Басты бетСөз салмағыҰстаздың бағасы – шәкірттің жауапкершілігі

Ұстаздың бағасы – шәкірттің жауапкершілігі

Сондай-ақ, оқыңыз...

Адамның өмір жолында бағыт сілтеп, бойындағы қабілеттің көзін ашатын жандар болады. Олардың бірі белгілі бір кезеңде жол көрсетсе, енді бірі өмір бойы рухани бағдаршыңа айналады. Мен үшін журналистикадағы сондай ұстаз – Қалкөз Жүсіп.

Бүгін жарияланған «Еркектің құны қалтасымен өлшене ме?» деген сараптамалық мақаламды оқып, Қалкөз ағам жылы пікірін білдірді. Отыз үш жыл журналистикада еңбек еткен тәжірибелі қаламгердің бағасы көңіліме қуаныш ұялатып қана қойған жоқ, кәсіби жауапкершілігімді де арттырды. Ұстаздың сенімі дегеніміз – шәкіртке көрсетілген құрмет қана емес, оның алдағы қадамына артылған үміт.

Шындығында, ұстазым еңбегіме бұған дейін де талай рет оң бағасын беріп, жылы лебізін білдіріп келеді. Әр сөзі көңілге демеу, қаламға қуат сыйлайды. Бұл жолы да ағамның ықыласты пікірі жүрегімді жылытып, ойыма ой қосты. Бірақ ризашылығымды «рақмет» деген бір ауыз сөзбен ғана шектегім келмеді. Кейде алғыс сөзбен айтылғаннан гөрі, ақ қағазға түскенде тереңірек сезіледі. Сондықтан бұл жолы қолыма қалам алып, талай жылдан бері журналистикадағы жолыма бағыт-бағдар беріп келе жатқан ұстазым туралы жүрекжарды ойымды жазуды жөн көрдім. Бұл – ағамның жылы сөзіне деген жауап қана емес, оның еңбегі мен өнегесіне деген шынайы құрметімнің көрінісі.

Қалкөз ағаммен «Арқа ажарында» бірге еңбек еткен жылдар мен үшін үлкен мектеп болды. Газетте тілші болып жүргенде одан көп нәрсе үйрендім. Тақырыптың тереңіне бойлау, деректің байыбына бару, оқиғаның сыртқы көрінісімен шектелмей, ішкі мәнін іздеу, сөздің парқын тану – осының бәрі журналистің кәсіби болмысын қалыптастыратын қасиеттер. Кейде бір ауыз ескерту тұтас бір дәрістің жүгін көтереді. Нағыз ұстаз шәкіртіне қалам ұстауды ғана емес, сол қаламға жауап беруді де үйретеді.

Қалкөз Жүсіп – осы өңірдің журналистикасындағы қаламы қарымды журналистердің бірі емес, бірегейі. Бұл – ағалық жолын сыйлаған көңілдің әсіре бағасы емес, еңбегін таныған шәкірттің шынайы пікірі. Қаламгердің қадірі жазған дүниесінің санымен ғана емес, сапасымен, ойының тереңдігімен, сөзінің салмағымен өлшенеді. Осы тұрғыдан алғанда, Қалкөз ағамның журналистік жолы – кейінгі буынға өнеге, кәсіби талғамның биік өлшемі.

Ағам қазір құрметті зейнет демалысында болғанымен, журналистикадан қол үзген жоқ. Қаламын қаперге қойып, өткен күндерін еске алумен шектелетін жан емес. Әлі де ізденіс үстінде, қоғамның көкейкесті мәселелеріне үн қосып келеді. ESILNEWS сайтында жарияланып жүрген сараптамалық мақалалары оқырманды ойлануға, құбылыстардың байыбына баруға, өмірге сын көзбен қарауға жетелейді. Бұл – журналистиканы жай кәсіп емес, азаматтық ұстаным, қоғам алдындағы жауапкершілік деп түсінетін қаламгерге тән қасиет. Өйткені зейнетке шығуға болады, бірақ жүрек қалаған істен, елге айтар ойыңнан зейнетке шығу қиын.

Ұстазымнан түйген тағылымның бірі – кәсіпке немқұрайды қарамау. Біреу жұмысты күнкөрістің амалы деп түсінеді, енді біреу оны өзін шыңдайтын, қабілетін танытатын мүмкіндік деп біледі. Екеуінің айырмасы бірден байқалмауы мүмкін. Бірақ жылдар өте келе айқындала түседі. Өз ісіне шығармашылықпен қарайтын адам үнемі ізденеді, оқиды, үйренеді. Жұмысынан тек табыс емес, қанағат табады. Уақыт өте келе кәсібінің шеберіне айналады.

Журналистикада да солай. Күнделікті ақпарат жазу машықты қалыптастырса, сараптама мәселенің астарына үңіліп, себеп-салдарын таразылауды талап етеді. Ақпарат оқырманға не болғанын жеткізсе, сараптама оның мәнін ұғындыруға ұмтылады. Мұның бәрі үздіксіз ізденісті, білімді толықтыруды, әр сөзге жауапкершілікпен қарауды қажет етеді.

Қалкөз ағамның менің мақалам туралы айтқан жылы пікірі осы жолдағы еңбегіме демеу болды. Еңбегіңді түсінетін, кәсібіңнің қыр-сырын білетін адамның бағасы қымбат. Бірақ одан да маңыздысы – сол сенімге лайық болу. Өйткені журналистикада жеттім деген жерің тоқтайтын жерің емес. Кәсіби шеберлік бір күнде қалыптаспайды, бір жетістікпен де шектелмейді. Ол – күн сайын өзіңе талап қойып, кешегіңнен асып түсуге ұмтылудың нәтижесі.

Адамның бақыты да, бәлкім, осында жатқан шығар. Өз ісіңді сүйіп атқару, еңбегіңнен мағына табу, өзгеге пайдаң тигенін сезіну, күн сайын бір нәрсені үйреніп, өскеніңді байқау – үлкен қанағаттың көзі. Табыс та керек, тұрмыс та керек. Бірақ кәсіптің қадірі қалтаға түскен қаражатпен ғана өлшенбейді. Жұмысың жаныңды байытып, ойыңды өсіріп, өміріңе мән берсе, одан артық қандай қанағат болуы мүмкін?

Мен үшін Қалкөз ағам – өткен күннің естелігі болып қалған ұстаз емес, бүгінгі кәсіби ұстанымыма ықпал етіп келе жатқан рухани бағдаршым. Газетте бірге еңбек еткен жылдар алыстағанымен, сол кезеңде алған тағылымның қадірі кеміген жоқ. Қайта уақыт өткен сайын ұстаздан үйренген дүниелердің мәнін тереңірек түсініп келемін.

Менің журналистикада қаламымның сиясы кепкенше, қолыма қалам ұстап, сөзге қызмет етіп жүргенімде, Қалкөз ағам маған ұстаз болып қала береді.

Өйткені шын ұстаздың қадірі бірге жүрген жылдармен өлшенбейді. Оның шәкірт жүрегіне сіңірген өнегесімен, кәсіби жолына қалдырған ізімен өлшенеді. Уақыт өтеді, талай дүние өзгереді. Ал жүрекке орныққан ұстаздық тағылым ескірмейді.

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз