Ақкөл қаласында тұрғын үй салуға арналған жер телімі іс жүзінде құрылыс материалдарын сақтайтын қоймаға айналған.
Ақкөл аудандық соты азаматша Р.-ға қатысты істі қарады. Құжат бойынша жер телімі тұрғын үйге қызмет көрсетуге арналған. Алайда онда үй салу емес, құм, саз және қиыршық тас сату ұйымдастырылған.
Тексеру жүргізген Жер ресурстарын басқару департаменті бұл жерде құрылысқа қажетті сәулет-жоспарлау тапсырмасы да, эскиздік жоба да жоқ екенін анықтаған. Ал 2022 жылдан бері әлеуметтік желілерде дәл осы жерден құрылыс материалдарын сату туралы хабарландырулар жарияланып келген.
Сотта жер қатынастары бөлімінің өкілі: учаскеде тұрғын үй жоқ екенін, аумақтың қойма ретінде пайдаланылып жатқанын, қоршауда сату туралы жарнама ілінгенін растады.
Сот қорытындысы – жер телімі нысаналы мақсатына сай пайдаланылмаған. Бұл – Жер кодексінің талабы бұзылғанын білдіреді. Іс ӘҚБтК-нің 339-бабы 1-бөлігі бойынша қаралды.
Шешім – 5 АЕК көлемінде айыппұл.
Сома аз. Бірақ мәселе үлкен: қағаз жүзінде «үй салу», ал іс жүзінде – бизнес.








