11.2 C
Kokshetau
Басты бетЖаңалықтарПарламенттің бағасы шарықтап, халықтың үміті үзіліп келеді

Парламенттің бағасы шарықтап, халықтың үміті үзіліп келеді

Сондай-ақ, оқыңыз...

Бір депутатқа 195 миллион теңге жұмсалады. Кей депутаттар бұны азсынып отыр. Ал қарапайым халықтың айлығы – 150 мың теңге шамасында.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жұмысы мен оған бөлінетін шығын көлемі қоғамда жиі сынға ұшырап келеді. Соңғы апталарда бұл сын тіптен үдеді. Бұған депутаттардың өздері себеп болды.

Ресми деректерге сәйкес, 2024 жылы әр депутатқа жылына шамамен 195 миллион теңге қаржы жұмсалған. Бұл – 2015 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда үш есеге жуық көп. Алайда, кейбір халық қалаулылары бұл да жеткіліксіз деген пікірде.

Жалақы 20 миллион теңге болуы керек

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек бір сұхбатында: «Депутаттардың жалақысы айына 20 миллион теңге болуы тиіс», – деген.

Ал оның әріптесі Айдос Сарым: «Көптеген елдерде депутаттарға бөлінетін қаражат әлдеқайда жоғары. Бізде бұл жеткіліксіз», – деді.

Осы мәлімдемелерден кейін әлеуметтік желілер мен тәуелсіз БАҚ-та халықтың депутаттарға деген реніші байқалды. Қазақстандықтардың көпшілігі бұны халықпен санаспау және моральдық көзқарастың жоғалуы деп бағалады.

Халықтың күнкөрісі – статистика емес, шындық

2025 жылдың алғашқы жартысында жарияланған Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес:

Орташа жалақы – шамамен 370 000 теңге

Бірақ көптеген өңірлерде нақты айлық – 150200 мың теңге шамасында

Азық-түлік инфляциясы – аймақтарда 19-22% аралығында

Осы шынайылық аясында депутаттардың миллиардтаған қаржыны азсынып, жалақыны тағы көтеруді сұрауы – қоғамда үлкен түсініспеушілік тудырды.

Заң шығарушы орган не істеп отыр?

2023–2025 жылдар аралығында Парламент негізінен:

Әкімшілік айыппұлдарды көбейту,

Қоғамдық тәртіпті бақылауды күшейту,

Санкциялық шектеулер мен салық көлемін кеңейтуге бағытталған заңдарды қабылдады.

Көптеген бақылаушылар Мәжілістің әлеуметтік жағдайды жақсартатын заңдарды қабылдауда белсенді еместігін айтады. Халық арасында жиі айтылатын проблемалар:

Жолдар нашар, бірақ камералар көп

Жұмыс жоқ, бірақ салық міндетті

ОСМС бар, бірақ дәрігер жоқ

Қылмыс бар, бірақ кінәлі табылмайды

Ұйықтаған депутаттар мен шенеуніктер және популистік мінбер

Жақындағы өткен президент жолдауы кезінде бірнеше депутат пен шенеуніктердің ұйықтап отырғаны түсірілген видеолар желіде кең тарады. Бұған дейін депутат Ардақ Назаров ресми отырыста анасын туған күнімен құттықтағаны да қоғамда теріс реакция тудырған.

Бұның бәрі қоғамда:

«Парламент шын мәнінде халық үшін жұмыс істеп жатыр ма?» деген сұрақ туғызды.

Бірпалаталы Парламент, бірақ депутат саны артуы мүмкін

Айдос Сарымның айтуынша, егер алдағы уақытта Конституцияға өзгерістер енгізіліп, бірпалаталы парламент құрылатын болса, Мәжіліс құрамы 150 адамға дейін ұлғаюы ықтимал.

Бұл ұсынысқа да қоғамда сын айтылды. Палаталар саны қысқарса, депутаттар саны неге артады деген сұрақтар қойылуда.

Түйін

Қазақстан қоғамы күн сайын тұрмыстың қиындығымен бетпе-бет келіп отыр. Ал халық қалаулыларының басты талқылауы – өз жалақысы мен мәртебесі болып отыр. Осындайда Авраам Линкольн айтқандай: «Үкімет халықтан, халық үшін және халықтың күшімен болуы тиіс». Егер Парламент осы қағидатты ұмытса, халық сенімінен айырылуы заңды құбылыс болмақ.

spot_img
- Жарнама -spot_img
Мәселе
- Жарнама -spot_img
Бүкіл мақала

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз