Басты бетЖаңалықтарҚарияның қадірі кресломен өлшенбеуі керек

Қарияның қадірі кресломен өлшенбеуі керек

Сондай-ақ, оқыңыз...

Қазір елімізде Ұлттық құрылтай депутаттарының сайлауына байланысты үгіт-насихат науқаны қызған шақ. Партиялар елдің болашағы туралы айтып жатыр. Мінберлерден жастар саясаты туралы әдемі сөздер айтылып, жаңа Қазақстанды құру туралы уәделер берілуде.

Бірақ осы науқан кезінде ешкім көтергісі келмейтін бір мәселе бар.

Ол – жұмыссыз жүрген жастар мен қызметтен кеткісі келмейтін зейнеткер басшылардың мәселесі.

Бізде бір қызық түсінік қалыптасқан. Қызметке уақытша міндет ретінде емес, өмір бойына берілген артықшылық ретінде қарайтындар көбейіп барады. Сондықтан болар, жасы жетпіске жеткен, тіпті сексенге аяқ басқан кейбір азаматтар әлі күнге дейін лауазымынан айырылғысы келмейді.

Ең өкініштісі, бұл мәселе туралы саяси партиялардың ешқайсысы ашық айтпайды.

Керісінше, кейбір беделді партиялар әлгі қарт басшыларды өз қатарына қосып, үгіт-насихат жұмыстарының алдыңғы шебіне шығарып жүр.

Бұл ненің белгісі?

Кадр тапшылығының белгісі ме?

Әлде жастарға деген сенімсіздіктің көрінісі ме?

Бүгінде мыңдаған жас маман жұмыс іздеп жүр. Олардың арасында шетелде білім алғандар да, жаңа технологияны меңгергендер де, заман талабына бейімделгендер де бар.

Бірақ олардың жолын кім бөгеп отыр?

Бұл сұраққа жауап іздеу үшін алысқа барудың қажеті жоқ.

Кейбір мекемелерге кіріп көріңіз.

Онда ондаған жыл бойы өзгермеген басшыларды көресіз.

Бір кабинеттің иесі бірнеше буынның ауысқанын көрсе де, өзі орнынан қозғалмайды.

Сол кезде еріксіз: «Бұл орын мемлекеттік қызмет пе, әлде мұраға қалатын меншік пе?» деген сұрақ туындайды.

Одан да сорақысы, кейбір басшылардың балалары жемқорлық дауларына ілігіп, тергеуге тартылып жатса да, олар мансаптан бас тартуға асықпайды.

Қоғам алдында ұялу деген ұғым қайда қалды?

Ар-ұят деген қасиет қайда кетті?

Бұрынғы қазақ қоғамында ақсақалдың бір ауыз сөзі бүтін бір елге үлгі болатын. Ал бүгінгі қоғамда кейбір үлкендердің әрекеті жастарға қандай өнеге көрсетіп жүр?

Қызметке деген құмарлық кейде адамды шектен тыс ашкөздікке жетелейді.

Өйткені мәселе жалақыда емес.

Мәселе билікте.

Мәселе ықпалда.

Мәселе мансаптан айырылғысы келмеуде.

Ал сол кезде жастардың тағдыры екінші орынға ысырылып қалады.

Біз жастарға: «Білім алыңдар, еңбек етіңдер, ізденіңдер», – деп айтамыз.

Бірақ олардың алдына есігі жабық жүйені ұсынамыз.

Біз оларға бәсекелестік туралы айтамыз.

Бірақ оларды жетпіс-сексен жастағы басшылармен бәсекелес болуға мәжбүрлейміз.

Бұл әділетті ме?

Әрине, адамның жасы ұлғайған сайын оның тәжірибесі де артады. Оған ешкім қарсы емес.

Бірақ тәжірибе мен мансапқұмарлықты шатастыруға болмайды.

Қазақтың танымында қарияның орны қашанда төрде болған.

Қарияның міндеті – ұрпақ тәрбиесімен айналысу, ақыл айту, өнеге көрсету.

Өкінішке қарай, бүгінде кейбір қариялар немересіне ертегі айтудың орнына, қызметтік кабинеттің есігін күзетіп отырғандай әсер қалдырады.

Бұл – жеке адамның ғана мәселесі емес.

Бұл – қоғамның дерті.

Ал бұл дерттен қашан арыламыз?

Мүмкін, қызметті уақытша аманат ретінде қабылдағанда құтылармыз.

Мүмкін, өз орнын уақытында босатуды мәдениет деп түсінгенде құтылармыз.

Мүмкін, жастарға шынайы мүмкіндік бергенде құтылармыз.

Өйткені ұлттың болашағы өткеннің тәжірибесі мен жастың жігері қатар жүргенде ғана қалыптасады.

Ал бір буын орын бермесе, екінші буынның қанаты ешқашан қатаймайды.

Қарияны құрметтеу керек.

Бірақ құрмет дегеніміз – қызметте мәңгі қалу емес.

Қарияның қадірі оның креслосында емес.

Қарияның қадірі – артында қалған ұрпағында.

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз