Басты бетЖаңалықтарСуррогат ана: сот жауапкершілік шегін айқындады

Суррогат ана: сот жауапкершілік шегін айқындады

Сондай-ақ, оқыңыз...

Ақмола облыстық сотының сот алқасы ерлі-зайыптылар Е.-нің суррогат ана болуға келіскен азаматша Д.-ға қатысты материалдық шығын мен моральдық зиянды өндіру туралы азаматтық ісін қарады.

Іс материалдарына сүйенсек, 2024 жылы тараптар арасында суррогат ана туралы шарт жасалып, онда екі рет ұрықтандыру әрекетін жүргізу көзделген. Алғашқы әрекет сәтсіз аяқталып, эмбрион жатырда бекімеген. 2024 жылдың желтоқсанынан 2025 жылдың ақпанына дейін ерлі-зайыптылар Д.-ның дайындық және медициналық шығындары үшін 500 мың теңгеден астам қаражат аударған.

Алайда 2025 жылдың наурыз айына жоспарланған екінші әрекет Д.-ның келмеуіне байланысты жүзеге аспаған. Ал сәуір айында ерлі-зайыптылар «Астана Эколайф» ЖШС-не эмбрионды сақтауды тоқтату туралы өтініш берген.

Осыған байланысты талап қоюшылар жауапкер шарт міндеттемелерін орындамағанын алға тартып, жұмсалған қаражатты және моральдық зиянды өндіріп беруді сұраған.

Бірінші сатыдағы сот талапты ішінара қанағаттандырып, Д.-дан 550 мың теңге, сондай-ақ тексерулерге, дәрі-дәрмекке және жол шығындарына кеткен қаражатты өндіру туралы шешім шығарды. Сонымен қатар 500 мың теңге көлемінде моральдық зиян өтемі белгіленген.

Сот бұл ретте материалдық шығындардың негізді екенін атап өтті. Атап айтқанда:
– аударылған қаражат екінші әрекетке де қатысты болған;
– 550 мың теңге жүктілік кезеңіне арналған тамақтануға берілгенімен, жүктілік болмаған;
– екінші рәсім жауапкердің кінәсінен жүзеге аспаған;
– жауапкер ұсынған медициналық қорытындылар шартта көрсетілмеген ұйымдардан алынған және қаражат толық алынғаннан кейін ұсынылған.

Дегенмен, істі қайта қараған сот алқасы моральдық зиянды өндіру бөлігінде өзге қорытындыға келді.

Атап өтілгендей, шартта эмбрионды сақтау мәселесі қарастырылмаған, сондықтан жауапкер оның сақталуына жауапты емес. Эмбрионды сақтау ерлі-зайыптылар мен медициналық ұйым арасындағы жеке шарт негізінде жүзеге асырылған. Ал оны жою туралы шешім талап қоюшылардың өз бастамасымен қабылданған. Бұл шешімнің жауапкер әрекеттерінің салдары екені дәлелденбеген.

Осылайша, сот алқасы талап қоюшылардың тек мүліктік құқықтары бұзылғанын, ал моральдық зиян өндіруге негіз жоқ екенін атап өтті.

Облыстық сот алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгертіліп, моральдық зиянды өндіру бөлігі жойылды. Қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылды.

Қаулы заңды күшіне енді.

Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз