Ақмола облысының полицейлері құжаттарды қолдан жасау дерегі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр, деп хабарлайды Esilnews.kz тілшісі облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға Сандықтау ауданында болған. 8 қазанда аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғынның орталық аудандық ауруханаға жалған сертификат ұсынғаны туралы ақпарат түскен. Ол құжатта ер адамның «Мейіргер ісі» мамандығы бойынша «КТ және МРТ аппараттарында рентген-лаборанттың жұмысы» атты 120 сағаттық онлайн курсты аяқтағаны көрсетілген. Сертификат бір ғылыми орталықтың атынан берілген болып шыққан.
Тексеру кезінде құжаттың түпнұсқалығы күмән тудырған. Қазір сараптамалар тағайындалды. Нәтижесіне қарай процессуалдық шешім қабылданады.
Полицияның мәліметінше, жыл басынан бері Ақмола облысында 30 жалған құжат фактісі тіркелген. Құқық қорғау органдары мұндай құқықбұзушылықтардың алдын алу және әшкерелеу бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.
«Құжаттарды қолдан жасау немесе жалған құжатты ресми түрде ұсыну — жай ғана тәртіп бұзушылық емес, бұл қылмыстық жауапкершілік қарастырылған ауыр құқықбұзушылық», — делінген полиция хабарламасында.
Заң бойынша мұндай әрекет үшін Қылмыстық кодекстің 385-бабы бойынша айыппұл салу, түзету жұмыстары немесе бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.