10 маусымнан бастап Қазақстанда жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға және жол инфрақұрылымы элементтерін нормативтік талаптарға сәйкестендіруге бағытталған жол белгілері айлығы басталды. Осыған орай қазіргі уақытта «Жол активтері сапасының Ұлттық Орталығы» РМК Ақмола облысы бойынша филиалы жол белгілеріне тексеру жұмыстарын жүргізуде.
Филиал республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында орнатылған барлық жол белгілеріне кешенді тексеру жүргізуде. Тексеру барысында олардың дұрыс орналастырылуына, техникалық жай-күйіне, көріну және оқылу деңгейіне, сондай-ақ жол қозғалысын ұйымдастырудың қолданыстағы сызбасына сәйкестігіне ерекше назар аударылады. Жалпы алғанда, тексеру жұмыстары 10 500 жол белгісін қамтиды.
Сонымен қатар, жөндеу жұмыстары аяқталған жол учаскелері де жеке тексерілетін болады. Өйткені мұндай жерлерде уақытша немесе ескірген жол белгілері, оның ішінде қозғалыс жылдамдығын шектейтін белгілер сақталуы мүмкін. Тексеру барысында сәйкессіздіктер анықталған жағдайда, мұндай белгілер алынып тасталып немесе өзекті белгілермен ауыстырылады.
Тексеру аясында жол белгілерінің тәуліктің қараңғы уақытындағы көріну деңгейі, жарық шағылыстырғыш элементтердің болуы, сондай-ақ олардың жол жағдайларын ескере отырып дұрыс орнатылуы да бағаланады.
Жалпы, Ақмола облысындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында Жол қауіпсіздігі жөніндегі кешенді мақсатты бағдарлама аясында 1 275 жол белгісі орнатылған. Жол қауіпсіздігі элементтерін орнату және күтіп-ұстау жұмыстарын «ҚАЖсервис» ЖШС Ақмола облыстық филиалы жүзеге асырады.
Аталған шаралар жол белгілерінің жай-күйін жүйелі түрде зерделеуге, сондай-ақ республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы барлық жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.







