Көкшетау төрінде Ұлттық домбыра күні кең көлемде аталып өтті. «Жаңа жағалау» аумағын думанға бөлеген мерекелік шаралар ұлттық рухты асқақтатып, күй күмбірін көкке өрлетті.
Мерекелік бағдарлама мәдениет ошақтары ұйымдастырған мазмұнды көрмелер мен танымдық алаңдардан бастау алды. Келушілер қазақтың сан ғасырлық рухани мұрасымен қауышып, дәстүрлі өнердің терең тамырына бойлады. «Көне домбыра» көрмесі өткеннің үнін бүгінге жеткізсе, «Музейге жәдігер сыйла» акциясы ұлттық құндылықтарды ұлықтаудың жарқын көрінісіне айналды.

Аймақ жұртшылығын мерекемен құттықтаған Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев домбыраның ұлт өміріндегі айрықша орнын айшықтай түсті. Оның айтуынша, биылғы мерекенің тарихи мәні терең. Ұлттық домбыра күні мен Астана күнінің жаңа Конституцияның күшіне енуімен тұспа-тұс келуі – елдің құқықтық негіздері мен рухани құндылықтарының сабақтастығын айғақтайтын маңызды кезең.
«Қазақ пен домбыра – егіз ұғым. Домбыра – халқымыздың жаны, ұлттың үні. Ол – тарихтың шежіресі, тағдырдың таразысы. Осындай асыл мұраны көздің қарашығындай сақтау – баршамызға аманат», – деді ол.
Кештің шырайын ашқан басты оқиға – тұңғыш рет ұйымдастырылған «Көкше – өнер маржандары» дәстүрлі өнер фестивалі болды. Сахна төрінде К. Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі, дәстүрлі әншілер мен күйшілер өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Күй күмбірі мен қоңыр әуен Көкшенің көгілдір аспанында қалықтап, ұлттық өнердің мәңгілік екенін тағы бір дәлелдеді.
Биылғы мерекенің тағы бір айрықша сипаты – әлеуметтік желілерде кең қолдау тапқан #DombyraKuni республикалық челленджі. Оған өңірдің танымал тұлғалары, мәдениет майталмандары мен жас өнерпаздар белсене қатысып, күй тартып, халық әндерін шырқап, ұлттық өнерге деген құрметін паш етті.
Көкшетауда өткен бұл мереке – тек бір күндік думан емес, ұлттың рухын жаңғыртқан, өткен мен бүгінді жалғаған тағылымды шара болды. Домбыра үні – дала үні. Ал дала үні ешқашан өшпейді.







