Басты бетЖаңалықтарАқмола облысы елордадағы ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері маусымын қорытындылады

Ақмола облысы елордадағы ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері маусымын қорытындылады

Сондай-ақ, оқыңыз...

Ақмола облысы Астанада өткен өңірлік ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің маусымын қорытындылады. Елорда тұрғындары мен қонақтарына 50-ден астам түрлі өнім ұсынылып, саудаға шығарылған тауарлардың жалпы көлемі мың тоннадан асты. Жәрмеңке отандық өнімдерді қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік беріп қана қоймай, өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін танытатын маңызды алаңға айналды.

«Қазанат» ипподромында шаруаларға арналған 140 сауда орны ұйымдастырылды. Жәрмеңкеге Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов та барды.

Сауда сөрелерінде ет және шұжық өнімдері, сүт тағамдары, жаңа ауланған балық, ұн, жарма, өсімдік майы, картоп пен көкөністер болды. Бұдан бөлек, елордаға 350 мың дана жұмыртқа жеткізілді. Сондай-ақ келушілер отын, көшет және өзге де маусымдық тауарларды сатып ала алды.

Тұрғындар үшін өңір өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынып, түрлі викториналар ұйымдастырды. Қонақтар ұлттық нақыштағы фотозонада суретке түсіп, ECO Birlik экологиялық акциясына да қатысты. Оның аясында пластик қалдықтарын қайта өңдеуге тапсырған азаматтарға естелік сыйлықтар берілді. Волонтерлер сатып алушыларға тауарларын көліктеріне дейін жеткізуге көмектесті.

Ақмола облысы Астананың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде айрықша орын алады. Қаладағы сүт өнімдеріне деген сұраныстың шамамен 40 пайызы, яғни тәулігіне 140 тоннаға жуығы өңірдің үлесінде.

Ет жеткізілімінің 30 пайызына жуығы немесе күніне 80 тонна, ал тағамдық жұмыртқа қажеттілігінің 80 пайызы, яғни тәулігіне шамамен 700 мың данасы Ақмола облысының шаруашылықтары есебінен қамтамасыз етіледі.

«Біз елордаға мың тоннадан астам өнім жеткізіп, тұрғындарға сапалы отандық тауарларды қолжетімді бағамен ұсындық. Дегенмен, біздің мақсатымыз мұнымен шектелмейді. Алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, өнім өткізу нарығын кеңейту арқылы Астананы ғана емес, еліміздің өзге де өңірлерін азық-түлікпен қамтамасыз етуді көздеп отырмыз. Мемлекет басшысы өз Жолдауында ет кластерін дамытудың маңыздылығына тоқталды. Бұл бағытта облыста жүйелі жұмыс жүргізілуде. Атап айтқанда, асыл тұқымды мал әкелініп, фермерлік шаруашылықтар қолдау тауып, мал басын көбейтуге қажетті жағдай жасалуда. Ақмола облысы «Береке» бағдарламасы бойынша қаржыландыруға ие болған алғашқы өңірлердің бірі атанып, оның аясында ең жоғары қолдау көлемін алды», – деді облыс әкімі Марат Ахметжанов.

Өңірде мал шаруашылығын өркендетіп, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыруға бағытталған бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Солардың бірі – Ерейментау ет кластері. Жоба аясында жалпы қуаты 20 мың басқа арналған үш репродукторлық шаруашылық пен 30 мың басқа арналған бордақылау алаңын құру, сондай-ақ 300-ге жуық фермерлік шаруашылықты біріктіру жоспарланған.

Сүтті мал шаруашылығы саласында да оң өзгерістер бар. Соңғы үш жылда облыста жалпы қуаты 5,8 мың басқа арналған алты сүт-тауар фермасы іске қосылды. 2026–2028 жылдары тағы алты осындай кешен салу көзделген. Жаңа нысандардың пайдалануға берілуі 2030 жылға қарай тауарлы сүт өндірісін екі есеге жуық арттыруға мүмкіндік береді.

Етті мал шаруашылығын дамытудағы маңызды қадамдардың бірі – дорпер тұқымды 1,1 мың бас асыл тұқымды қойдың жеткізілуі. Бұл – кәсіпкерлікті жеңілдікпен несиелендіруге арналған «Береке» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан ірі жобаның алғашқы кезеңі.

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз