Он баланы өсірген әкенің қарттар орталығынан бір-ақ шығуы – бір отбасының ғана емес, тұтас қоғамның ойланатын мәселесі.
Әлеуметтік желіден қарт адамдарға арналған күндізгі күтім орталығының жарнамасын көзіміз шалды. Ұлттық киім киген қариялардың суретінің жанына «Дедсад для пенсионеров» деп жазып қойыпты.
Қарттарға күтім көрсетіп, бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасау – құптарлық бастама. Бірақ қарияларға арналған мекемені «Дедсад» деп атау қаншалықты орынды? Қарттық – балалық шақ емес. Оның өз қадірі, өз орны бар.
Осы жарнаманы көргенде, редакциямызға хабарласқан бір оқырманның әңгімесі есіме түсті.
Бірнеше жыл бұрын ол теледидардан қарттар орталығында жүрген таныс ақсақалды көріпті. Бірден әкесіне хабарласып:
«Әке, мына кісіні танисыз ба? Он баласы бар еді ғой. Қарттар орталығында не істеп жүр?», – деп сұраған.
Әкесі де әлгі қарияны таныған екен.
Оқырманның айтуынша, сексеннен асқан ақсақалдың әйелі қайтыс болғаннан кейін есте сақтау қабілеті нашарлап, кейде өз балаларын да танымай қалатын жағдайға жеткен. Кіші баласының қолында тұрғанымен, отбасы оны күндізгі күтім орталығына апара бастаған.
Әуелде таңертең апарып, кешке алып қайтқан. Кейін демалыс күндері де қалдыратын болған. Уақыт өте келе қария үйіне анда-санда ғана барып, балалары айына бір рет келіп-кетумен шектеліпті.
Осылайша, он баланы өсірген әкенің қарттық шағы күтім орталығында жалғасқан.
Әрине, бұл – оқырманның әңгімесі. Біз отбасының жағдайын толық білмейміз. Қарт адамның денсаулығына байланысты кәсіби күтім қажет болуы да мүмкін. Сондықтан бір оқиғаға қарап, балаларына үкім шығаруға болмайды.
Бірақ бұл жағдай бір маңызды сұрақты алға тартады: ақылы күтім қызметі перзенттік парыздың орнын баса ала ма?
Ата-әже тәрбиесін кім алмастырады?
Қазақ отбасында ата мен әженің орны бөлек еді. Немере әжесінің әлдиін тыңдап, атасының әңгімесін тыңдап өсті. Қариялар тек бала баққан жоқ, ұрпақ тәрбиеледі. Шежіре айтты, салт-дәстүрді үйретті, өмірлік тәжірибесін бөлісті.
Бүгін балаларымызды балабақшаға, үйірмеге, қосымша сабаққа тасимыз. Мұның бәрі қажет. Бірақ олардың бойына үлкенді сыйлау, ата-ананы құрметтеу, қарияға қамқор болу қасиеттерін сіңіріп жүрміз бе?
Бала айтқан ақылдан бұрын, көрген ісінен үлгі алады. Егер ол әке-шешесінің өз ата-анасына қалай қарайтынын көріп өссе, ертең сол әрекетті қайталауы әбден мүмкін.
Бүгін біз баламызды балабақшаға асықтырып апарамыз. Ертең сол бала бізді қарттар орталығына апармасына кім кепіл?
Бұл – балабақшаға қарсы пікір емес. Бұл – тәрбиенің мәні туралы сұрақ.
Абайдың ескертуі
Қазақта «Әкең алжыса, байлап бақ» деген сөз бар. Мұндағы мағына – қартайып, ақыл-есі әлсіреген ата-ананы да қараусыз қалдырмау, перзенттік парызды ұмытпау.
Абайдың оныншы қара сөзінде де осы мәселе қозғалады.
«Біреулер Құдайдан бала тілейді. Ол баланы не қылады? Өлсем орнымды бассын дейді, артымнан Құран оқысын дейді, қартайған күнімде асырасын дейді. Осыдан басқасы бар ма?» деп басталатын қара сөзінде хакім бала тәрбиесінің жауапкершілігін ата-ананың өзіне жүктейді.
Абайдың айтпағы – баладан үміт күтпес бұрын, оны адам етіп тәрбиелеу керек.
Өйткені ата-ананың алдындағы парыз тек материалдық көмекпен өлшенбейді. Кейде қарт адамға қымбат дәріден бұрын баласының жанында отырғаны, бір ауыз жылы сөзі, көңіл бөліп, халін сұрағаны маңызды.
Қарттарды қоғамнан алыстатпайық
Әлемнің кейбір елдерінде қарттарға арналған орталықтар балалар балабақшаларымен бір кешенде жұмыс істейді. Мәселен, Сингапурде екі буынның бірге уақыт өткізуіне мүмкіндік беретін тәжірибе бар. Балалар қариялармен араласып, ән айтып, ойын ойнайды. Ал үлкендер өз тәжірибесімен бөліседі.
Мұның өзі қарттарға күтім жасаумен қатар, ұрпақтар арасындағы байланысты сақтаудың да маңызды екенін көрсетеді.
Бізге де осындай тәсіл қажет. Қарияларды қоғамнан оқшауламай, олардың өмірлік тәжірибесін жас ұрпақ тәрбиесімен ұштастыруға не кедергі?
Қарттарға арналған орталықтардың ашылуына қарсы емеспіз. Денсаулығына байланысты тұрақты күтімді қажет ететін адамдар бар. Бірақ мұндай мекемелер отбасының жауапкершілігін алмастырмауы керек.
Бүгін орталық күндізгі күтім қызметін ұсынып отыр. Ертең оның жұмысы кеңейіп, тәулік бойы қабылдайтын мекемеге айналмасына кім кепіл? Күндіз апарып, кешке алып қайтудың орнына, бірте-бірте сол жерде қалдырып кету қалыпты жағдайға айналмай ма?
Бұл сұраққа алдын ала жауап беру қиын. Бірақ қоғам мұндай үрдіске бейжай қарамауы тиіс.
Елімізде балалар үйінің санын азайтып, жетім балалардың отбасында тәрбиеленуіне жағдай жасауға күш салып келеміз. Бұл – маңызды жетістік. Ендігі міндет – қарттар үйінің көбеюіне жол бермеу.
Балалар үйінің азаюы – қоғамның жетістігі болса, қарттар үйінің көбеймегені – ұрпақ тәрбиесінің көрсеткіші болуға тиіс.
Он баланы өсірген әкенің қартайғанда жалғыз қалуы – ойланатын жағдай. Бүгінгі бала ертең ата-ана болады. Бүгінгі немере ертең ата атанады. Бүгін біз үлкендерге қалай қарасақ, ертеңгі ұрпақтан да сондай қарым-қатынас күтуіміз заңды.
Қарттарымызға пана керек. Бірақ ең жылы пана – өз шаңырағы, ең сенімді қорған – өз перзентінің жүрегі.
Аслан Оспанов, журналист








