16.3 C
Kokshetau
Басты бетЖаңалықтарАқмола облысы - туристерге қолайлы инфрақұрылым жасақтауда

Ақмола облысы — туристерге қолайлы инфрақұрылым жасақтауда

Сондай-ақ, оқыңыз...

Ақмола облысы – елдегі жетекші туристік бағыттардың біріне айналып келеді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша өңірге 1 миллионнан астам турист келген. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 3%-ға артық көрсеткіш. Оның ішінде 577 мыңға жуық адам ұлттық парктерді араласа, 420 мыңнан астам турист қонақ үйлер мен демалыс базаларында тоқтаған.

Облыстың басты туристік аймағы – бұрынғысынша Щучье-Бурабай курорттық аймағы. Мұнда өңірдегі барлық туристік белсенділіктің 90%-ы шоғырланған. Тек былтырғы жылдың өзінде Бурабай ауданындағы көрсетілген қызмет көлемі 113%-ға өсіп, 18,9 млрд теңгені құрады. Курорттық аймақ белсенді дамуда: жолдар салынып, инженерлік желілер жаңартылып, жаңа қонақ үйлер мен ойын-сауық нысандары ашылуда. ЩБКА-ны 2029 жылға дейін дамытуға арналған кешенді жоспар аясында жалпы сомасы 137 млрд теңгеден асатын 118 іс-шараны жүзеге асыру көзделген.

Басты басымдықтардың қатарында – сапалы сумен жабдықтау мен су тарту жүйесін жақсарту, көше-жол желісін қайта құру, көпфункционалды конгресс-орталық салу, жағажайларды абаттандыру және «Ақбура», Қатаркөл мен Жүкей көлдері сияқты жаңа туристік локацияларды дамыту бар. Сонымен қатар, Щучье дендрологиялық саябағын жаңғырту жұмыстары басталып кетті. Бұл аумақ экотуризмнің жаңа орталығына айналуы тиіс.

Өңірдің инвестициялық тартымдылығына да ерекше назар аударылуда. 2024 жылы курорттық аймақта 3 млрд теңгеге жуық қаражатқа 5 ірі жоба жүзеге асырылды. Олардың қатарында – Щучье көлінің жағалауындағы бутик-қонақ үй, «Altay Resort» секілді танымал нысандарды қайта жөндеу және жаңа демалыс аймақтарын салу бар. Қазір «Wyndham» мен «Hilton» сияқты халықаралық қонақ үй желілерінің жобалары жүзеге асырылу үстінде.

Астаналық агломерацияға жақын туристік кластер де дамып келеді. Жақында басым аумақтар қатарына енген Ақкөл ауданына бүгінде 4,5 млрд теңгеден астам жеке инвестиция тартылған. Мұнда елімізде дәстүрлі курорттардан тыс аймақтағы алғашқы халықаралық деңгейдегі қонақ үй — Wyndham Residences Aqkol ашылды. Жақын жылдары коттедж қалашығы, SPA-кешені мен Ramada курорты сынды бірнеше жаңа нысанның құрылысы жоспарлануда.

Туризмнің әлеуеті Зеренді, Біржан сал және Сандықтау аудандарында да қарқынды ашылуда. Бұл аймақтарда шағын және орта бизнесті қолдау, мемлекеттік қолдау шараларын енгізу, жаңа туристік бағыттар мен демалыс базаларын ашу қолға алынған. Дегенмен, кейбір өңірлерде шешімін күткен мәселелер де бар: мысалы, Сандықтау ауданында жол инфрақұрылымын жаңарту қажет.

Өңірлік логистика да дамып келеді. 2025 жылы Көкшетау — Қызылорда бағытындағы жаңа әуе рейсі ашылады, «Курорт-Бурабай» теміржол станциясы жаңғыртылады, жаз мезгілінде тікұшақпен шолу экскурсиялары іске қосылады.

Туристердің қауіпсіздігі мен жайлылығы да басты назарда. Биыл 79 бейнебақылау камерасы орнатылады, сондай-ақ екі су-құтқару станциясының құрылысы аяқталады. Цифрландыру бағытында да жұмыс жүргізілуде: 7 жаңа ұялы байланыс мұнарасы орнатылып, мобильді интернеттің сапасы жақсаруда.

Экология — тағы бір маңызды басымдық. Бурабай ауданында қалдықтарды бөлек жинау және өңдеу жүйесін қамтамасыз ететін қоқыс өңдеу кешенінің құрылысы басталды. Жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмі арқылы жүзеге асырылуда.

Инфрақұрылымдық жобалармен қатар, оқиғалы туризм де дамып келеді. 2025 жылы өңірде 25 ірі іс-шара өткізу жоспарланған, олардың қатарында халықаралық және республикалық деңгейдегі жобалар бар. Бұл шараларға 30 мыңнан астам адам қатысады деп күтілуде.

Ақмола облысы туризмді орнықты дамыту бағытын берік ұстанған. Өңір даму бағытын айқын айқындап отыр: жайлылық, қауіпсіздік, инвестициялық тартымдылық, цифрландыру және экологиялық тұрақтылық. Бұл – өңірге келген әрбір туристің қайта оралғысы келуі үшін жасалып жатқан жүйелі жұмыстар.

spot_img
spot_img
Мәселе
spot_img
Барлық мақалалар

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз