Көкшетаудағы Центральный шағынауданының тұрғындары Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтан көмек сұрамақшы. Бұл туралы редакциямызға аталмыш шағынауданның тұрғындары хабарласып, кезекті жанайғайын жеткізді.
Қалың қамыс пен тау қоқыс
Тұрғындардың айтуынша, Центральный шағынауданында, Абылай хан көшесі мен Ғабдуллин көшелерінің түйісер тұсынан бастап, ескі зират пен Жансая тұрғын үй кешені аралығын көктем мен күз болса су, қысқа болса қар алып қалады. Ал, жазда қуалап өскен қамыс басады. Екі-үш жылда мүлдем шалғы тимеген қамыс биыл жазда жайқалып өскен, бұталардың өзі ну орманға айналуға шақ қалған. Жайқалған қамыс пен бұтаның арасы күл-қоқысқа толған.
– Өсіп тұрған қамыстың биіктігі адам бойынан асады, арасында не жоқ. Тіпті, қаңғыбастар мен маскүнемдер де осы қамыстың ортасын тұрақты мекеніне айналдырып алған. Былтыр осы тұста кәріз құбыры жарылып, нәжіс суы басып қалған еді. Оны тазалған адам жоқ, жерге сіңіп кетті. Орысша айтқанда, «полная антисанитария». Қаланың қақ төрінде осындай салақтықты, жауапсыздықты көргенде көзіңе жас келеді. Әкімдер қайда қарап жүр? Қаланы әбден шашып бітірді. Бұл жерде жол дегенің мүлдем жоқ. Бетін аулақ қылсын, қамыс қураған кезде от тиіп кетсе, мына жерден түк қалмайды, – деп жанайғайын жеткізді қала тұрғыны Саян Кәукебаев.
Құрғақ уәдеге тойдық
– Қала әкімдігіне екі жылдан бері, шулап айтып келеміз. Президент «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құрып жатырмыз деп айтады. Бәрі жалған әңгіме, тұрғындардың жанайғайын құлақтарына да қыстырып жатқан әкім жоқ. Құрғақ уәдені айтып келе жатқанына екі жыл болды, содан бері біреу келіп шөп басын сындырмады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының «алдағы жұмыс жоспарына қосамыз…» деген алдын ала дайындап қойған «дежурный ответы» бар. Сонымен ғана шектеледі. Жаңа әкімнің тағайындалғанына бірнеше ай болды, әлі осы жерге келіп, жағдаймен танысқан жоқ. Округ депутатының кім екенін де білмейміз. Қыстүгіні біреулер осы жерде сырғанайтын «горка» мен мұз айдынын салып, аз да болса қолының ұшын тигізген еді. Қазір оған да рұқсат бермей қойыпты. «Горка»-сы қаңтарылып тұр. Оған балалар шығып ойнайды, өте қауіпті, – деп толықтырды Базарбай Рақымжанов есімді тұрғын.
Балаларымыз үшін қорқамыз
Жауын-шашында көлікпен болмаса, бұл жерде жаяу жүру мүмкін емес. Сол себепті, үйлерінде көлігі жоқ кішкентай балалар осы қамыстың арасымен тура мектепке қатынайды екен.
– Көктем-күз айларында, жаздың жаңбырлы күндері қамыстың арасындағы судың деңгейі көтеріліп жалғыз қара жол батпаққа айналады. Сол себепті, балалар етікпен немесе көлікпен мектепке қатынайды. Кейбір балалар қамыстың арасымен туралатып мектепке барып келеді. Қамыс әрі қараусыз болған соң бұл жерді қаңғыбастар мен маскүнемдер де паналайды. Ал, бұл өз кезегінде балалар үшін өте қауіпті. Абылай хан көшесіне дейін арақашықтық небары 50 метр ғана. Соған жету мұңға айналады. Қаланың қақ ортасында мұндай болады деп кім ойлайды. Осы екі араға асфальт немесе қиыршық тасып төсеп беруге болмай ма?, – деп реншін білдірді қала тұрғыны Досжан Әбікенов.
Жол азабын тартып келеміз
Тұрғындардың айтуынша, қала әкімінен бастап, барлық салалық бөлімдердің басшыларын көкшетаулықтардың жайлы тұрмысы мен түйіткілді мәселесі қызықтырмайтын көрінеді.
– «Шах» дәмханасы арқылы өтетін қара жолда толарсақтан саз кешетініңді әкімдіктегілер білмейді. Бұл жолдан шалғайдағы ауылдың қара жолы анғұрлым артық. Ойдым-ойдым болып тұрған бұл жолдан жаяу адам түгілі ауыр жүк көлігі әрең өтеді. Жердің ойылып қалғандығы соншалықты жеңіл көліктердің асты тіреліп, бампері жұлынып түседі. Қаланың орталығы болса да, таксилер бұл жерге жолай қоймайды. Өйткені, үйге кіріп, шығар көшеміздің сау-тамтығы жоқ. Жолдың шеті тау тау болып үйілген күл-қоқыс, адам бойынан асатын қамыс. Темір тұлпарымыздың түбін қырып, әбден сындырып бітіретін болдық. Апта сайын станцияға барып жөндетеміз. Осыны бір ретке келтіретін адам жоқ па? Қала әкімі мен жауапты салалық бөлім басшылары мен мамандары қайда? Әлде оларды тұрғындардың жайлы тұрмысы мен түйіткілді мәселесінен гөрі астындағы креслосы мен қалың қалтасы ғана қызықтарды ма?», – дейді қала тұрғыны Тәттігүл Ыбыраева.
Еске сала кетейік, алдыңғы жылы қаланың экс-әкімі Бауыржан Ғайса журналистермен өткен брифингте аталмыш аумақта демалыс саябағын ашу жоспарда барын айтқан еді. Ол сөзі сол айтылған жерінде қалды. Аталмыш шағынауданның тұрғындары қала әкімдігіне қалың қамысты шауып, жолды дұрыстау туралы бірнеше рет редакциямыз арқылы жанайғайын жеткізді. Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөліміндегілер бұл мәселені шешеміз деп уәде де берді. Содан бері екі жыл өтті, әлі еш нәтиже жоқ.
Ендігі кезекте, тұрғындар Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтан көмек сұрамақшы, сонда ғана бір нәтиже болатынына үмітті.