Көкшетау қаласындағы негізгі жылу көзі саналатын РК-2 қазандығын жаңартуға Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен 1,1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл қаражат 2025–2026 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық аясында игеріледі.
Аталған шешім Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың инженерлік желілердің тозуын азайту жөніндегі тапсырмасына сәйкес қабылданды. Тиісті қаулыға Премьер-Министр Олжас Бектенов қол қойды.
«Қаражат Ақмола облысының бюджетіне аударылды. Енді бұл қаражат есебінен автоматтандырылған басқару жүйесі, бақылау-өлшеу аспаптары, жылу алмасу беттері және пайдаланылу мерзімі аяқталған жабдықтар толықтай жаңартылады», – деп мәлімдеді Үкіметтің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, ауа жылытқыш кубтарын және басқа да қазандық агрегаттарындағы тораптарды жөндеу жоспарланған.
Айта кетейік, РК-2 қазандығы – Көкшетау қаласын жылумен қамтамасыз ететін негізгі нысан. 1977 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан жылу желілерінің жалпы ұзындығы 188,7 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда құбырлардың басым бөлігі тозған, алайда жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Өткен жылы да Үкімет резервінен бөлінген қаражат есебінен 6 шақырым магистральді желі мен екі қазандық агрегаты жөнделген болатын. Нәтижесінде, желілердің тозу деңгейі 45%-дан 43%-ға төмендеді, ал апаттар саны 62-ден 47-ге азайған.
Мамандардың айтуынша, жүргізіліп жатқан кешенді жұмыстар қаланың жылу жүйесінің сенімділігін арттырып, алдағы жылу беру маусымын қиындықсыз өткізуге мүмкіндік береді.