Соңғы аптада әлеуметтік желілерде екі қырғыз қызының қазақ халқын, қазақтың соңғы ханы Кенесарыны қорлаған сөздеріне қатысты пікірлер көп айтылуда. Пан Василии атымен танымал украиналық блогер Василии Гончар жүргізген чат рулетте Еуразия университетінде білім алмасу тәжірибесінен өтіп жүрген Бішкек университетінің екі студент қызы қазақтарға қатысты теріс пікір білдіреді.
Қазақтар жаңа пайда болған, ал қырғыздар ежелден келе жатқан ұлт, дей келе олар қазақтың ханы Кенесарының өліміне қатысты «Біздер көшпенділердің дәстүріне сай жауымызды қорлау үшін өлтірген соң басына шарап құйып ішеміз» дейді. Ресей отаршылдығына қарсы күресіп, өмірін қиған Кенесары хан қазақ халқы үшін күрескер батыр екендігінен мүлдем бейхабар қырғыз елінің білдей бір университетінің студенттері Кенесары атындағы үлкен даңғылы, ханның еңселі ескерткіші орнатылған Астана қаласында оқып жатып ханды қырғыз халқының жауы деп айтуы және оны қорлау үшін басына шарап құйып ішеміз деуі ақылға сиымсыз шаруа. Бұндай сөзді ауылда мал бағып жүрген оқымаған надан малшы айтса түсінуге болар, ал Қырғызыстанның басты оқу орны саналатын Бішкек университетінің студенттерінің айтқаны еріксіз ойға қалдырады.
Жасыратыны жоқ, кеңес заманында ағайынды бауырлас халықтар аталып, сыйластықтарына сызат түспеген қазақ-қырғыз халқының ара қатынасы соңғы жылдарда шиеленісіп барады. Бірнеше жыл бұрын Астанада өткен Көшпенділер ойындарының спартакиадасында қазақ көкпаршыларының жеңісі әділетсіз болды деп қатты реніш білдірген қырғыздар жеңімпаздарды марапаттау кезінде қазақ әнұраны ойнала бастағанда оны тыңдамай қыр көрсетіп шығып кеткен еді. Ал одан кейінгі Бішкекте өткен спартакиадаға, тіпті қазақтарды шақырмай, қатыстырмағаны бар. Биылғы жылы Бішкекте өткен Көшпелі халықтарының спартакиадасында 32 алтын медальмен бірінші орында тұрған қазақтардың үш бірдей медалін есептемей, көре көзге тізеге салып екінші орынға түсіргені, содан айқай-шу шыққанда ел президенті Жапаровтың араласуымен ғана әупіріммен медальдарды есепке алғаны есімізде.
Әлеуметтік желілерде қазақтарға қатысты қырғыздар тарапынан айтылып жататын теріс пікірлер көбейіп барады. Бір қырғыз жазушысының «қазақтың жері жоқ, олардың қазіргі жерінің жартсы қырғыздыкі, қалған жартсы орыстікі» деп салғанын да естідік. Осындай теріс пікірлердің бәрі өз кезегінде қазақтар тарапының ашу-ызасын туғызып, әлеуметтік желілерде айтыс-тартыстың көбеюіне себеп болуда.
Неге бұрын тату-тәтті өмір кешкен екі ұлттың ара қатынасы уақыт өткен сайын шиеленісіп барады? Бұл мәселенің мәніне тереңірек үңіле қарасаң, оның астарындағы екі ғасыр бұрын қырғыз манаптарын азғырып айдап салып, солардың қолымен Кенесарыны өлтірткен Ресейдің «бөліп ал да, билей бер» деген зымиян саясатының салқынының жатқанын анық аңғарасың. Ақшаға сатылған қырғыз блогерлері қазақтарға қатысты неше түрлі ойдан шығарылған теріс пікірлерді таратуда. Ал тәулік бойына үзіліссіз жұмыс істейтін «Баткен-24» деген телеарна қырғыз ұлтшылдығын қоздыратын не түрлі хабарларды үзбей береді.
Ал енді сондай хабарларға қарасаң, ресейлік ақпараттық технологияның қолтаңбасы көзге ұрып анық сезіліп тұрады. Ресейдің өзінде жүргізілетін «Россия сила, Россия мощь, мы можем повтарить» деген сияқты әсіре ұрандармен халықтың санасын улайтын, ұлтшылдық, нәсілшілдікті қоздыратын ақпараттық тәсілдер қырғыз елінде де айна қатесіз қайталанып жатқан сияқты. Оның нәтижесі қазір анық аңғарылуда. Жоғарыда айтылған Қазақстанда білім алып жатқан екі қырғыз қызының қазақтарға қатысты естір құлаққа ерсі қорлау сөздері осынының нақты мысалы бола алады.
Әлеуметтік желілерде қырғыз блогерлерінің өз ұлтын әсіре мадақтайтын видеолары көп кездеседі. Ешқандай ғылыми негізделмеген, шала сауатты жазушы, ғалымсымақтармен болатын сұхбаттарда мыңдаған жылдық тарихы бар ежелгі қырғыз империясы туралы әфсаналар тілге тиек болады. Олардың айтуынша, қырғыз империясы әлемдегі ең ежелгі және ең қуатты империя болған. Шыңғыс хан да, оның ұрпағы құрған Алтын Орда да – бәрі қырғыздікі. Өздерін осылай аспанға көтерген блогерлер қазақтарды барынша тұқыртып, іске алғысыз етіп тастайды. Қазақ деген ұлт емес, олар қырық рудан жиналған, үш-төрт ғасыр бұрын ғана пайда болған және қазіргі қазақ жері түгелдей қырғыздікі, дейді.
Бұндай әңгімені өздерін жазушы, ғалым деп таныстыратын біреулер ауыздарының сулары құри отырып әңгімелейді және әлдебір ғылыми деректерді ауызға алып қояды. Сондай әңгімелерді күнде тыңдаған адамның көп ұзамай оған сеніп, санасының өзгерері анық. Қазақ халқы жақында ғана пайда болған, Кенесары ханның басына шарап құйып ішеміз деген студент қыздардың сөзі сол блогерлер санаға құйып жатқан ақпараттың әсері екендігі анық.
«Ауруын жасырған өледі» дейді қазақ. Аурудың алдын алмаса, ол ертең үлкен қауіп төндіретіні белгілі. Ресей пропогандасының ықпалымен ақшаға сатылған блогерлер мен журналистердің жасап жатқан бүгінгі бүлдіргі істері қазірдің өзінде жемісін бере бастаған жайы бар. Сондайларды тыңдап, санасы уланған Бішкек университетінің екі студент қызы қазақ құқық қорғаушыларының қысымымен халықтан кешірім сұрады. Бірақ та, сүйектен өтер қатты сөз айтқан оларды қарапайым халық кешірім беруге болмайды деп өз пікірлерін білдіруде. Әлеуметтік желілерде жарияланып жатқан осы оқиғаға қатысты пікірлерді оқысаң, қазақтар тарапының қатты ашу-ызаға бой алдырғаны көрінеді. Сүйектен өтер сондай қорлау сөздері үшін екі қыз жазаларын алсын деп жатқандар көп.
Бішкек университеті әріптестік байланыстағы Еуроазия университетінен, қазақ халқынан кешірім сұрап, студент қыздардың оқуда қалу-қалмау мәселесінің қаралып жатқанын хабарлады. Міне, осылайша, сатқын блогерлердің арандатуына түскендердің алғашқылары сол қателіктерінен зардап шеге бастаған жайы бар.
Екі ғасырдан астам уақыт Ресей патшасының, жетпіс жыл КСРО аталған қызыл империяның боданында болып, енді ғана тәуелсіздік алып еңсе көтере бастаған біздерге қазір сол тәуелсіздігімізді сақтау, егемен ел ретінде замана көшінен қалмай даму қажет. Атауын ғана өзгерткен бұрыңғы КСРО мен патшалық Ресейдің мұрагері Ресей федерациясы тәуелсіздік алған республикаларды кері қайтару, КСРО, сәті түссе патшалық Ресей империясын қайта қалпына келтіруді мақсат етіп отыр және оларын жасырмай ұрандатып айтып та жатыр. Міне, осындай жағдайда көрші елдермен тату болып, ел тыныштығын сақтау, халықтың тұрмыс жағдайын жақсартып, экономиканы көтеру басты міндет болып табылады.
