1.2 C
Kokshetau
Басты бетЖаңалықтарСотталды, бірақ мәселе шешілмеді: атбасарлықтар жаңа үйдің сапасына шағымдануда

Сотталды, бірақ мәселе шешілмеді: атбасарлықтар жаңа үйдің сапасына шағымдануда

Сондай-ақ, оқыңыз...

Атбасарда су тасқынынан зардап шеккендерге арналып салынуы тиіс тұрғын үй құрылысы мемлекет қаржысының қалай мақсатсыз жұмсалып, сапасыз жобаларға айналғанының ащы мысалына айналды, деп хабарлайды Esilnews.kz тілшісі.

2017 жылғы тасқын салдарынан 400-ге жуық үйді су басып, 1400-ден астам адам эвакуацияланған еді. Осыған байланысты Үкімет қаулысымен 4,2 млрд теңге бөлініп, екі көпқабатты үй тұрғызылуы тиіс болатын. Салынып біту мерзімі – 2022 жылдың қыркүйегі.

Алайда күткен нәтиже бермеді: мерзімі кешіккен нысандар, сапасыз құрылыс және қомақты қаржының қолды болуына жол берілді.

Соттағы іс

2025 жылғы 5 маусымда Атбасар аудандық соты аудандық құрылыс бөлімінің басшысын және «Престиж Строй 7» мен «Фундаменталь» компанияларының жетекшілерін кінәлі деп таныды.

Олар аса ірі көлемде қаражат жымқырғаны үшін (ҚК 189-бабы) және оны заңдастырғаны үшін (ҚК 218-бабы) сотталды.

Жымқырылған сома — 300 миллион теңгеден астам.

Алайда халықтың тартқан зардабы одан да ауыр.

Қағазда – үй, халық көзімен – қора

Құрылыс жұмысын жалғастырған «Medina Building» компаниясы 2024 жылдың қыркүйегінде үйлерді пайдалануға бергенімен, шынайы жағдай мүлде бөлек болып шықты.

Тұрғындар қоныстанған баспаналарда:

  • қабырғалары көгеріп, сыз тартқан;
  • іргетаста жарықтар пайда болған;
  • жылу жүйесі жұмыс істемейді;
  • канализация орталық жүйеге қосылмаған;
  • электр желілерінде өрескел ақаулар анықталған.

Соған қарамастан, нысанды қабылдау актісіне қол қойылған. Бұл жайттың өзі қызметтік өкілеттікті теріс пайдалану мен жалған құжат жасауға ұқсайтыны жасырын емес.

Жауапсыздық пен үнсіздік

Мәселенің түйіні шешілер емес. Мердігер кемшіліктерді жоюдан бас тартса, жергілікті мемлекеттік органдар талап етуге асығар емес. Аудандық әкімдік пен облыстық басқармалар бұл жағдайға көз жұма қарағандай.

Қаражаттың ұрлануы құрылыстың сапасына тікелей әсер еткені анық. Нәтижесінде уәде етілген қауіпсіз пәтерлер орнына қауіпті ғимараттар пайда болды.

Халықтың күткені не?

Атбасардың жүздеген тұрғыны сегіз жылдан бері сапалы тұрғын үйді күтуде. Сот шешімі шықты, кінәлілер жазаланды. Алайда халыққа қажеті – қағаздағы сот үкімі емес, шын мәнінде жайлы да қауіпсіз баспана.

Түйін: Атбасардағы бұл жағдай – мемлекет қаржысының тағдырын бақылаусыз қалдырудың зардабы мен жемқорлықтың ел өміріне қаншалық қауіпті екенін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.

spot_imgspot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз