Көкшетауда көрнекті қоғам қайраткері, меценат Ерұлан Қанапьяновпен шығармашылық зиялы қауым өкілдерінің кездесуі өтті. Тағылымды жиын қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасы Олжас Сүлейменовтің 90 жылдығына арналды.
«Қоғамдық келісім» КММ алаңында өткен басқосуға өңірдің қаламгерлері, мәдениет қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Кездесуді Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, еңбек сіңірген ұстаз Әлия Ахетова жүргізді.
Іс-шара барысында Көкшетау қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев, Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, қоғам қайраткері Мұрат қажы Ыдырысұлы сөз сөйлеп, мерейтойлық датаның маңызына тоқталды. Олар Олжас Сүлейменовтің ұлттық руханият пен қоғамдық ой-санадағы айрықша орнына ерекше назар аударды.
Кездесудің негізгі бөлігінде қоғам қайраткері, композитор әрі меценат Ерұлан Қанапьянов сөз алып, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің дамуына қатысты ой-пікірін ортаға салды. Сондай-ақ Олжас Сүлейменовтің шығармашылық мұрасы мен тарихи рөлі кеңінен сөз болды.
Жиын барысында Әлия Ахетова мен жазушы Рена Жұмановаға Еуразиялық мәдениет қорының «Мәдениет қайраткері» медалі мен Құрмет дипломы табысталды. Марапатты Ерулан Қанапьянов салтанатты түрде табыс етті.
Кездесу еркін пікір алмасуға ұласып, қатысушылар мәдениет пен руханият мәселелері төңірегінде өз ұсыныс-тілектерін білдірді. Іс-шара соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, мазмұнды жиын өз мәресіне жетті.







