Басты бетЖаңалықтарЦифрлық дәуірде есекпен жарысқандай…

Цифрлық дәуірде есекпен жарысқандай…

Сондай-ақ, оқыңыз...

Бүгін ақпараттың жылдамдығы – уақыттың өзімен жарысқа түскендей. Бір жаңалық секунд ішінде әлемді айналып шығады. Бір пікір қоғамның көзқарасын өзгертіп жібере алады. Осындай заманда біз әлі де «ертең газетке шығады» деп өз-өзімізді жұбатамыз.

Күлкілі ме? Иә. Бірақ бұл – ащы күлкі.

Әлеуметтік желі әлдеқашан мінберге айналды. Ақпарат – идеологияның басты қаруына айналды. Кім жылдам, кім нақты, кім ашық – сол жеңеді. Ал бізде кейбір «басшылар» әлі күнге дейін қағазды құтқарушыдай көреді.

Сонда бұл не? Даму ма, әлде дағдыға тәуелділік пе?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыруды экономиканың негізгі қозғаушы күші екенін талай мәрте айтты. Бұл – жай сөз емес, заманның талабы. Бірақ сол талапты ең алдымен түсінуі тиіс саланың өзі – ақпарат кеңістігі – кейде керісінше, ең баяу бейімделіп жатқандай әсер қалдырады.

Әсіресе, сол газеттердің құлағына кенедей жабысып отырған, арты жетпіске таяған, алды сексенге аяқ басқан басшылардың «идеям көп» деп кеуде қағуы – бүгінгі күннің ең ащы ирониясы. Идея көп болуы мүмкін. Бірақ ол идея қай заманға тиесілі? Кеше ме, әлде бүгін бе?

Өйткені бүгінгі аудитория – басқа. Ол газет күтпейді. Ол жаңалықты өзі іздеп отырмайды. Жаңалық оның қалтасында – телефонда.

Ал біздің кейбір мекемелер әлі де баяғы сценариймен өмір сүріп келеді: тағы бір жиналыс, тағы бір жоспар, тағы бір есеп… ал нәтиже? Баяғы қалпы.

Қағаз газет – тарих. Құндылық. Оны ешкім жоққа шығармайды. Бірақ оны жалғыз құралға айналдыру – өз-өзіңді алдау.

Бұл – цифрлық дәуірдің тас жолына есекпен шыққанмен бірдей.

Жылдамдық басқа, бағыт басқа, талап басқа. Ал біз әлі баяғы жүріспен келеміз. Сосын «жастар жоқ», «жастар келмейді» деп таңғаламыз.

Жастар бар. Бірақ олар есекке мінгісі келмейді.

Мәселе осында.

Жүйе өзіне ыңғайлы адамдарды ғана ұстап отыр. Өзгерістен қорқатын, жаңа ойдан қашатын, сын көтермейтін орта қалыптасқан. Мұндай ортада даму болмайды. Тек имитация болады.

Ең қауіптісі – осыны түсінгісі келмейтін көзқарас.
«Біз баяғыдан осылай істеп келеміз» деген сөз – кез келген саланың тоқырауға ұшырағанының алғашқы белгісі.

Уақыт ешкімді күтпейді. Ол алға кетеді. Ал артта қалғандар кейін ақталады.

Бірақ ақталумен даму келмейді.

Сондықтан бүгінгі таңдау қарапайым: не біз заманға бейімделеміз,
не заман бізді айналып өтеді.

Ал «идеям көп» деу үшін бір ғана шарт бар: сол идея бүгінгі күнге қызмет етуі керек.

Қалғаны – өткеннің жаңғырығы ғана.

Еске сала кетсек, бұдан бұрын «Орынтақ пен уақыт: тоқыраған жүйенің үнсіз дағдарысы» тақырыбында мақала жариялаған едік.

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз