Басты бетЖаңалықтарДау емес, диалог: келісімге бастар жол

Дау емес, диалог: келісімге бастар жол

Сондай-ақ, оқыңыз...

Көкшетауда Медиация күні өткен Ақмола облысы Медиация кеңесінің кеңейтілген отырысы қоғамдағы келісім мәдениетін нығайтуға бағытталған маңызды басқосу болды. Жиында медиацияның дауларды шешудегі ғана емес, қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі, этносаралық татулықты сақтаудағы рөлі кеңінен талқыланды. Қатысушылар тәжірибе алмасып, диалог пен өзара түсіністікті дамыту – уақыт талабы екеніне назар аударды.

Көкшетаудың көгілдір таңы бұл жолы да сабырлы қалпынан жаңылған жоқ. Дегенмен «Қоғамдық келісім» КММ ғимаратына жиналған адамдардың жүзінен өзгеше бір жауапкершілік, ортақ іске деген ішкі дайындық аңғарылды. Бұл – жай жиын емес, қоғамдағы түсіністік пен татулықтың тамырын тереңнен таразылауға бағытталған басқосу еді.

Бүгінгі қоғамда дау айту оңай, ал диалог құру қиын. Ал өркениетті елдің басты өлшемі – дәл осы қиын жолды таңдай білуінде. Жиынды ашқан «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Қуаныш Шақшақов келісімнің қоғамдағы орнына тоқталып, оны тұрақтылықтың көзге көрінбейтін, бірақ ең берік іргетасы ретінде бағалады. Оның айтуынша, көпэтносты ортадағы бірлік тек құқықтық нормалармен емес, ең алдымен өзара құрмет пен сенім арқылы қалыптасады.

Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сабырхан Кенжебаев медиацияның мәнін тереңірек тарқатты. Оның пікірінше, медиация – тек дауды шешудің құралы емес, ол – адам санасын тәрбиелейтін қоғамдық мектеп. «Дауды ушықтырмай, дер кезінде тоқтата білу – кемел қоғамның белгісі. Заң үстемдігі қағаз жүзінде емес, күнделікті әрекеттен көрінуі тиіс», деген пікірі жиынның негізгі өзегін айқындап берді.

Кеңес төрағасы Гүлнар Мәдиева келтірген деректер бұл бағыттағы жұмыстың жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқанын көрсетті. Өңірде бүгінде 18 медиация алаңы жұмыс істейді. Онда 10 медиатор – алтауы кәсіби, төртеуі қоғамдық негізде қызмет атқарады. Бұл – тек статистика емес, талай даудың бейбіт жолмен шешімін тапқанын білдіретін нақты нәтиже.

Жыл бойы жүзеге асырылған «Елдесу және тілдесу» жобасы да келісім мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарып келеді. Аталған бастама аясында өндіріс орындары мен білім беру мекемелерінде, жастар орталарында кездесулер ұйымдастырылды. «Kazrost Engineering Ltd», «Гормолзавод», «Қазпошта» сияқты кәсіпорындардан бастап, мектептер мен жоғары оқу орындарына дейін қамтылған бұл жұмыстар бір ғана құндылықты насихаттауға бағытталды – ол өзара түсіністік.

Бұл – жай насихат емес, сананы жаңғыртуға бастайтын үдеріс. Себебі дау – тек сыртқы көрініс, ал оның түп-төркіні көбіне түсініспеушілікте жатыр. Сондықтан бүгінгі медиация тек салдарды жоюмен шектелмей, себептің алдын алуға бағытталып отыр. Әсіресе этносаралық қатынастарда оның маңызы айрықша.

Жиын барысында кеңес мүшелері Герихан Яндиев, Қанат Шегетаев, Гүлмира Ешанова өз тәжірибелерімен бөлісіп, медиацияның қылмыстық істерден бастап атқарушылық өндіріс кезеңіне дейінгі аралықта тиімді қолданылып келе жатқанын нақты мысалдармен жеткізді. Олар этностар арасындағы түсініспеушіліктердің алдын алуда бұл тетіктің орны бөлек екенін атап өтті.

Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Болат Зәкенов өз сөзінде келісім мәдениетін қалыптастыру ұлт болашағы алдындағы жауапкершілік екенін атап өтті. Оның пікірінше, дауласу – өткінші құбылыс, ал түсіністік – қоғам тұрақтылығының берік негізі.

Жиын қорытындысында медиация институтының әлеуетін арттыруға бағытталған бірқатар ұсыныс айтылды. Әсіресе этносаралық қатынастар саласында алдын алу жұмыстарын күшейту қажеттігіне ерекше назар аударылды.

Бүгінде медиация – тек балама құқықтық құрал емес, қоғамдық келісімді сақтаудың, өзара құрмет пен сенімді нығайтудың тиімді тетігіне айналып отыр. Өйткені қазіргі қоғамға ең қажеттісі – қарсы тұру емес, қатар тұру; дауласу емес, келісу.

Иә, дау бар жерде – бөліну бар. Ал диалог бар жерде – бірлік бар.
Бірлігі бекем елдің ертеңі де еңселі болмақ.

Аслан Оспанов, журналист.

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз