тұратын кітапта халық қалаулылары Мәжіліс және Сенат депутаттарымен сұхбаттар және Үкімет мүшелері, жергілікті әкімдермен әңгімелер түрінде берілген  материалдарда ел өміріне қатысты  барлық салалар туралы мәселелер  қозғалған. Парламент депутаттары Байбол Өтепбаев, Жексенбай Дүйсебаев,  Бекболат Тілеухан, Зәуре Қадырова, Майра Айсина ,  Светлана Жалмағамбетова,  Алдан Смайылов сияқты биік мінберден келелі мәселелерді көтеріп жүрген есімдері елге танымал жандармен сұхбаттарда  қоғамды толғандыратын көптеген мәселелер тілге тиек болған.  Үкімет мүшелері Ауыл шаруашылығы министрлігін әр кезеңдерде басқарған Ахметжан Есімов, Ақылбек Күрішбаев, Әлеуметтік қорғау министрі  Гүлжан Қарағұсова, Ерейментау ауданының әкімі Егор Каппель сияқты  құзырлы орган өкілдері өз салалары бойынша  жан-жақты әңгіме өрбітеді.

Жалпы, кітапта тәуелсіз еліміздің тарихындағы ең ауыр және жауапты кезең болған дағдарыстан енді шығып, ақырындап дамуға бағдар ұстанған 2000-2015 жылдар аралығындағы жайлар қозғалады.  Нақты деректермен, сол салада жұмыс істеген жауапты азаматтардың сөзімен берілген  материалдардың көтеріп тұрған жүгі ауыр. Соған орай ктіапты сол кезеңнің шежіресі десе, артық  айтқандық болмас. Тәуелсіз еліміздің  2000-шы жылдардың басындағы аса ауыр кезеңдегі  өмірін қаламмен өріп шыққан кітап  замана шежіресі болып, оқырмандарының көңілінен шығар дүние ретінде дұрыс бағасын алып,  кітап сөресінен лайықты орнын табатынына сенеміз.

Қалкөз Жүсіп, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі. 

spot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз