Ақмола облысында өскелең ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «Қауіпсіз демалыс» атты профилактикалық акция өтті. Жазғы демалысын «Звездный» балалар сауықтыру лагерінде өткізіп жатқан 100-ден астам жасөспіріммен ұйымдастырылған кездесу мазмұнды әрі тағылымды сипат алды.
Іс-шара «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында ұйымдастырылып, балалардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға бағытталды. Полицейлер дәстүрлі дәріс форматынан бас тартып, ашық диалог алаңын құрып, жасөспірімдердің көкейіндегі сауалдарға нақты жауап берді.
Кездесуді есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Разия Курсанова ашып, өңірде жүргізіліп жатқан есірткіге қарсы айлық туралы кеңінен баяндады. Ол өз сөзінде жастар арасында кең таралып келе жатқан қауіпті үрдістерге тоқталып, психоактивті заттардың адам денсаулығына, психикасына және болашағына тигізер зиянын нақты мысалдармен түсіндірді.
Әсіресе, интернет пен әлеуметтік желілер арқылы жасөспірімдерді заңсыз әрекеттерге тарту тәсілдеріне ерекше назар аударылды. Тәртіп сақшылары балаларды сақтыққа шақырып, «оңай табыс» туралы күмәнді ұсыныстарға алданбаудың маңызын атап өтті.
Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың әкімшілік және қылмыстық жауапкершілігі мәселелері қозғалып, түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз сыртта жүрудің салдары түсіндірілді. Ұсақ бұзақылық, алкоголь тұтыну секілді құқық бұзушылықтардың зардаптары нақты мысалдармен жеткізілді.
Патрульдік полиция қызметкерлері жол қауіпсіздігі тақырыбын кеңінен қозғап, велосипед, электр самокат және өзге де екі доңғалақты көлік құралдарын пайдалану ережелерін егжей-тегжейлі түсіндірді. Реттеушінің негізгі қимылдары көрсетіліп, олардың мағынасы тәжірибелік тұрғыда баяндалды.
Кездесу барысында кибербуллинг, интернеттегі қауіпсіздік және «дропперлік» сияқты жаңа қауіптер де назардан тыс қалмады. Жасөспірімдерге цифрлық кеңістіктегі құқықтық жауапкершілік жайы түсіндірілді.
Іс-шара соңында белсенді қатысушылар естелік сыйлықтармен марапатталып, балаларға ақпараттық материалдар таратылды. Спорттық жарыстар мен танымдық викториналар акцияның мазмұнын жандандыра түсті.
«Қауіпсіз демалыс» акциясы – тек бір реттік кездесу емес, ол жас ұрпақтың санасына қауіпсіздік пен жауапкершілік ұғымдарын сіңіруге бағытталған жүйелі жұмыстың бір көрінісі. Осындай тағылымды шаралар арқылы қоғам мен құқық қорғау органдарының өзара байланысы нығайып, қауіпсіз болашақтың берік іргесі қалана түспек.







