Басты бетКөзқарасҚазақ әнінің айналасына ұйысқан жүректер

Қазақ әнінің айналасына ұйысқан жүректер

Сондай-ақ, оқыңыз...

Халықтарды жақындастыратын ең ізгі жолдың бірі — бір-бірінің мәдениетін құрметтеп, рухани құндылықтарын жүрекпен қабылдау. Бұл ретте әннің орны бөлек. Әуен арқылы халықтың мінезін, мұңын, қуанышы мен арманын тануға болады. Ал өзге жұрттың әнін ықыласпен орындау — оның мәдениетіне деген құрметтің бір көрінісі.

17 қазанда Көкшетаудағы «Достар» мәдениет сарайында өткен «Халық жаны — әнде» республикалық фестивалі осының жарқын дәлелі болды. Тәуелсіздіктің 35 жылдығына мен Республика күніне арналған өнер мерекесіне еліміздің бірнеше өңірінен шығармашылық ұжымдар жиналды. Әртүрлі этнос өкілдерін бір сахнаға тоғыстырған бұл шараның өзегінде қазақ мәдениетіне құрмет, мемлекеттік тілге ықылас және ортақ Отанға деген сүйіспеншілік жатты.

Фестивальдің ең әсерлі тұстарының бірі — өзге этнос өкілдерінің қазақ тілінде ән орындауы. Сахнадан шырқалған қазақ әндері тыңдаушыға таныс әуенімен ғана емес, орындаушылардың мемлекеттік тілге деген құрметімен де қымбат еді. Бірі әннің сырлы сазын жеткізсе, енді бірі сөздің мағынасын сезініп, жүрекке жол табуға ұмтылды. Осы көріністің өзінен қазақ мәдениетінің төңірегіне ұйысқан адамдардың ортақ рухани кеңістігін аңғаруға болатын.

Қазақ әні — халықтың тарихы мен тағдырын, даланың кеңдігін, көңілдің тереңдігін бойына сіңірген асыл мұра. Оның әуезінде сағыныш та, шаттық та, туған жерге деген перзенттік махаббат та бар. Сол әндерді өзге этнос өкілдерінің орындауы қазақ мәдениетінің адамдарды жақындастыратын қуатын танытты. Бұл — біреудің болмысын екіншісіне таңу емес, әркімнің өз ерекшелігін сақтай отырып, ортақ құндылықтарды қадірлеуі.

Мемлекеттік тілге құрмет осындай табиғи ықыластан басталғанда, оның мәні де тереңдей түседі. Қазақ тілінде ән айту — сөздерді қайталау ғана емес, сол тілдің әуезін сезіну, мазмұнын ұғыну, рухани әлеміне жақындау. Ал мұндай ықылас қазақ мәдениетін тануға, оның байлығын бағалауға жол ашады. Тілдің біріктіруші күшін де осындай сәттерден көреміз.

Фестивальге Астана, Теміртау, Қостанай, Көкшетау қалаларынан, сондай-ақ Бурабай ауданының Қатаркөл кенті мен Зеренді ауданының Приречное ауылынан өнерпаздар қатысты. Мемлекеттік және орыс тілдерінде отыздан астам музыкалық нөмір орындалды. Байқау «Мемлекеттік тілде ән орындаған өзге этнос өкілі», «Үздік жеке орындаушы», «Үздік дуэт» және «Үздік ансамбль» аталымдары бойынша өтіп, жеңімпаздарға дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Фестивальді Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен «Қазақстанның орыс, славян және казак этномәдени бірлестіктері» ЗТБ Ақмола облыстық филиалы ұйымдастырды. Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сабырхан Кенжебаев құттықтау сөзінде мұндай шаралардың қоғамдық келісімді нығайтуға, ұрпақтар сабақтастығын сақтауға және өңірлер арасындағы мәдени ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететінін атап өтті. Бірлестіктің бұрынғы төрағасы Геннадий Осиненко да қатысушыларға шығармашылық табыс тіледі.

Алайда мұндай кездесудің мәні марапаттармен немесе орындалған әндердің санымен шектелмейді. Ең маңыздысы — сахнада қазақ әнінің өзге этнос өкілдерінің орындауында жаңғырып, тыңдаушының жүрегіне жетуі. Мәдениет осылайша ресми шараның шеңберінен шығып, адамдардың күнделікті өміріне жақындай түседі.

Кеш соңында фестивальге қатысушылар мен көрермендер бірге «Атамекен» патриоттық әнін орындады. Бұл сәт бүкіл шараның мазмұнын бір арнаға тоғыстырғандай болды. Әр дауыс әрқилы естілгенімен, әннің мәні ортақ еді. Өйткені Атамекен — адамның туған жері ғана емес, өмірі мен үміті байланысқан, болашағын елестететін қасиетті мекені.

Қазақстанды ортақ Отаным деп білетін әр азаматтың ел тыныштығы мен өркендеуіне қосар үлесі бар. Сол жауапкершілік туған жерді сүюден, мемлекеттік тілді құрметтеуден, қазақ халқының тарихы мен мәдениетін танудан көрінеді. Ал өзара сыйластыққа негізделген осындай қарым-қатынас ел бірлігін бекемдей түседі.

Көкшетаудағы «Халық жаны — әнде» фестивалі қазақ мәдениетінің төңірегіне ұйысудың әдемі үлгісін көрсетті. Бірі қазақ тілінде ән шырқады, бірі ықыласпен тыңдады, ал кеш соңында барлығы «Атамекенге» қосылды. Осы бір көріністің өзі-ақ көп нәрсені аңғартты: ортақ Отанның қадірін сезіну үшін адамдардың бірдей болуы шарт емес. Ең бастысы — бір-бірін құрметтеп, ортақ құндылықтарды бірге қастерлей білу.

Ән аяқталды. Бірақ қазақ әніне деген ықылас пен ортақ Отанға деген сүйіспеншіліктің үні жүректерде жалғаса бермек. Өйткені елді жақындастыратын күш — бір-біріне ұқсау емес, бір шаңырақ астында бірін-бірі бағалай білу.

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз