Басты бетӨзектіДақпырттың астарында не бар?

Дақпырттың астарында не бар?

Сондай-ақ, оқыңыз...

Әлеуметтік желілерде қараша айының 17-де хакерлердің шабуылынан көптеген елдерде интернет жұмысын тоқтатады, соның салдарынан адамдардың банктерде сақтаған ақшалары жоғалып кетеді екен деген ақпарат таралып жатыр. «Ақшаларыңды алып алыңдар, әйтпесе айрылып қаласыңдар» деп жұрттың үрейін ұшырып жатқан блогерлер бар.

Осы жайға орай, мемлекеттік ақпарат көздерінен бұның жәй дақпырт екендігін айтып, жұртты сабырлылыққа шақырған хабарлар таралды. Соңғы уақыттағы Еуропаның бірқатар елдерінде болып жатқан келеңсіз оқиғалар қарапайым халықты қатты алаңдатуда. Парижде бейбіт түрде басталған шерудің соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласып, қаншама дүкендер мен сауда орындары тоналғандығы, қиратылғандығы жайында ақпараттар таралды. Бұндай келеңсіз жайлар Италияда да орын алған. Германияда сондай тәртіпсіздіктер болады деген күдікпен үлкен қалаларда сауда орындарын қоршаумен қоршап жатқаны жайында видеолар әлеуметтік желілерде жүр.

Күні кеше Парагвайда үлкен бір банктің клиенттерінің қосымшаға кіре алмай, ақшаларын шығару мүмкіндігінен айрылып қалғандығы жайындағы ақпараттар интернетте кең таралып жатыр. Қарызға батқан банк активтерін ұлттық банк бұғаттап, соның салдарынан оның клиенттері интернет қосымшасы арқылы өз есепшоттарына қолжетімділігінен айрылған. Осыған наразы болған милиондаған адам көшеге шығуда.

Ал бірқатар еуропалық мемлекеттерде хакерлердің шабуылының салдарынан тоңазтқыш құрылғылары істен шығып, соның салдарынан көп азық-түлік бүлінген. Бұның өзі сауда орындарын азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуге үлкен кедергісін келтірген.

Бірінен бірі өтетін осындай келеңсіз жайлардың орын алуы шынын айтқанда әлем халықтарын алаңдатып отыр. 17 қарашада әлем елдерінде ұзақ мерзімге интернет өшіріледі, соның салдарынан адамдар банктегі ақшаларынан айрылады деген алып-қашты дақпырттың шығуына да әлемнің әр түкпірінде болып жатқан келеңсіз жайлардың әсері болғаны анық. Осындай аласапыран жағдайларды пайдаланып, жұрттың үрейін алып, тегіс жерден ақша тапқысы келетін пысықайлардың шығатыны өмір тәжірибесінен белгілі жай.

Әлемнің әр аймағында болып жатқан осындай келеңсіз жайлардың астарына үңіліп, талдау жасай қарасақ, оңай жолмен олжа тапқысы келетін ниеті арам әлдебір топтардың барлығын аңғаруға болатындай. Таяуда ғана криптовалюта нарығындағы ең ірі биржалардың бірі саналатын Бинанстың есепшотынан бір түнде 6,5 млрд доллар ақша қолды болған еді. Қыруар қаржыны хакерлер ұрлапты дейді. Ол ақшаның бір есепшотта тұрмағаны белгілі. Мыңдаған клиенттердің есепшотына бір мезгілде еніп, оны алып шыққан соң із жасыру мақсатында аралық шоттарға аударып, одан басқа жаққа алып шығарып әкеткен хакерлердің жәй адамдар еместігі анық. Яғни, олар ұйымдасқан үлкен топ. Оны ықпалды ұйымдастырушы, әр салада отырған өз адамдары, түрлі саланың кәсіби мықты мамандары болғаны даусыз.

17 қарашада үлкен хакерлік шабуылдардың дайындалып жатқандығы туралы ақпараттың астарында халықты алдын ала үрейлендіру, сол арқылы ұйымдасқан қаскөйлер тобының  өздерінің жымысқы арам ниеттерін іске асырудың амалдарын жасауға талпынысы жатқан сияқты.

Бинанс секілді алпауыт компанияның өз шоттарын хакерлердің шабуылынан дұрыс қорғай алмауы егер де хакерлер тарапынан шабуыл болған жағдайда біздің еліміздегі екінші деңгейлі банктердің ахуалының қандай болатынын аңғартады. Қазақстандық банктерде, тіпті алаяқтар қашықтан азаматтардың атына үлкен сомада кредиттер рәсімдеп, іздерін таптыртпай ақша ұрлап жататындығын көріп, естіп жүрміз. Бинанстың милиардтарын әп сәтте үптеп кеткен хакерлер біздің банктерге шабуыл жасай қалса, олардың ахуалы қандай болмақ? Оны ойлаудың өзі қорқынышты. Құдай бетін аулақ қылсын дейміз.

Экс президент Назарбаевтың жолдауларының бірінде елімізді кибершабуылдардан қорғау мәселесі назарға алынып еді. Қазір де бұл мәселе өте өзекті болып тұр. Парагвайдағы банктің оқиғасы осыны нақты көрсетеді. Жалпы банктерді хакерлердің шабуылдарынан қорғау мәселесі Үкімет тарапынан қатаң назарға алынуы керек. Сондай-ақ, алдағы болатын хакерлік шабуылдар жайындағы ақпараттардың таралуының астарында да қаскүнемдік ниеттің жатқаны анық. Оны кім таратты, ол кімге пайдалы? Бұл жайында құқық органдары анықтауы қажет.

17 қарашада ешқандай қатер болмайды, бәрі бос дақпырт деп құзырлы органдардың халықты сабырлылыққа шақыруы дұрыс қадам, дегенмен де, бұл жеткіліксіз. Ең алдымен,  осы ақпартты кім таратып жатқаны және оның астарында не бар екендігі анықталуы керек. Және ең бастысы, «Сақтансаң сақтайды» дегендей, банктеріміздің хакерлердің шабуылынан қорғану шараларына қаншалықты көңіл бөліп отырғандығы қадағалануы қажет.

Банк депозиттері процентінің өсуіне орай, соңғы жылдарда банк салымшыларының саны да, ақша салымы да еселеп артты. Қазір трилиондаған теңгемен өлшенетін депозиттердің барлығын ескерсек, ұры хакерлердің сұғын қадайтын себеп бар екенін аңғаруға болады. Сондықтан, адамдардың тізтырнақтап жиған ақшаларынан бір-ақ сәтте айрылып, жер соғып қалмасын десек, бұл мәселе үкіметтік деңгейде барынша назарға алынып, бақылануы тиіс.

Қалкөз Жүсіп.

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз