Ақмола облысының Степногор қаласында орнатылған жаңажылдық ертегі қалашығы тұрғындардың көңілін көтеруден гөрі, күлкі мен күмән тудырғандай. Қала орталығындағы Аяз ата мен Ақшақар мүсіндері мерекелік көңіл күйден бұрын, көркемдік талғам жөнінде ойландырды, деп хабарлайды Esilnews.kz тілшісі Halyqstan Telegram-арнасына сілтеме жасап.
Жергілікті жұрттың айтуынша, кейіпкерлердің кескіні тым дөрекі, ал өзге ертегі бейнелері бір композицияға кездейсоқ жиналғандай әсер қалдырады. Әлеуметтік желіде тараған суреттер мен видеолар бұл безендіруді бірден қызу талқыға салды.
Көпшіліктің түсінбей отырғаны – мерекелік қалашыққа 10 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалғаны жөніндегі ақпарат. Қомақты қаражатқа жасалған жұмыс пен оның сапасы арасындағы алшақтық тұрғындардың орынды сауалын көбейтті.
Дегенмен, бұл жаңажылдық безендірудің өзіндік «артықшылығы» да бар. Көрген жанның есінде қалатын ерекше кейіптегі Ақшақарды басқа қаладағы мерекелік мүсіндермен шатастыру мүмкін емес.
Соған қарамастан, степногорлықтар бұл көріністі сыннан гөрі әзілге айналдырып, «брутальды» Ақшақардың жанында естелік суретке түсуге асығып жүр.






