Өткен аптада интернеттік ақпарат желілерінде талқыланған ең өзекті мәселе – Зеленскиидің Батыс пен АҚШ елінің басшыларына жасаған мәлімдемесі болды. Украина президенті АҚШ пен Батыс елдерінің басшыларының алдына не Украинаны жеделдетіп НАТО альянсына қабылдайсыңдар, болмаған жағдайда қысқа мерзім ішінде өз ядролық қаруымызды жасап аламыз деген шарт қойды. Осыған орай Ресей ақпарат құралдарында осы саланың мамандары арасында Украинаның өз ядролық қаруын жасап алу мүмкіндігіне байланысты түрлі әңгімелер айтылды.
1994 жылы Венгрияның астанасы Будапешт қаласында әлемдік көшбасшы мемлекеттер АҚШ пен Ресей Федерациясы президенттері Украина мен Қазақстанның ядролық қарудан өз еріктерімен бас тартуына арналған меморандумға қол қойды. Ол меморандумда АҚШ пен Ресей ядролық қарудан бас тартқан Қазақстан мен Украинаның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығына, қауіпсіздігіне кепілдік беретінін мәлімдеген. Сол тұста Украина ядролық қару саны мен қуаттылығы бойынша АҚШ-тан кейінгі екінші мемлекет болған еді. Дегенмен де, Будапешт меморандумын 2014 жылы Ресей дөрекі түрде бұзып, Украинадан Қырымды тартып алды. Ол аз болғандай, Луганск мен Донецк облыстарына әскерін кіргізіп, орыс ұлтының өкілдерін қорғаймыз деген желеумен біраз аумақты өз бақылауларына алды. Ал 2022 жылы ақпан айында ашықтан ашық Укрианаға басып кірді. Бұның өзі Ресей үшін халықаралық құжаттар мен келісімдердің көк тиындық құны жоқ екендігін анық көсретіп берді.
Қазір Украина мен Ресей арасындағы соғыстың жүріп жатқанына үш жылдай уақыт өтті. Ресейдің 600 мыңнан астам солдаты қаза тауып, милиондаған жауынгер жараланды немесе мүгедек болып қалды. Укриаинаның көптеген қалалары мен елді мекендері жермен жексен болып қирады, мыңдаған бейбіт тұрғындар қаза тауып, миллиондаған украиндықтар елден кетуге мәжбүр болды. Қанды қырғынның қашан аяқталары белгісіз. Өткен әрбір күн жүздеген, мыңдаған адамның өмірін жалмап жұтып жатыр. Ресейдің ядролық қаруынан қорыққан Батыс елдері Украинаға әскери көмек бергенімен, өздері берген қарумен Ресей аумағын атқылауға тиым салып отыр. Соның салдарына аяғы тұсалған аттай, украиндықтар тек өз аумағында ғана еркін соғыс қимылдарын жасап, Ресейдің аумағындағы әскери нысандарға соққы жасай алмай отыр. Украиндықтар тек соңғы кезде ғана өздері жасап шығарған ұшқышсыз ұшақтармен Ресей аумағына шабуыл жасауда. Бірақ оның мүмкіндігі шектеулі. Осыған орай, соғысты қысқа мерзім ішінде аяқтау үшін Украинаға Ресей аумағына батыл соққылар жасайтын алыстан ататын қарулар керек. Ондай қаруды Батыс елдері де, АҚШ та Украинаға беруден тартыншақтап отыр.
Міне, осындай жағдайда Украина президентінің Батыс елдерінің алдына қойған үзілді-кесілді талабы АҚШ пен Батыс елдерінің билігін тығырыққа тірегендей. Егер Украинаны НАТО альянсына алатын болса, онда Ресеймен арадағы соғыс енді НАТО-мен соғысқа айналады. Ал егер де, бұл ұсыныстан бас тартса, онда Украина өз ядролық қаруын жасайды.
Украинаның өз ядролық қаруын жасап алу мүмкіндігі қандай? Бұл мәселе бойынша өз пікірлерін білдірген ресейлік мамандардың пайымынша, Украина ары кетсе үш-төрт айда өз ядролық қаруын жасап алады. Ядролық қару үшін ең алдымен байытылған уран қажет болатыны белгілі. Ал уранды байыту ұзақ жылдарға созылатын өте күрделі шаруа. Ресей мамандарының айтуынша, 4 бірдей АЭС-і бар Украинада байтылған уран қоры бар. Өйткені, АЭС үшін байтылған уран қажет, оны біраз уақыт пайдаланған соң, ауыстырып отырады. АЭС-те пайдаланылған байтылған уран қоры бар Украинада ядролық қару жасайтын мамандар да жеткілікті. Сондықтан да, Украина президентінің айтқаны жалаң жылтыр сөз емес, нақты негізге сүйенген мәлімдеме.
Қазір өзгелерді былай қойып, ресейлік біраз саясаткерлер де Украинаға басып кіру Путиннің үлкен қателігі болғандығын ашық айтуда. Үш күнде Киевті алып, қысқа мерзімде соғысты аяқтаймыз деп дәмеленген Ресейдің қазіргі жайы өте қиын. Украина өз ядролық қаруын жасайтын болса, онда Ресейдің ең соңғы қоқан-лоққы жасау мүмкіндігі жоғалмақ. Бұл шиеленісті жағдай қалай аяқталады? Оны уақыт көрсетеді.
Қалкөз Жүсіп.