Түркістан деген атау алған Орта Азия республикалары соңғы жылдарда өзара ынтымақтастық қатынасты нығайтуда. Бұның өзі іргедегі жерімізге, елімізге көз алартқан алпауыт империяның аранына қайта түспеудің шарасы екені түсінікті. Осындай жағдайда ресейлік ұйымдардың айтақтауымен қазақтарға қарсы ақпарат майданын ашып, халықтың санасын улап жатқан блогерлер мен журналистердің әрекетіне тиым салу маңызды мәселе.
Қазақстанның ішінде де ресейліктердің арандатуымен өз еліне қарсы әрекеттер жасайтын блогерлер мен саясаткерлер бар екендігі жасырын емес. Ресей мүддесіне қызмет етті деген айыппен бірнеше лауазымды тұлғалардың сотталғаны белгілі. Бұның өзі Ресей тарапынан елімізге қарсы теріс әрекеттердің жасалып жатқанын айғақтайды.
Ақпарат саласында да қазақ еліне қарсы көрші ел тарапынан қаржыландырылып, теріс ақпарат таратып жүрген блогерлер аз емес. Ресейге қосылуды ашық насихаттаған Ермек Тайчибеков деген азамат сотталып, жазасын өтеп жатыр. Өткен жылы сондай әрекеті үшін Аслан Төлегенов деген біреу сотталды. Таяуда осындай айыппен Анастасия Ахметова мен Эльвира Ваис деген блогерлер қамауға алынды. Осылайша, біздің елімізде Ресей тарапынан жасалып жатқан қаскүнем әрекеттерге қарсы күрес жүріп жатыр. Ал өкінішке орай, көрші қырғыз елінде бұндай әрекет мүлдем байқалмайды. Соның салдарынан ақшағы қызмет ететін блогерлер өздерінің бүлдіргіш теріс насихаттарын емін-еркін жүргізуде.
Татулықты сақтау үшін екі тарап та соған мүдделі болып, тиісті әрекеттерді жасауы қажет. Қазір өкініштісі, қазақ елі тарапынан ғана еларалық татулық мәселесіне қатысты шаралар жасалып, қырғыз тарапы бұл істен сырт қалған сияқты. Бүгінде мына нәрсе анық байқалып отыр: қазақ халқына қарсы агрессиялық әрекеттер негізінен біржақты – қырғыздар тарапынан жасалып, ол уақыт өткен сайын өршіп бара жатқан түрі бар.
Осыдан біраз уақыт бұрын Қазақстанның туын аяғының астына салып таптап қорлаған қырғыз жігітінің видеосы таралды. Сондай-ақ, қазақтың көк байрағын атына жабу етіп жапқан қырғыз баласының видеосы да қазақтар тарапынан ашу-ызамен қабылданды. Ал қазақ ұлтын, мемлекетін қорлайтын сөздер айтып жатқан видеолар, тіпті көп. Бұлардың бәрі әзірге тек қарапайым халық тарапынан ғана назарға алынып, қазақ қауымы өз наразылықтарын әлеуметтік желілер арқылы білдіруде.
Егер бұл әрекеттерге қырғыз елінің билігі назар аударып, оған тосқауыл қоятын нақты шаралар жасамаса, оның ақыры үлкен дау-дамайға айналуы әбден мүмкін. Жоғарыда айтылған екі қырғыз қызының оқиғасы осының айқын дәлелі бола алады. Қазақ қауымы тарапынан оған қатысты айтылып жатқан пікірлер өте көп және көпшілігі қаршадай қыздарды кешіру емес, қатаң жазалауды талап етуде. Өйткені, бұл бірінші рет болып отырған арандату емес. Қырғыз бауырлардың тарапынан жасалып жатқан мұндай арандатулар көбейген сайын, қазақтардың ашу-ызасы да арта түсуде. Оның ақырының жақсылыққа ұрындырмасы белгілі. Сондықтан қырғыз билігі тарапынан бұл мәселе назарға алынып, өз ішіндегі арандатушыларды тыю шаралары қолға алынуы қажет.
Қалкөз Жүсіп.







